Accessibility links

«АЛЖИР» лагері мен тұтқындарының тарихы


Тұтқындар тасымалдайтын сталиндік вагондағы тұтқын әйелді бейнелейтін мұражай экспозициясы. Вагон саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған «АЛЖИР» мұражайында тұр. Ақмол кенті, 12 сәуір 2010 жыл.
Тұтқындар тасымалдайтын сталиндік вагондағы тұтқын әйелді бейнелейтін мұражай экспозициясы. Вагон саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған «АЛЖИР» мұражайында тұр. Ақмол кенті, 12 сәуір 2010 жыл.

Алғашқыда бұл жерде «26-нүкте» деп аталатын орын болған. Соның негізінде 1938 жылы НКВД-ның Ақмола арнайы бөліміне (Қарағанды лагеріне) қарасты «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» пайда болды.


Қазір Астана қаласына таяу жерде орналасқан Ақмол поселкесіндегі қуғын-сүргін құрбандарына арналған аллеяда осы лагерьдің аты жазылған тақтайшадағы «отанын сатқандар» деген сөз тырнақшаға алынған.

Тұтқындар лагерьді бір сөзбен «АЛЖИР» деп атады. Бұл лагерьге Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдері мен туған-туыстары қамалды. Осынау сегіз мың әйелдің бар айытары - «халық жауы» атанған күйеулері мен туыстарынан бас тартпағандығы еді. ГУЛАГ лагері Совет Одағының түкпір-түкпірінде қаптап кетті. «АЛЖИР» де жер бетіндегі сондай тозақтың бірі болатын.

Кейін лагерь өз алдына ауыл шаруашылық өндірісі, шеберханасы мен тігін фабирикасы бар сан-салалы шаруашылыққа айналды. 1953 жылы жабылғаннан соң тұтқындар кенті Малиновка деп аталды, кейіннен Ақмол деген атауға ие болды.

Бұл жерді тұтқындарың өзі адам тұратын қалыпқа келтірді. Барак, асхана, мал фермалары, астық қоймалары мен шеберханалардың барлығын тұтқын әйелдер өздері салды. Олардың басым көпшілігі - интеллигенция өкілдерінің қара жұмысқа үйренбеген әйелдері болатын.

«НАНЫН ҚОЯНМЕН БӨЛІСТІ»

Тұтқын әйелдерді қамыс жинап, арық қазып, бақша отырғызуға мәжбүрледі.

Кенттің кейін Малиновка аталуына да таңқурайдың көптігі себеп
Түрменің күзет мұнарасын бейнелейтін мұражай экспозициясы. Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған «АЛЖИР» мұражайы. Ақмол кенті, 12 сәуір 2010 жыл.

болды. Кезінде тұтқын әйелдер жан беріп, жан алып жүріп өсірген бұл бау-бақшаның қазір жұқанасы да қалмады.

Осы лагерьдің бұрынғы тұтқыны Мінтай Дәукенова қытымыр қыс күшейіп, жейтін ештеңе қалмаған соң қоян 600 түп алма көшетінің қабығын кеміре бастағанын айтады. Амалы таусылған әйелдер көшетті құтқару үшін қолдарындағы азын-аулақ нандарын қоянмен «бөлісуге» мәжбүр болыпты.

Өйткені лагерь басшылығы «бір түп көшет солса, шеттеріңнен атамыз» деп қоқан-лоққы жасаған еді. Сондықтан тұтқын әйелдер әрбір көшеттің түбіне бір тілім нан тастапты. Нанды жеген қоян көшетке тиіспеді. Алма бақ көктемге аман-есен ілінді. Қазір бұл жерде «АЛЖИР» деп аталатын мемориалды мұражай кешені тұр.

«ҚҰРТ – ҚЫМБАТ ТАС»

«Отанын сатқандар» әйелдеріне арналған Ақмола лагерінің» бұрынғы тұтқындарының бірі - Гертруд Платайс. Ол 1990 жылы Германиядан Қазақстанға келіп-кеткен сапарында «АЛЖИР» мұражайының қызметкерлеріне жергілікті қазақтарды алғаш қалай көргенін, олардың тұтқын әйелдерге қалай қарағанын айтып беріпті.

Бірде тұтқын әйелдер Жалаңашкөлден қамыс будаларын арқалап
«АЛЖИР» тұтқыны Гертруда Платайстың фотосуретінің көшірмесі. Фотосурет саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған «АЛЖИР» мұражайында сақталған.
келе жатады. Жолда қарттар мен балалар кездесіпті. Балалар үлкендердің айтуымен әйелдерге қарай тас лақтыра бастайды. Қарауылдар "Сендерді Мәскеуде ғана емес, ауылда да жек көретінін байқадыңдар ма!" деп қарқылдап тұрып күледі.

