Accessibility links

ОА-да келесі президент болу үшін не істеу керек?


Солдан оңға қарай: Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.
Солдан оңға қарай: Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.

Ұзақ уақыт билікте отырған автократ басшылары бар Орталық Азия мемлекеттерінде келесі басшы кім болатынын бұл елдердегі саяси жүйелердің түсініксіздігі кесірінен болжау қиын.

2016 жыл басталғанда ОА-ның бес мемлекетінің ешқайсысында жоспарлы сайлау кезегі келмеген болатын. Бірақ қаңтардың соңында Қазақстан мерзімінен тыс парламенттік сайлау өткізетінін мәлімдеді. Тәжікстан мен Түркіменстан конституцияларын қазіргі басшыларын билікте шексіз мерзімге қалдыратындай етіп өзгерту үшін референдум өткізу жоспарларын жариялады.

ӘРТҮРЛІ ЖОЛМЕН БИЛІККЕ КЕЛУ

Орталық Азия (ОА) аймағында екі президенттің (Назарбаев пен Каримов) жасы 70-тен әлдеқашан асып кетті, демек билікте өзгеріс болатын кезең таяп қалды. Әр мемлекетте билікке кімнің келетіні туралы болжамдар жасалып тұрады, бірақ бес мемлекеттің төртеуі – Түркіменстан, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанда саяси жүйенің түсініксіздігі соншалық, жорамал жасау қиын.

Мысалы, 2006 жылы Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязов дүние салғанға дейін ешкім (Түркіменстанның өзінде санаулы адам ғана білген болуы ғажап емес) денсаулық министрі қызметін атқарып жүрген Гурбангулы Бердімұхамедов екінші президент болады деп ойламаған еді.

Осы аптада жергілікті тілде «Азатлық» аталатын Азаттықтың Түркімен қызметі пікірталас форумын өткізіп, «ОА елдерінде билікке келетін адам қандай саясат ұстануы керек, кімдермен одақтасады және заңды түрде сайланып, халық қолдауына ие болу үшін олар не істеуі шарт?» деген сауалдарға жауап іздеді.

Талқылауды Азаттықтың Түркімен қызметі директоры Мұхаммад Тахир жүргізді. «Демократияны импорттау: Оңтүстік Африка, Тәжікстан және Аргентинадағы ҮЕҰ-лар рөлі» кітабының авторы Джули Фишер Мелтон ханым әңгімеге Вашингтоннан қосылды.

Вашингтоннан Foreign Policy журналисі, жақында жарияланған «Нәтижесі күнібұрын белгілі болған сайлаудан соң Қазақстанның автократ басшысы мұрагер жайлы ойланады» деген мақаланың авторы Рейн Стендиш, Бішкектен бұрынғы президент кеңесшісі, қырғыз саясаттанушысы Еділ Байсалов қатысты.

Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толған ОА-ның бес мемлекеті қазірде мүлдем әртүрлі елдерге айналған, сондықтан билік ауысуының бәріне бірдей лайықты тәсілі туралы айту қиын. Билікті тапсыру тетігі бұл елдердің әрқайсысында түрлі жолдармен іске асырылуы мүмкін.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

Халқының саны бойынша аймақтағы екі үлкен мемлекет саналатын Қазақстан мен Өзбекстанда 1991 жылы СССР ыдыраған кезде коммунистік партияның бірінші хатшысы болған адамдар билікте қалды. Биыл 76 жасқа толатын Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақстанның тәуелсіздік алғалы көрген жалғыз президенті. Қаңтар айының соңында 78-ге толған Өзбекстан басшысы Ислам Каримов та тура солай, әуел бастан президент болып келеді.

Бұл мемлекеттерде екінші президент болу қиынға түспек. Тіпті ондай мансапқа жеткен күнде де ол адамға қолдау керек. Стендиштің айтуынша, мұнай экспорттаушы Қазақстанның президенті болатын адам бизнес элитаны одақтасына айналдыра білуі тиіс. Ал Өзбекстанда бизнестен гөрі қауіпсіздік қызметі ықпалы басым. Сарапшы «Егер Өзбекстанға қарасақ, байлық пен биліктің көп бөлігі ел ішінде жасалып жатыр, сондықтан... қауіпсіздік қызметі Өзбекстанның мұрагерлік сценариінде үлкен рөл атқарады, тіпті билік тізгінін қауіпсіздік қызметі өкілі алуы мүмкін» дейді.

