Accessibility links

Алматы енді Қысқы олимпиаданы өткізуден дәмелі


Шаңғымен жарыстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде жүрген ассистент. Алматы, 7-қысқы Азия ойындары, 1 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Шаңғымен жарыстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде жүрген ассистент. Алматы, 7-қысқы Азия ойындары, 1 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

2022 жылғы Қысқы олимпиаданы өткізуге үміткер төрт қаланың бірі – Алматы. Қазақстанның олимпиада комитеті бәсекеде озып шығудан үмітті. Ал сарапшылар мұның қымбатқа түсетінін айтады.

2022 жылғы қысқы олимпиада ойындарын өткізуге 20-ға жуық ел ниет білдірген еді. Олардың қатарында АҚШ, Франция, Финляндия, Швейцария, Испания, Жаңа Зеландия болған.

Алайда соңғы сәтте тек Алматы (Қазақстан), Стокгольм (Швеция), Краков (Польша), Мюнхен (Германия), Пекин (Қытай), Львов (Украина), Осло (Норвегия) қалалары ғана Халықаралық олимпиада комитетіне (ХОК) өз кандидатураларын ұсынды.

Кейін Стокгольм, Краков пен Мюнхен қалаларының тұрғындары халықтық референдум негізінде бұл олимпиада ойындарын өткізуге қарсы шықты. Қала басшылары да елдеріндегі экономикалық қиын жағдайды уәж етіп, халықтың шешімімен келісті. Ал Ослоның басшылығы алдағы қыркүйекте олимпиадаға қатысты референдум өткізбек. Егер Норвегия астанасы бәсекеден ерте шығып қалса, онда үш-ақ кандидат болып Алматы, Пекин мен Львов қалады.

«МҮМКІНДІК ЗОР»

Бірнеше қысқы олимпиадаға барған ресейлік журналист Владимир Гескиннің пікірінше, бұл қалалардың арасында Алматының Қысқы олимпиада өткізу құқығын жеңіп алу мүмкіндігі зор.

«Осло тұрғындары олимпиада өткізуді қолдап отырған жоқ. Референдум кезінде Осло да олимпиададан бас тартып, соңғы сәтте тек Алматы, Пекин мен Львов қалуы мүмкін. ХОК Украинадағы жағдайға байланысты Львовқа олимпиаданы беруі екіталай. Ал Пекинде 2008 жылы жазғы олимпиада өтті. ХОК қысқа мерзім аралығында бір қалада екі олимпиада өткізуді қолдамайды. Демек, Алматы – фаворит» деген спорт журналисі «Спорт экспресс» басылымына берген сұхбатында.

Бірақ спорт комментаторы Жандос Байділдә 2018 жылғы Қысқы олимпиада Пченчханде (Оңтүстік Корея), 2020 жылғы Жазғы олимпиада Токиода (Жапония) өтетінін ескерте келе: «2022 жылғы Қысқы олимпиада Алматыда өтпейді, өйткені ХОК үш бірдей олимпиаданы Азия құрлығына бермейді» деген пікір айтады.

7-қысқы Азия ойындарына арнап салынған Алматыдағы шаңғы трамплині.
7-қысқы Азия ойындарына арнап салынған Алматыдағы шаңғы трамплині.
«Алматыда 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарына арнап салынған инфрақұрылым әлі өз миссиясын атқарған жоқ. Қазір Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында, таудағы трамплин кешенінде тек концерттер мен шоу бағдарламалар ғана жүріп жатыр. Әу бастағы жоспар басқаша болатын. Бірақ 2011 жылдан кейін Алматыда тұғырдан секіруден әлем чемпионаты түгіл, әлем кубогының кезеңдік жарысы да болмады. Медеу мен Шымбұлақты, Талғардағы биатлон кешенін айтпасақ та болады» дейді ол.

Жандос Байділдә 2022 жылғы Қысқы олимпиада Осло қаласында өтуі мүмкін деп болжайды.