Тұтқын әйелдер «бұлардың балаларға берген тәрбиесі осы ма» деп налиды. Бір әйел әлгі тастардың біріне сүрініп құлайды. Құлаған кезде дәл алдында жатқан тастан сүт пен ірімшіктің исін сезіп қалады. Шетінен бір тістеп көрсе, дәмі тіл үйіреді екен. Сөйтіп тастардың барлығын теріп алып, баракқа алып келеді. Барактағы тұтқын қазақ әйелдер оның тас емес, кептірілген құрт екенін түсіндіріпті.

Гертруд Платайстың бұл әңгімесі «Құрт – қымбат тас» («Курт – драгоценный камень») деген өлеңге арқау болды. Өлеңнің авторы – Ақмола облысы Новоишимка селосында тұратын тарих пәнінің мұғалімі Раиса Голубева.

Экскурсия бөлімінің жетекшісі Раиса Жақсыбаева аштықтың не екенін 1930 жылдары қатты ашаршылық көрген жергілікті тұрғындардың тұтқын әйелдерге көп қарайласқанын айтады.

– Қойшылар бұта-бұтаның түбіне кейде нан, кейде ет тастап кетіп, әйелдерге белгі беретін. «АЛЖИР» тұтқындары жергілікті қазақтарға разы болды. Лагерьдің жақсысы жоқ, бірақ қазақстандық лагерьлерден тірі қалған адамдар көп болды, – дейді Раиса Жақсыбаева Азаттық радиосына берген сұқбатында.

Мұражайда қанша адамның тірі қалғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Бірақ Раиса Жақсыбаеваның сөзіне қарағанда, тұтқын әйелдер негізінен лагерь енді құрылған кездері, 1938-1939 жылдары көбірек өлген.

– Алғашқы жылы әлсіз әйелдер жан тапсырды. Қамауда отырғандар негізінен интеллигенция ғой. Қолдарына қарындаш пен қағаздан басқа нәрсе ұстамаған бұл әйелдер жер қазып, қамыс жинап, трактор жүргізді, – дейді Раиса Жақсыбаева.

ПЛИСЕЦКАЯ – АЛЖИР ТҰТҚЫНЫ

Ақмола лагерінде әйгілі орыс балеринасы Майя Плисецкаяның анасы Рахиль Плисецкая да қамауда отырды. Ол сегіз жылға сотталған еді. Бастапқыда Бутырка түрмесіне қамалып, «халық жауының» әйелі ретінде үкім шығарылған соң сегіз айлық ұлы Азариймен бірге Ақмола лагеріне айдалған.

- Азарий қазір 73-ке толды, Швейцарияда тұрады. Онымен хат жазысып тұрдық.
Рахиль Плисецкаяның (сол жақта) қызы Мая (оң жақта), ұлы Азарий (ортада) және бауыры Александрмен (жоғарыда) бірге түскен фотосуретінің көшірмесі. Фотосурет саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған «АЛЖИР» мұражайында сақталған.
Өткен жылы өзі де келіп кетті, – дейді Раиса Жақсыбаева.

Рахиль Плисецкая «АЛЖИР» лагерінде ұзақ отырмады. Туған-туыстарының ізденістерінің арқасында оны Шымкенттегі еркін қонысқа ауыстырып жіберді.

Рахиль Плисецкаямен бірге болған тағы бір тұтқын Брайн Лурьенің ұлы Михаил Зельцер 2002 жылы Алматыда «Жеті жарғы» баспасынан шыққан «Қасіретті тағдыр іздері» («Страницы трагических судеб») деп аталатын кітапта лагерь өмірін біршама толығырақ баяндайды:

«Бұл лагерьге кім келмеді – әртіс те, ғалым да, инженер де, мұғалім де осында. Қалдық салынған бөшке артылған аттарды әуелгі кезде бастарына шляпа киіп жүрген әйелдер айдайтын. Кейін бұл шляпалар күнге оңып, түрменің қарабайыр киіміне айналып шыға келді».

Харьковтен келген бұрынғы «АЛЖИР» тұтқыны Мария Даниленко да «қамауда отырғандардың 90 пайызы жоғары білімді адамдар еді» деп жазады осы кітаптағы естелігінде.

«Біздің арамызда ленинградтық профессорлар мен Харьков опера театрының труппасы түгелге жуық болді. Инженер, техник, құрылысшы, дәрігер, геолог, мұғалім – бас-аяғы 100-ден астам мамандық иелері бар еді... Лагерьдің қиын өмірін бастан бірге өткіздік қой. Асхана ішін суретпен әшекейлеу үшін қыздар әйелдердің іш киімін қайнатып бояу алу тәсілін тапты. Ленинград көркемсурет академиясының кәсіби суретшілері әдемілеп сурет салып шықты.

- «АЛЖИР» мұражайында Мария Даниленконың оның қызғылт-сары жаздық көйлегі, шляпасы мен туфлиі сақтаулы тұр. Соған қарағанда ол лагерьге осы киіммен келген сияқты, - дейді мұражай қызметкерлері.

Ол өзін ағаш төсегі шала-шарпы жасалған вагонға бір топ әйелдермен бірге тиеп жібергенін айтады. Қыстыгүні тұтқындарды тасыған ондай сталиндік вагон-үйшіктердің үлгісі «АЛЖИР» мұражайының аумағында тұр.

