Accessibility links

Экипажы Қазақстан азаматтарынан жасақталған, тонналап қару артқан ұшақтың иесі кім екені әлі белгісіз


Қару-жарақ жүгімен ұсталған экипаждың мүшелері Таиланд сотына әкелінді. Бангкок, 14 желтоқсан 2009 жыл.
Қару-жарақ жүгімен ұсталған экипаждың мүшелері Таиланд сотына әкелінді. Бангкок, 14 желтоқсан 2009 жыл.

Таиланд билігі өткен сенбі күні тонналаған қару-жарақ артқан ұшақты қазақстандық төрт ұшқышпен бірге ұстағаннан бері оның иесі кім екенін нақты анықтай алмай жатыр. Ұшақ экипажы 12 тәулікке түрмеге жабылды. Оқиға халықаралық деңгейде даулы сипат алды.


ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨРТ АЗАМАТЫ БАНГКОК ТҮРМЕСІНДЕ ОТЫР

Ұшақ 12 желтоқсан күні Бангкок әуежайында ұсталды. Таиланд полициясы Ил-76 ұшағының бортынан 35 тонна қару-жарақ тапқан. Экипаждың бес мүшесі ұсталды. Ұшақтың командирі белорус Михаил Петухов, қалған төрт адам Қазақстан азаматтары – Александр Зрыбнев, Виктор Абдуллаев, Виталий Шумков және Ілияс Исаков.

Хабарларға қарағанда, жергілікті полиция оларды алты сағат бойы тергеудің астына алған. Оларға «заңсыз қару тасыған», «жүктің сипаты туралы жалған ақпарат берген» және сол арқылы «тауарды Таиланд аумағымен заңсыз алып өтпек болған» деген айыптар тағылып отыр.

Дүйсенбі күні экипаж мүшелері Таиландтың қылмыстық сотының алдында жауап берді. Сот Ил-76 ұшағының экипажын тағы 12 күнге ұстау туралы шешім шығарды.

– Бүгін Бангкокте соттың алғашқы тыңдаулары болып өтті. Бұл іске қатысты шешім 12 күннен кейін шығарылады, – деді Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров.

Оның айтуынша, Қазақстанның дипломатиялық миссиясы Таиланд билігіне ірі көлемдегі қару тиелген ұшақпен ұсталған төрт азаматты кепілге босату туралы апелляциялық шағым түсірді. Оның нәтижесі әлі белгісіз. Бұған дейін Таиланд полициясы Қазақстанның өз азаматтарын кепілге босату туралы өтінішін қанағаттандырмай тастаған болатын.

Хабарларға қарағанда, сот экипажды ұстау мерзімін ұзарту туралы шешім шығарған соң олар Бангкоктегі арнайы түрмеге қамалған. Қазақстан және Белорусия елшіліктері өздерінің азаматтарына адвокаттар тағайындады.

Экипаж мүшелеріне тағылған айыптар бойынша Таиланд заңдарында қатал жаза қарастырылғандықтан олардың өмір бойы түрмеге жабылуы ықтимал екендігі айтылып отыр.

«ИЛ-76 ЕКІ АЙ БҰРЫН САТЫЛҒАН, БІРАҚ ЭКИПАЖ БІЗДІКІ»

Таиланд билігі тергеуін өткізіп, іс сотқа тигеннен кейін барып қана ресми Астана дауға ұшыраған Ил-76 ұшағы Қазақстанның меншігінде болғандығын, бірақ осыдан екі ай бұрын сатып жібергендігін мәлімдеді.

– Ұшақ Қазақстанның есебінде бұрын болған, біздің жеке меншік «Бейбарыс» әуекомпаниясы оны грузиялық «Air West Georgia» әуекомпаниясына сатып жіберген және ол 2009 жылы 7 қазанда тізімнен шығарылды, – деді Қазақстанның азаматтық авиация
Қазақстанның есебінде бұрын болған ұшақты жеке меншік «Бейбарыс» әуекомпаниясы грузиялық «Air West Georgia» әуекомпаниясына сатып жіберген.
комитетінің төрағасы Рәділбек Әдимолда.

Әдимолданың айтуынша, бұл ұшақты «Бейбарыс» компаниясы биыл қазақстандық «Ист Винк» фирмасынан сатып алған және Бангкок түрмесіндегі бесеудің төртеуі осы компанияның штатында тіркелген.