Алайда Қазақстан олимпиада комитеті де, спорт және денешынықтыру агенттігі де Алматының ол олимпиаданы өткізуге мүмкіндігі зор екенін айтады.

Қазақстан олимпиада комитетінің мүшесі Андрей Крюков «Олимпиада дайындық кезінде Қазақстанда 50 мың жаңа жұмыс орны ашылады. ХОК-тың бағалауынша, Алматы олимпиада өткізуге 62 пайыз дайын. Бізге шорт-трек пен мәнерлеп сырғанау өтетін кешен, шана мен бобслейге арналған трасса салу керек. Ал басқа да кешендерді 2017 жылы Алматыда өтетін универсиадаға дейін салып аламыз» дейді.

«ОЛИМПИАДА ҚАЗАҚСТАНҒА АУЫР ТИЕДІ»

Бірақ бірқатар қазақстандық сарапшылар жергілікті спорт шенеуніктерінің энтузиазміне күдіктене қарап, Алматыда қысқы олимпиада өткізу жоспарын елдің экономикасын ойсыратып кететін шығын деп санайды.

Спорт журналисі Мақсат Айдаболов 2022 жылғы Қысқы олимпиаданың Алматыда өтуіне қарсы. Ол олимпиада Қазақстан халқының тұрмысына кесірін тигізе ме деп қауіптенеді.

«Дамуы Қазақстаннан әлдеқайда жақсы Еуропа елдері олимпиададан бас тартып жатыр. Олар бұл шараның шығыны өте көп болатынын біледі. Ал Алматы 2022 жылғы олимпиада өткізу құқығын жеңіп алса, Қазақстан оны қалай болса да өткізеді. Бірақ олимпиада Қазақстанға экономикалық тұрғыдан ауыр болары сөзсіз» дейді спорт журналисі.

Қазақстандық шаңғышы Игорь Закурдаев. Сочи, 9 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстандық шаңғышы Игорь Закурдаев. Сочи, 9 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Мақсат Айдаболов Қазақстанда 2017 жылы өтетін универсиада мен ЕХРО шаралары да елдің бюджетіне қиын тиетінін айтады. Ол Қазақстанда олимпиададан да бұрын шешетін мәселе көп деп ойлайды.

Экономист Арман Жаппасов Азаттыққа Қысқы олимпиаданың Қазақстан үшін қаншаға түсуі мүмкін екені туралы ойларын айтты.

«Олимпиада ойындары – әлемдегі ең шығыны көп шара. Азиада мен EXPO-ның шығыны олимпиададан әлдеқайда аз. Олимпиаданың өткенге дейінгі бір пайдасы – жұмыс орындары көбейеді, қаланың инфрақұрылымын жақсартуға қаржы жұмсалар. Ал олимпиада кезіндегі шығынды ешкім болжай алмайды. Жұмыс орны қайта қысқарады. Экономикалық құлдырау сыртқа көрінбеуі мүмкін» дейді Арман Жаппасов.

Оның есебінше, олимпиада өткізу үшін Қазақстанға кем дегенде 20-25 миллиард доллар керек.

«Ел бюджетінің көбі олимпиадаға кетіп, елде тегін қызметтердің өзі ақылы болуы мүмкін. Қазақстанда олимпиада өткізбей тұрып шешетін мәселе көп. Халықтың баспана мәселесі, ауылдардың жағдайы, ауыл шаруашылығы сынды мәселелер бар» дейді экономист.

Экономист Сочи олимпиадасына дайындық кезінде Ресейде студенттердің стипендиясы азайып, оқу ақысы қымбаттағанын, Ванкувер олимпиадасы кезінде Канададағы біраз қалалардың бюджеті мен денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы қысқарғанын мысал етті.

ХОК 2022 жылғы Қысқы олимпиада өтетін қаланы 2015 жылы шілденің 31-і күні Куала-Лумпурде (Малайзия) өтетін сессиясында анықтайды.

Инфограмма: Олимпиада ойындары шығындары
XS
SM
MD
LG