КҮЙЕУІ – «ТРАКТОРИСТ»

«Лагерьде өзінің не үшін отырғанын да білмейтін әйелдер бар еді, – деп жазады Михаил Зельцер «Қайғылы тағдыр іздері» («Страницы трагических судеб») деп аталатын кітабында. – Барактағы көрші әйелдердің бірі шешесіне өзінің еш жазықсыз қамалғанын айтып шағымданушы еді. «Тергеуші: «Сенің күйеуің тракторист» деп айқайлады, ал ол ешқашан тракторист болған емес, бригадир еді», – дейтін. Байғұс әйел «троцкист» деген сөзді ешқашан
«АЛЖИР» барақтарының бірі. Ақмол кенті, 14 сәуір 2011 жыл.

естімеген ғой, «троцкист» дегенді «тракторист» деп түсініпті».

АЛЖИР-де тамаша мектеп болды дейді Михаил Зельцер. «Мұғалімдермен дәл осындай бейресми нағыз достық қарым-қатынасты басқа еш жерден ешуақытта көрген емен. Бірнеше жылдан кейін Ленинградқа оралғанымда кәдімгі мектепке көпке дейін үйрене алмай жүрдім» деп жазады.

Ол жерде Зинаида Гинзбург деген мұғалім неміс тілі мен әдебиетінен сабақ берген екен. «Бірде маған Зинаида Наумовна Белинскийдің пікірін айтып бер деді. Қандай мәселе бойынша екені есімде жоқ. Кітапхана поселкеде бір-ақ жерде – ВОХР-да (военизированная охрана - әскерилендірілген күзет) ғана бар. Содан мен кітапханаға жауапты адам - ВОХР-дың саяси жетекшісіне барып, Белинскийдің бар, жоғын сұрадым. Саяси тәрбиеші «Дивизион құрамында ондай адам жоқ» деп паңдана жауап берді», – деп жазады Михаил Зельцер.

АЛЖИРДІҢ ҚАЛДЫҚТАРЫ

«Отанын сатқандардың» әйелдеріне арналған Ақмола лагерінің» аумағында қазір 4-5 қабат үйлері, дүкені мен клубы бар Ақмол кенті орналасқан. Ауылды кезінде тұтқындар отырғызған қалың терек қоршап тұр.

Бұрынғы лагерьден қалғаны - саз балшықтан тұрғызылған барактардың үйінділері; қазір электростанцияа орналасқан монша, тұтқындарды тексеретін орын ғана. Бұл жерді кейбіреулер тұрғын үйге айналдырып алыпты.

Қуғын-сүргін құрбанының ұлы, жергілікті тұрғын Александр Тайғарынов лагердің аса үлкен болғанын айтады. «Бала кезімізде велосипедпен қайда
Ақмол кентінің тұрғындары 30-50-ші жылдарғы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіш жанында. 14 сәуір 2011 жыл.

барсақ та баллонын жарып келетінбіз, жағалай тікенек сым еді», – дейді ол Азаттық радиосына берген сұқбатында.

- Екі қатар жатқан ұзын-ұзын барактар шикі кірпіштен салынғандықтан құлап қалды, - дейді ол.

«Баракта бір мезгілде 360 адам жататын еді. Ауасы тар болатын. Ашыққан әйелдер қоқыс арасынан қырыққабаттың өзегін жинап, құтыға қайнатып ішкенде барак түгел сасып кететін. Бізді әкететін қарауыл ішке кіруден жиіркеніп, кезекші кемпірлердің бірін тұтқындарды санап шығуға жіберетін. Әйелдер: «Бізді алтын күзеткендей күзетіп, б...-қа балайды» деп күлетін» деп жазады бұрынғы тұтқын Мария Даниленко.

Осы лагерде шешесі Брайн Лурьемен бірге тұрған Михаил Зельцер лагерьдің биік тікенек сыммен қоршалғанын, бұрыш-бұрыштарда арнайы баған үстінде қарауыл тұрғанын, одан әрі жыртылған жер мен арасына сым тартылған бағандар болатынын айтады.

«Ол сымға қарауыл иттерін ұзын қарғыбаумен байлап қоятын. Дәу иттерді түнде алып келеді, қарғыбауды үзіп кетуге шақ тұрған иттерді көргенде балалар түгілі үлкендердің өзінің зәре-құты қалмайтын. Бір сөзбен айтқанда, нағыз концентрациялық лагерь еді», – деп жазады Михаил Зельцер өз естелігінде.

Бұрынғы тұтқындардың кейбірі «Отанын сатқандардың» әйелдеріне арналған Ақмола лагерінен» сол күйі кетпей қалды. Кейін бұл жерге жер аударылғандар мен алғашқы тың игерушілер орналасты. Бірқатар тұтқындар осында қалып, жаңа өмір бастады. Бұл туралы Азаттық радиосы келесі репортажында баяндайды.
XS
SM
MD
LG