– Экипаж біздікі, – деп мәлімдеген Әдимолда бұл жұмысшылардың қазіргі таңда жалақысыз демалыста екендігін атап көрсетті, бірақ олардың қандай жолмен грузиялық компанияның жұмысына түскендігін анықтап айтпады.

Грузия тарапы бұл ақпаратты, яғни даулы Ил-76 ұшағы өзінің есебінде екендігін растады. Дүйсенбі күні Грузияның біртұтас көлік әкімшілігінің басшысы Гиорги Бокучава Таиланд астанасында ұсталған ұшақтың грузиялық әуекомпаниялардың бірінде екендігін айтып, бірақ ұшақ украиналық бір компанияға жалға берілген деп мәлімдеді.

Алайда дүйсенбі күні түстен кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі ұшақтың иесіне қатысты тағы бір мәлімет таратты. Ресми ақпарат бойынша, Бангкокте ұсталған Ил-76 ұшағының тіркеу нөмірі – 4L-AWA және грузиялық «Air West Georgia» компаниясына қарасты бұл ұшақты жаңазеландиялық «SP Trading» компаниясы жүктерді тасуға жалға алған.

Ұшақ экипажы «Air West» компаниясына халықаралық ережелерге сәйкес жалданған.

Бірақ Ил-76 ұшағының меншік иесі осымен түпкілікті анықталды дегенге ешкім кепілдік бере алмайды.

ИЕСІ БЕЛГІСІЗ 40 ТОННА ҚАРУДЫҢ ҰСТАЛУЫН АҚШ ҚОЛДАЙДЫ

Сол секілді ұшақ бортындағы қару-жарақты қайда апара жатқандығына қатысты да нақты мәлімет жоқ. Дәлірек айтсақ, әртүрлі болжамдар көп, бірақ солардың нақты біреуін таңдау мүмкін емес болып отыр.

Таиландтың әскери-әуе күштерінің өкілі әуелі бұл ұшақ Пхеньяннан шығып Шри-Ланкаға ұшып бара жатқан деп хабарлады. Басқа бір
Тонналап қару артқан Ил-76 ұшағы Таиландта ұсталды. Бангкок, 12 желтоқсан 2009 жыл.
деректер бойынша, ұшақ Пәкістанға ұшып бара жатқан. Дүйсенбі күні таиландтық ақпарат көздері, экипаж мүшелерінің тергеу барысында айтқандары деп келтіріп, тиелген қарудың бір бөлігі Шри-Ланкаға, қалғаны Таяу Шығысқа жеткізілуі тиіс болған деп таратты.

Ресми Астана 40 тоннаға жуық қарудың иесі мен оны қайда апара жатқандығына қатысты ешқандай мәлімет жасаған жоқ,

Алайда бұл ұшақ туралы ақпарат Таиланд билігіне АҚШ-тан жеткен деп хабарланды және Құрама штаттардың мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша орынбасары Роберт Блейк қару тиелген Ил-76 ұшағын ұстаған Таиланд билігінің әрекетін құптады.

– АҚШ Таиланд үкіметінің, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі алдындағы өз міндеттемелерін орындап, Иль-76 ұшағының жүгін тексергендігіне ризашылық білдіреді, – деп мәлімдеді Ақ үй өкілі.

Дүйсенбі күні Алматыда американдық консулдықтың ашылу салтанатына қатысқан Блейк Ил-76 ұшағына қару тиелгендігін АҚШ-тың арнайы қызметі қайдан білетіндігі туралы пікір білдіруден бас тартты.

Қазақстан бұған дейін Солтүстік Кореямен қару-жарақ саудасына қатысты бір жанжалға іліккен болатын. 1999 жылы Қазақстан Солтүстік Кореяға бірнеше әскери ұшақ сатпақ болғаны анықталған-ды. Оның арты халықаралық дәрежедегі дау-дамайға ұласып, сол кездегі Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев пен елдің қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев отставкаға жіберілген еді.

Алайда көп ұзамай ол екеуі де жоғары билікке қайта оралып, мемлекеттік наградаларға да ие болды. Қазақстан сол жолғы даулы операцияның негізгі кейіпкерлерін болмашы жазалаумен ғана шектелген-ді.
XS
SM
MD
LG