Accessibility links

Қазақстан және Өзбекстан: экономиканы мемлекеттің қатаң бақылауында ұстаған жөн бе?


Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Дағдарыс салдарынан Қазақстан басшылығы ел экономикасын басқару стратегиясын өзгертуге мәжбүр болды. Қолданылған шаралар нәтижесінде мемлекеттің реттеуші рөлі айтарлықтай күшейіп, өсу қарқыны бәсеңдеді. Ал Өзбекстанда үкіметтің экономикаға ықпалы азайғаны туралы айтылып отыр.


«ДОЙЧЕ ВЕЛЛЕНІҢ» ТАҢДАНЫСЫН ТУҒЫЗҒАН НӘРСЕ

Өзбекстанның кейбір экономистері бүгінде Қазақстанның ұлттық экономикаға басшылық етудің либералдық үлгісінен бас тартуына дүниежүзілік дағдарыс себеп болды дегенді айтады. «Дойче велле» сайты Өзбекстанда бұған керісінше, белсенді түрде жекешелендіру іс жүзіне асырып жатыр деп жазады.

Өзінің аты-жөнін жария етпеуді өтінген өзбек экономист ғалымы, «екі елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) өсуінің қарқыны 2008 жылға дейін бірдей дерлік деңгейде болды» дейді. Екі ел де өңделмеген табиғи байлықты шетелге үсті-үстіне көптеп сату арқылы осындай көрсеткішке қол жеткізген. Тек, Өзбекстанда табиғи байлық рөлін негізінен алтын, мақта мен табиғи газ атқарған.

Дегенмен де, Қазақстанда тұрғын халықтың тұтынуы экономикалық өсімге үлкен сеп болды. Бұған жергілікті коммерциялық банктерге көптеп несие бөлу арқылы Батыстағы несие берумен айналысатын қаржылық мекемелер қолдау көрсетті, деп атап көрсетеді сайт.

Бұл қауырт экономикалық өсу мезетінде Өзбекстан әлемнен бөлектене, томаға-тұйық қалып қойды. Халықаралық несие және капитал нарығындағы операциялар үшін де бұл елдің қақпасы үнемі жабық болды. Бұған кінәлі ел басшылығының экономика саласындағы бейлибералдық курсы еді. Осы себептен Өзбекстан Қазақстаннан тұрғын халықтың өмір сүру деңгейі мен кірісінің көлемі көрсеткіштері бойынша едәуір артта қалды.

Алайда дүниежүзілік дағдарыс мұндай қарым-қатынастарға бірсыпыра түзетулер енгізді.

Дағдарыстың басынан бастап Қазақстан Республикасындағы ЖІӨ өсімінің қарқыны дағдарыс алдындағы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда төмендеп кетті. Яғни, жылына 8-9 пайызды құраған деңгейден бұл көрсеткіш өткен жылы 1 пайыздың маңына дейін құлдырады.

Көрсеткіштің одан да әрмен құлдырамай, осы 1 пайыздық деңгейдің маңына тұралап қалуы да, халықаралық нарықта мұнай мен кейбір өңделмеген кен түрлерінің бағасының артуының арқасында ғана еді.

Ресми дерек бойынша, дәл осы мезетте Өзбекстан 8 пайыз деңгейіндегі экономиканың өсуіне қол жеткізе алған делінеді. Билік орындары статистика саласы мекемелеріне әдейі түрде «осылай хабарла» деп тапсырма берген күннің өзінде де, Өзбекстан Республикасының экономикасы дағдарыстан азырақ зиян шеккені анық, дегенді айтады әлгі экономист.

Мәселен, өзбек үкіметінің ресми статистикасы былтырғы жылдың әуелгі 9 айында елде өсім көрсеткіші мынадай болды деп отыр: бөлшек саудада – 18 пайыздай, көлік саласында – 13 пайыз, құрылыста – 34 пайыз, негізгі капиталға инвестиция салуда – 28 пайыз. Бұл саланың бәрі тұтынумен байланысты салалар.

Өзбекстандық сарапшы, сонымен қатар, дағдарыс басынан бері Қазақстанда барлық аталған салалардағы көрсеткіштер төмендеді дегенді тілге тиек етеді. Қазақстанда тек инвестиция саласында ғана өсім байқалды, оның өзі шетелдік салымдар, соның ішінде Қытайдан инвестициялар келуінің арқасында ғана мүмкін болған, деп атап көрсетеді сайт.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САҒЫМ

Биылғы жылдың басында құрылған Қазақстан, Беларусь пен Ресей арасындағы кедендік одақ жабық нарық одағы болып табылады, дейді аталған сарапшы. Алдағы жылдарда бұл кедендік одақтың іс-әрекеті Өзбекстан мүддесіне әжептәуір зиян келтіруі ықтимал.

Мысалы, Өзбекстан экономикасының өнеркәсіп саласы бұдан зиян шегуі әбден мүмкін, себебі ол күні бүгінге дейін ТМД елдері нарықтарына жұмыс істеп келген болатын.

Әйтсе де, дейді маман, Қазақстан мен Өзбекстан экономикаларының өзара ұқсастықтары да бар. Олардың екеуі де негізінен экспортқа
Солдан оңға қарай: Ресей премьер-министрі Владимир Путин, Қазақстан үкіметінің жетекшісі Кәрім Мәсімов, Беларус премьері Сергей Сидорский – Кедендік одаққа мүше елдердің үкімет басшыларының отырысында. Санкт-Петербург, 11 желтоқсан 2009 жыл.
жұмыс істейді әрі екеуі де дағдарыс салдарынан дүниежүзілік экономикада сұраныстың азайып кетуінен зардап шегіп отыр.

Сайт, аты аталған сарапшының сөзін келтіре отырып, Қазақстанның ЖІӨ-нің көлемі Өзбекстандікінен 4 еседей артық дейді. Алайда, Дүниежүзілік банктің мәліметіне назар аударғанда, 2008 жылы Қазақстанның ЖІӨ-нің Өзбекстанның ЖІӨ-нен көлемі бойынша 5 еседей артық болғанын көруге болады.

Дәл осы дерек көзіне қарағанда, ЖІӨ-нің көлемі жөнінен Қазақстан әлемде ол жылы 52-орынды иемденсе, Өзбекстан 84-орынды місе тұтқан.

Өткен желтоқсан айында Украинада жарық көретін «Kyiv Post» газеті Нұрсұлтан Назарбаевтың бір мәлімдемесіне сілтеме жасап, мақала жариялады. Онда өткен жылдың соңында Қазақстан ұлттық ЖІӨ-нің көлемі жөнінен, президент Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «50 миллион халқы әрі ұлттық экономикасының алып әлеуеті бар» Украинамен теңесті делінген.

Тағы бір айта кетер жайт ол, бүгінде Қазақстанның коммерциялық банктері шетелден бұрынғыдай көл-көсір қарыз ала алмаса да, бәрібір келер уақытта да мұндай қарыздың елге ағылып келе беретінінің белгілі болып отырғаны.

Бұл жолы енді шетелдік несиенің ағылып келуіне ел үкіметі мұрындық болмақ.

Егер былтыр үкіметтің көмегі және кепіл беруінің арқасында елге жаңадан миллиардтаған доллар несиелер әкелінсе, биыл да осы үрдіс өз жалғасын табатын сыңайлы. Мәселен, «Либерте» басылымының жазуына қарағанда, енді Еуропа жаңғыру және даму банкі Қазақстан үкіметіне 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде қарыз бермекші.

Басылымның айтуынша, бұл қаражат Қазақстан экономикасының дамуын әртараптандыру мақсатына жұмсалмақ көрінеді. Басылымның дерегіне қарағанда, бұл банк бұған дейін-ақ Қазақстанға 2,5 миллиард АҚШ долларындай сомаға қарыз беріп үлгірген екен.
XS
SM
MD
LG