Бейсенбі, 24 мамыр 2012, Алматы 23:17

АЙМАҚ ХАБАРЛАРЫ

Шымкенттің тарихи-өлкетану мұражайында мыңдаған құнды жәдігер жертөледе жатыр

Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы 70 мыңнан астам жәдігердің жартысына жуығы жертөледе жатыр. Биыл 90 жылдық тарихын атап өтетін мұражайда экспонаттарын сақтайтын қойма жоқ. Жергілікті билік

Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жертөледе жатқан жәдігерлер. Шымкент, 17 қыркүйек 2010 жыл.
x
Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жертөледе жатқан жәдігерлер. Шымкент, 17 қыркүйек 2010 жыл.
Мәтін көлемі - +

Құнды жәдігерлер молынан жинақталған бұл мұражай осы аймақтағы тарихи нысандардың бірі болып есептеледі. Негізі 1920 жылы қаланған мұражай республика бойынша жәдігерлер саны, тарихи-мәдени құндылығы жағынан Астана мен Алматыдағы мемлекеттік республикалық мұражайлардан кейінгі орынды алады. Басқа облыстардағы өлкетану мұражайларымен салыстырғанда, оңтүстіктегі осы мұражай жәдігерлердің саны бойынша алда тұр.

Алайда аса құнды тарихи бұйымдарды сақтайтын орын жетіспегендіктен сол жәдігерлер қазір жертөледе жатыр.

КӨНЕНІҢ КӨЗІН... КӨК БАСЫП ЖАТЫР


Шымкенттегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Ұлы Жібек жолындағы Отырар, Сайрам, Түркістан сынды ежелгі қалалар мәдениетінен бүгінгі тәуелсіздік жылдарына ұласқан, халықтың ежелден желісі үзілмей келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, өнері мен тұрмыстық бұйымдары көрнекіленіп, өлкенің 2,5 мың жылдық тарихы қамтылған.

Облыс бойынша мұражайдың Шардарада, Сарыағашта, Түркістанда, Ескі Иқанда, Сайрамда, Түлкібаста – барлығы 8 бөлімше жұмыс
Жертөледе жатқан жәдігерлер. Шымкент, 17 қыркүйек 2010 жыл.
істейді.

– Мұражайдың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор. Ең басты қиындық – ғимараттың тарлығы. 90 жыл бұрын универмаг дүкені үшін арнап соғылған орынды кейін мұражай еткен. Осы уақыт ішінде экспонат көбейіп, қазір мұражайға сыймай қалды. Көп дүние жертөледе жатыр. Ол жер, әрине, жәдігер сақтауға мүлдем жарамайды, жиі-жиі құбыр жарылады. Ал жәдігерге ерекше бап, күтім жасалуы тиіс. Оның бәрінен жұрдаймыз, – дейді мұражай директоры Қасымбек Бейсенов.

Оның айтуынша, күтім болмаған соң жәдігерлердің біразы, атап айтқанда, теріден, киізден, матадан, жүннен жасалынған жәдігерлер бүлініпті. Керамиканың өзі мүжіліп, тіпті темірден жасалған бұйым-заттарға да әсер еткен.

– Су алғанда киізден, матадан жасалған жәдігерлерді, кілемдерді күн сайын сыртқа шығарып жайып, дезинфекция жасап, кептіріп, қайта кіргізіп, әурешілікке түскенбіз. Далаға шығарғанда қолды болып кетпеу жағын да қадағалаймыз. Әрине, мұның машақаты мен зиянды
Мұражайдың жертөлесіне барар жол. Шымкент, 17 қыркүйек 2010 жыл.
әсері өте көп. Біз өндіріс орны емеспіз, бірақ «өз қотырымызды өзіміз қасуға» тура келіп отыр, – дейді мұражай директоры.

Соңғы жылдың ішінде кілем мен тоқыма сақтайтын арнайы шкафтар жасалған екен. Жертөледе жатқан 300-ден астам көне картиналарды қоятын темір қондырғылар әзірленіпті. Ал ағаштан, темірден жасалып, жүннен тоқылған мыңдаған жылдық тарихы бар көне жәдігерлерді сақтайтын мүмкіндік жоқ.

Тағы бір қиындық – мұражайда көне суреттерді қалыпқа келтіретін реставратор-маман да жоқ. Егер өткен ғасырлардың шежіресіне айналған картиналар қайта қалпына келтіру жұмыстарынан өтпесе, жойылып кетуі мүмкін. Ал олардың құны, мамандардың айтуынша, ондаған миллион теңгені құрайды екен.