Қазіргі жағдайда ОА елдерінің келесі басшыларын таңдау кезінде элита негізгі рөл атқарады. Мелтон ханымның пікірінше, «бұл - ОА-дағы легитимдік ерекшелігі, бірақ элита ықпалы - бұл елдердегі билікті заңдастыратын уақытша құбылыс».

«Ал болашақта азаматтық қоғам биліктің төменнен құрылғанын қалайды, билік төменнен (халық ықпалымен дегенді меңзейді – ред.) жасақталмаса, жоғарыдағы адамдардың орны ауысқанымен нәтиже, жақсы өзгерістер болмайды» дейді ол.

ДІННІҢ САЯСАТҚА ЫҚПАЛЫ

Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан басшылары билікке ұзақ отырып, өздеріне ыңғайлы дүниелері заңдастырып алды.

Мәжілістің ерте сайлауына дауыс беруге келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлау учаскесінде отыр. Астана, 20 наурыз 2016 жыл.
Мәжілістің ерте сайлауына дауыс беруге келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлау учаскесінде отыр. Астана, 20 наурыз 2016 жыл.

Стендиштің айтуынша, Каримов пен Назарбаев өздерін «ұлт әкесі» атайды, ал 1992 жылдан бері билікте отырған Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон 1992-1997 жылғы азамат соғысын тоқтатуға ықпал еткенін баса көрсетіп, өзін «бейбітшілік бастауы» деп ұлықтатады.

Олардан кейін билікке келген адам мұндай «легитимділікке» ие бола алмайды. Жаңа басшыларға жаңа қолдаушылар керек. Қазіргі президенттер тәрізді олар да азаматтық қоғаммен қарым-қатынас жасаудан қашса, олардың тірегі кім болмақ?

Байсалов Қырғызстанда биліктің алмасуы қазірден байқалатынын, «қазіргі толқын, әсіресе жастар жағы ... мүлдем басқа» екенін айтты. Ол «Қазір Қырғызстанда ең танымал адам – дін уағыздаушы, ол өзін «шейх» деп атайды, кез келген саяси немесе басқа тұлғадан көп аудитория жинай алады, апта сайын оның видеоларын Қырғызстанда жүздеген мың адам көруі мүмкін» дейді.

ОА елдері бірнеше жүз жылдан бері ислам дінін саясаттың бір бөлігіне айналдырған. Аймақтағы күдікшіл басшылардың бұл ықпалды азайтуға күш салғанына қарамастан, ислам ОА елдері саясатының бір факторы ретінде күшейіп келеді. Діндар адамдар арасында қолдауға ие болу билікке келуге көмектесуі ықтимал, бірақ ел басшылары дін талаптарын шынайы ұстанбайтын ОА елдерінде дінді саясиландыру - қатерлі ойын.

РЕСЕЙДІҢ РӨЛІ

Байсалов ОА елдерінде билікке келудің тағы бір кілті Кремль екенін айтады. «Ресей өзінің ықпалын жоғалтпайтынына сенімді болуы керек. Олар жаңа басшыны мойындамауы, кедергі жасауға тырысуы мүмкін, мысалы, қауіпсіздік саласында қандай да бір қиындық туындаса, қарсы әрекеттер жасауы мүмкін. Ең маңызды қолдау мен «легитимділік» Мәскеуден беріледі» деді Байсалов.

Қырғыз саясаттанушысы Еділ Байсалов.
Қырғыз саясаттанушысы Еділ Байсалов.

Егер ОА елдерінің бірінде батысшыл немесе қытайшыл, әлде бір әсіредіншіл басшы билікке келсе, Кремль араласпай қарап отырады деу қиын. ОА елдерінің бірінде билікке жету үшін Ресейдің мүддесін мойындау міндетті шарт деуге де болады.

Жиынға қатысқандар ОА елдерінде бұған дейін биліктің күрт ауысуы оқиғалары болғанын айтты. 2006 жылы Түркіменстан басшысы Ниязовтың қазасынан кейін желтоқсан айында жаңа президент «сайлауы» тыныш өткенімен, биліктің іс жүзінде қалай ауысқаны мүлдем түсініксіз күйде қалды.

Қырғызстан екі төңкерісті бастан өткерді (2005 және 2010 жылдары), әрқайсысында президентті тақтан тайдырып, елде зорлық-зомбылық орнады. (Қазір мемлекет парламенттік республика аталады, ел басшысы – президент саналады).

Тәжікстанның алғашқы екі президенті (Рахмон Нәбиев пен Акбаршо Искандарова) Тәжікстанда азамат соғысы басталған 1992 жылы биліктен шеттетілді.

Дөңгелек үстел отырысының толық нұсқасын мына сілтемеден тыңдай аласыз.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG