Келесі бағдарлама





Мультимедиа


 

Қазақстан

Тұржановтың отбасы оның "қылмыстық ісін қысқарту үшін пара бермекші болған" Шіркінбаевты танымайды

Қамауда отырған Серік Тұржановтың әйелі Мейраш (оң жақты) және қызы Әсел Тұржановалар баспасөз-мәслихатында. Алматы, 3 шілде 2009 ж.

03.07.2009
Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

Шілденің 3-і күні тұтқындағы Серік Тұржановтың жақындары мен әріптестері осыдан екі күн бұрын Қаржы полициясының Темірәлі Шіркінбаевқа қатысты таратқан ақпаратының жалған екенін айтып, мәлімдеме жасады.


СЕРІК ТҰРЖАНОВТЫҢ ЖАҚЫНДАРЫ ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІН ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ


Шілденің 1-і күні Қаржы полициясы Темірәлі Шіркінбаев деген бір азамат «КИІК Фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Серік Тұржановқа қозғалған қылмыстық істі қысқарту үшін пара бермек болған жерінен тұтқындалды деген ақпарат таратқан еді.

Жұма күні Алматыда баспасөз-мәслихатын өткізген Серік Тұржановтың туыстары мен әріптестері Темірәлі Шіркінбаевты мүлде танымаймыз деп отыр.

Қамаудағы кәсіпкер Серік Тұржановтың зайыбы Мейраш Тұржанова. 3 шілде 2009 ж.
«Қаржы полициясының өкілі Мұрат Жұманбайдың Темірәлі Шіркінбаев есімді азаматтың Серік Тұржановтың жазасын өзгерту үшін пара бермек болды деген мәлімдемесін жоққа шығару үшін баспасөз жиынын өткізіп отырмыз. Біз ол адамды білмейміз, ол жайлы бірінші рет естіп тұрмыз. Мен және менің отбасым, тіпті біздің достарымыз да ол адамды танымайды. Кеше қызым онымен (Серік Тұржанов – Азаттық) кездеспек болған. Серік те ол адам туралы бірінші рет естіп тұр», - деді Серік Тұржановтың әйелі Мейраш Тұржанова.

Тұтқындағы кәсіпкердің туыстарының ақпарат құралдарына таратқан мәлімдемесінде 2009 жылдың 12 маусымында Астана қаласындағы №2 Сарыарқа аудандық соты айыбы дәлелденбегендіктен, Серік Тұржановты тұтқыннан босату және қоғамнан оқшаулаудан басқа шара түрін қолдану туралы оның қорғаушысының берген өтінішін қанағаттандырмай тастағаны айтылған.

«Екі ай қамауда ұстауға санкция берді. Аталмыш қаулыға қорғаушымыз шағым түсірді. Қаулы үш күннің ішінде қаралуы тиіс еді, яғни 16 маусымға дейін. Мұндай жағдайда Темірәлі Шіркінбаевтың аталмыш мәселемен қаржы полициясына баруы ақылға сыймайды... Менің ойымша, қаржы полициясының қолында ешқандай дәлел жоқ және басшылық алдында ақталу үшін осындай арандатушылыққа барып отыр. Мен Бас прокуратура мен ҰҚК-не аталған дәлелдердің заңсыздығын тексеру туралы ресми үндеу жолдаймын. Біз олардан Шіркінбаевтың өтінішін ғана емес, өзге де дәлел мен дәйек сұраймыз» делінген мәлімдемеде.

«Әкем бұл жағдайға біз сияқты таңқалып отыр. Оның жағдайы қалыпты. Көп оқиды. Біз оның кінәсіз екенін білеміз. Және мұны дәлелдейміз», - дейді Серік Тұржановтың қызы Әсел Тұржанова.

Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов мұндай ақпаратты таратқандардың қандай да бір мақсаттары болуы мүмкін деген өз болжамын айтады.

«Серік Тұржановтың өкілі соншалықты қыруар ақшаны ұсынып отыр деген ешқандай қисынға келмейді. Біріншіден, біз оны білмейміз. Серіктің өзі де оны білмейді екен. Екіншіден, ондай қыруар ақшаны жай ғана қалтадан шығара салып, «міне, істі жабыңыз» деу мүмкін емес жағдай. Оның үстіне егер ол ақша кәсіпорындікі болса, онда ол айналымда жүреді. Оның үстіне өндірістік кәсіпорын екен. Егер ол кәсіпкер болса, басқа да кәсіпкерлер сияқты несиемен күн көріп отыр. Сәйкесінше, ай сайын несиесін төлеуі керек. Кәсіпкерлердің бұлай істеуіне жағдайы мүмкіндік бермейді. Бұл жерде ешнәрсе қабыспайды. Бұл жалған ақпарат. Менің ойымша, мұны таратқандардың жеке өзінің мақсаты болған», - дейді Тимур Назханов.