БИЛІКТЕН ҚАЙЫР БОЛМАЙ ТҰР

Мұражай басшысы заң бойынша жәдігерлерді шатырларда, жертөлелерде сақтауға тыйым салынғанын айтады. Өйткені мұндай жайларда ылғалдылық пен температураны бірқалыпты ұстау мүмкін емес. Бірақ соншама жәдігер қазіргі заманғы талаптарға еш сай емес орында жатыр.

Тарихи мұраларды дұрыс сақтау үшін желдеткіші бар қойма болуы керек. Ол жерде арнайы температура сақталуы тиіс. Талай жыл тұрған
Жертөледегі жәдігерлердің кейбірі бүліне бастаған.
құбырлар жылда жарылып, жертөлені су алып, мұражай қызметкерлерін әбігерге салып келеді. Зәк ұрған жертөледе қазірде 70 мыңнан астам жәдігердің жартысынан көбі тұншығып жатыр.

– Оны қанша рет суретке түсіріп, қанша рет облыс басшысының назарына ұсынып, көмек сұрағанбыз. Бірақ жағдайымыз сол күйі қалды. Осыдан бес жыл бұрын Болат Жылқышиев облыс басшысы болып тұрғанда қолдау көрсетуге уәде берген еді. Бірақ кейін ол кісі кетіп қалды да, кейінгі басшылар біздің өтінішімізді көзге де ілген жоқ. Олардың беті қашан бері қарарын білмейміз, – дейді Қасымбек Бейсенов.

Осыдан бес жыл бұрын мұражайдың екі жағынан қосымша ғимарат соғу туралы ұсынысымен облыс шенеуніктерін табалдырығын тоздырған мұражай басшысы ондай жұмыстарға сол кезде бар-жоғы 208 миллион теңге (1,4 миллион доллар шамасында) қаржы жеткілікті болған айтады.

– Шынымды айтсам, басқа мұражайларға барғанда ұяттан жерге кіріп кете жаздаймын. Терізек кеткенше асығамын. Ойласам жаныма батады. Осыншама үлкен облыста бір мұражайдың жағдайын жасай алмауымыз, ұят. Осы айтудан шаршадым, – дейді Қасымбек Бейсенов.

ЖӘДІГЕРЛЕР ЖОҒАЛЫП ЖАТЫР

Мұражай басшысының айтуынша, 2002 жылы қайта құрылған мұражайдың бірінші қабатындағы көрнек жүйесінің жасақталу қисыны ғылыми талаптарға сай келе бермейді. Дәуірлеу, дәйектілік, тарихи сабақтастық қағидалары қолданылмаған. Оның үстіне тарихи-өлкетану мұражайы тек Оңтүстік Қазақстан облысының топырағында болған дәуірлерге, тарихи негіздерге тән жәдігерлерді көрнектеуге міндетті.

– Ал біздің мұражайда жәдігерлер бутикте сатылымға шығарылған зат секілді орналастырылған. Мұны жасаған адамға осы кемшілікті
Мұражай директоры Қасымбек Бейсенов Кенесары ханның қылышы жанында тұр. Шымкент, 17 қыркүйек 2010 жыл.
кезінде айтып едім, ол «мен музеовед емеспін, мен дизайнермін» дейді. Масқара болғанда, мұражайымызда Қазақ хандығы дәуірінің көрнекісі жоқ. Немқұрайдылықтың салдарынан қаншама құнды жәдігерлерімізді Мәскеу алып кеткен. Екінші қабатта террариум болған. Онда 15 метр жыланға аптасына 2 рет қоян жұттырып ақша тауып келген басшылар. Мен 48 сағатта оның көзін жойдым, – дейді мұражай директоры Қасымбек Бейсенов.

Осы мұражайда сақтаулы тұрған Кенесары ханның қылышына қатысты да директордың күмәны бар. Ол 1938 жылы хан немересі Әзімхан Ахметұлы мұражайға сыйға тартқан Кенесары ханның қылышы ауыстырылып жіберілген деп есептейді.

– Хан қылышы алтынмен, асыл таспен көмкерілгені былай тұрсын, ол бағалы берік металлдан құйылуы тиіс. Ал бұл қылышты ауылдың бір ұстасы құйғандай. Темірі тот басқан. Кәдімгі темір. Бірақ ақиқатты іздеп табу қазір қиын. Оны қашан кімнің ауыстырып жібергенін анықтау мүмкін емес, – дейді мұражай директоры.

БИЛІК БӘРІНЕН ХАБАРДАР

Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының мәселесінен жергілікті шенеуніктер хабардар. Бірақ әзірге қолдан келер шара жоқ дегенді алға тартып отыр.

Азаттық радиосының тілшісіне сұқбат берген мәдениет басқармасының бастығы бұл мәселеге байланысты көкейінде жүрген арманымен де бөлісті.

– Жақында облыс әкімінің алдында облыстық бюджетті қорғаймыз. Сонда осы мәселеге байланысты смета-құжаттандыру жұмыстары үшін ақша сұраймыз. Қаламызда заман талабына сай мәдени орталық қажет-ақ. Онда қазіргі жоғымыз, кітапхана да, қуыршақ театры да, мұражай да болар еді. Бұл арманды жүзеге асыру үшін, жақсы идеяны облыс әкіміне дұрыс ұсына алуымыз керек, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова.

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында барлығы 12 мұражай бар. Оларға жыл сайын облыс қазынасынан жиыны 190 миллион теңге бөлінеді.

Соның 65 миллион 122 мың теңгесі облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тиесілі. Бұл қаржының 7 миллионға жуығы көне жәдігерлерді сатып алып, экспонаттар қатарын толықтыруға жұмсалады екен.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Бекқожа
20.09.2010 22:12
+0 / -0
"Қазақта шекара түгілі мемлекеттілік болмаған" - деп басы Назазрбаевтың өзі айтқан соң - ақ, қазақтың тарихының тамырына балта шабу басталды ғой емес пе!
Сонда біздің тарихымыз мына тексіз биліктің айтуы бойынша 1991 жылдан басталады екен. Бұл уақытқа дейін қазақта ешқандай мемлекет те, ешқандай шекара да болмаған екен. Неткен данышпандық десеңші! Осыны айтқан адамның білімінің деңгейі ФЗУ-шниктің ойлау қабілетінен де төмен екендігін мойындамасқа амалың қане!
Өзің диуанасың, кімге өнеге айтасың деген осындайдан шыққан-ау....

Кімнен: Жайна
20.09.2010 22:31
+0 / -0
Мынау деген нағыз сұмдық қой, не деген масқара. Сонда билік деген билік қайда қарап отыр? Ой сұмдық-ай...
Пікір алмасу

Кімнен: Бекен
22.09.2010 18:24
+0 / -0
Жайна жаным қайдасың, мен сені сағындым ғой!

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
21.09.2010 10:19
+0 / -0
Сізге толық қосыламын Бекқожа

Кімнен: Ізденуші Қайдан: Астана
21.09.2010 16:28
+0 / -0
Еліміздін барлық мұражай директорлары кездейсоқ азаматтар, тарихқа деген ешқандай қатысы жоқ адамдар. Олар тек, жылда жәдігер сатып алуға бюджеттен бөлінген ақшаны қалайда "игерудін" қамын ойлайтын адамдар. Қазіргі мұражайларда ғылыми зерттеу жұмыстары мүлдем жүргізілмейді. Музей директорлары бюджеттін қыруар ақшасын жұмсап шетелдерге бос барып, қыдырып қайтады. Музейлер жайында мәліметтер сұрап, мен барған бірде-бір директор мардымды жауап берген емес. Таныс арқылы директор болып, жәй әншейін отырған адамдар. Мәдениет министрлігіне "тазарту" жұмыстарын жүргізу керек деп ойлаймын. Шын айтамын, менін диссертациялық жұмысым тығырыққа тірелді.

Кімнен: Сәуле
21.09.2010 17:26
+0 / -0
Мұражай деген ертеңгі ұрпаққа өткенді көрсететін тарих емеспе, неге оны сақтамаймыз, ақшаны бекерге шаша бермей маңызды нәрселерге жұмсамалса болады ғой. Әр жылдың бюджетіне шамалап кіргізседе 3-4 жылда жер төлелерді толық ауыстырыуға болатын шығар деп ойлаймын.

Кімнен: Жәмила
22.09.2010 00:15
+0 / -0
Шынымен де-ақ қосымша жәдігерге қыруар ақша жұмсағанша оны мұражайды жөндеуге, қосымша ғимарат салуға, ең құрығанда түрлеріне қарап жаның ашитын қызметкерлерге айлық етіп берсін!