Ал Серік Тұржанов басқарған «КИІК» ЖШС-нің өкілдері компанияның қазіргі таңда қаржылық дағдарысты бастан кешіріп жатқанын, ұсынылған пара көлемінің компанияның атынан шығарылуы мүмкін еместігін айтып отыр.

Олег Лещинский, "КИІК" компаниясының бас директоры. Алматы, 3 шілде 2009 ж.
«Компанияның атынан мұндай ақша берілуі мүмкін емес жағдай. Құқық органдары қазір бізді тексеріп жатыр. Осы төңіректегі дау-жанжалдар компанияның клиенттерін үрейлендіріп отыр», - деді «КИІК» компаниясының бас директоры Олег Лещинский.

Аталмыш жағдайға қатысты қаржы полициясына сауал жолдаған едік.

Бізге жауап жолдаған Қаржы полициясының өкілдері Темірәлі Шіркінбаевтың Серік Тұржановқа қатысы бар екені тергеу барысында дәлелденгені туралы мәлімдейді:

«Тергеу-тексеру барысында азамат Шіркінбаевтың Серік Тұржановтың өкілі екендігі туралы тиісті дәлелдер табылған. Осы дәлелдер бойынша прокуратура Шіркінбаевқа айып тағуға жеткілікті деп тапты және оны қамауға алу туралы тиісті шара қолданылды» делінген Қаржы полициясының Азаттыққа жолдаған жауабында. Сонымен қатар Шіркінбаевты Тұржановтың туыстары таниды деген ақпарат таратқан емеспіз дейді Қаржы полициясы.

«ӘКЕМ АЙЫБЫ ДӘЛЕЛДЕНБЕСЕ ДЕ, ӘЛІ ҚАМАУДА ОТЫР»

«КИІК Фирмасы» ЖШС-нің құрылтайшысы Серік Тұржанов маусымның 2-і күні жемқорлық жасады деген күдікпен осы фирманың бас директоры Александр Нысанов және Қазақстан Республикасы статистика агенттігі төрағасының орынбасары Бірлік Меңдібаевтармен бірге қамауға алынған еді.

Әсел Тұржанова, кәсіпкер Серік Тұржановтың қызы әрі қоғамдық қорғаушысы. Алматы, 3 шілде 2009 ж
Бір аптадан кейін,10 маусым күні Мұрат Жұманбай: «Серік Тұржанов ҚР ҚК-нің 142 бабы бойынша ұсталған, яғни 10 күн бойы бақылауда болады, осы уақыт ішінде Тұржановқа айыптау жарияланып, жазалау шараларын таңдау мәселесі шешіледі» деп мәлімдеген-ді.

Туыстарының хабарлауынша, Серік Тұржанов Астана қаласындағы уақытша тергеу абақтысында қамауда отыр. Серік Тұржановтың жақындары мен әріптестері оның қамауда отырғанына 1 айдан астам уақыт өтсе де, айыбы әлі күнге дәлелденбегенін алға тартады.

«Сіздер білесіздер, әкеме тағылған айып қосымша дәлелдер болмағандықтан алынып тасталды, содан бері басқа бір дәлелдер болмаса да оны кінәлі деп қамауда ұстауда. Біз мұның себебін түсінбей отырмыз», - дейді қоғамдық қорғаушы, кәсіпкердің қызы Әсел Тұржанова.

Тимур Назханов, Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті. Алматы, 3 шілде 2009 ж.
Тимур Назхановтың айтуынша, қазіргі таңда бизнес саласында барлық ережені кәсіпкерлер емес, мемлекет анықтап отырғандықтан, кез келген кәсіпкерді қылмыскер қылып шығару оңай.

«Бизнес әрқашан кінәлі болып қалады. Себебі, біздің заңнамамыздағы ұңғыл-шұңғылдар бақылаушы органдарға кәсіпкерлерден заң бұзушылықтарды оп-оңай тауып алуына жағдай жасап отыр. Нақты қазіргі жағдайда Серік Тұржановқа тендерге қатысу кезінде заң бұзды деген айып тағылып отыр. Бүгінгі таңда кәсіпкерлердің басым бөлігі мемлекеттен тапсырыс алып, күн көріп отыр. Сондықтан мемлекеттік органдар қолданып отырған заңнамалық нормалар кез келген кәсіпкерді заң бұзушы ғып шығара алады», - дейді Тимур Назханов.
Бұл форум жабық
Пікірлерді іріктеу
     
Пікірлер
Кімнен: Қауіп Қайдан: Қатерден
03.07.2009 23:38
Қазақстанда байысаң да бәлеге қаласың!.. Басқаша айтқанда, ол елде өмір сүрудің өзі қауіп-қатерге айналып бара жатыр. Айдың-күннің аманында қамалып кете бару ғажап емес ол жақта...

Кімнен: Дымбілмес Қайдан: қайда жүргенін білмейді
04.07.2009 02:01
Қызы мен әйелінің түр әлпетінен олардың қандай адамдар екенін байқауғаболады.Оларды ақтауға болмайды.

Кімнен: Адам Қайдан: Ақшабұлақ
04.07.2009 14:59
Дымбілмеске: адамды түр-әлпетіне қарап білетін дарыныңыз бар ма еді, тақсыр!

Қызық екен...

Кімнен: Сыр қазағы Қайдан: Қызылорда
04.07.2009 20:08
Билік өзіне жаққан адамды қанатының астына алады, ал жақпағандардың басына қамшысын үйіреді.

Кімнен: Дымбілмес
05.07.2009 12:48
Адамға: Әрине, жаманшылықты адам баласының басына бермесін. Дегенмен, Қайсысы болмасын ортақ қаржыны жеген соң олрды аяуға болмайды. Мемлекетте сондайлардың кесірінен қаншама миллиондаған адамдар үйсіз-күйсіз және аш-жалаңаш өмір сүруде. Ал жемқорлар солардың ырыздығын ауыздарынан тартып жеп жүр. Жеген адамдарды құтқарып алу үшін 600 мың АҚШ долларды жәйден жәй бермейді ғой. Ал судан таза болса неге онда олардың атқарған жұмыстарынан , яғни мекемелерінде осыншма ақша жымқыру болады. Мұндайларды ешуақытта кешіруге болмайды. ОЛар сол қаржыны жеп алып, тайраңдап жүрді емес пе?

Кімнен: Дымбілмес
05.07.2009 12:57
Тіліміз жазықты болмасын. Бұлардың кінәсі бар жоғын бір Алла біледі. Және сот шеше жатар. Бірақ адамның зығырданын қайнататыны сол, жалпы жемқорлардың қай-қайсыс болмасын беттері шіміркпестен миллиондаған қаржыны ұялмай жеп алады да, ұсталған сәтте олардан мүсәпір адам болмай қалады. Әйтпесе сол миллиондарды оңды-солды жаратып, жұпыныларды менсінбей, көздеріне де ілмей тайраңдап жүреді ғой әншейінде.ЕНді келіп мүсіпірсіп қалатынына таң қаласың. Шын мәнінде сол қаржы халықтың қаржысы емес пе? Бұл адамгершілікке жата ма?

Кімнен: Шоң Қайдан: Қазақ елі
05.07.2009 13:52
Менің бір түсінбейтінім, елде тек қаракөз жемқорларды ғана ұстап, тұрмеге тығып жатыр.Ол өте дұрыс. Жемқорлығы үшін айыбын тартсын. Бірақ, неге елдің байлығын бөліп алған Мащкеевич, Потох Шодиев, Ибрагимов және Ким сияқты егер ертең бастарына бір жағдай бола қалса, елдің бар байлығын шетел асырып әкететін байларды тайраңдатып жүргізіп қояды. оЛарды елден аластатын уақыт жетті. Әйтпесе бар байлықты жиып алып тайып тұратынына кім кепіл бола алады. Менімше, олар қазірдің өзінде ел байлығын сыртқа тасып үлгермесе болғаны. Қақырды қанша бақсаң да орманға қарап ұлитынын естен шығармау керек.Олар қалай болғанда да елдің қамын ойлайды дегенге өз басым ксенбеймін. Мәселен, Мащкеевичтің бір өзі біздің елден тапқан байлығына шетелден қаншама шіркеулер салып қана қоймай, Қазақсатнның өзінен қаншамасын салып тастады. Мұныын қалай түсінеміз. Неге ең болмағанда Қазақстаннан бір мешіт болса да мешіт салуға қаржы бермейді. Қазақтың өз қаржыын өзіне қарсы пайдаланып отыр емес пе?
     
Мәтін көлемі - +