Accessibility links

«Әблязовты қайтарайық»: Министрліктің бұған қатысы жоқ


"Әблязовты қайтарайық" коалициясының өкілі Бақытжан Жүнісбеков (оң жақта) журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 12 тамыз 2013 жыл.
"Әблязовты қайтарайық" коалициясының өкілі Бақытжан Жүнісбеков (оң жақта) журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 12 тамыз 2013 жыл.

Жуықта құрылған «Әблязовты қайтарайық» коалициясының белсенділері Францияның Қазақстандағы елшілігіне барып, Мұхтар Әблязовты экстрадициялауға шақырған хат тапсырды.

Францияның Қазақстандағы елшісі Жан-Шарль Бертонэге жолданған үндеу-хатта 43 адамның аты-жөні, қызметі мен жұмыс істейтін мекемесі көрсетілген. Бірақ компьютерде терілген мәтінде нақты ешкімнің қолы жоқ. Хатта Мұхтар Әблязовқа қатысты жайттарға байланысты «Францияға барып, өзіміздің тәуелсіз қоғамдық пікірімізді білдіруге әзірміз» деп жазылған.

Үндеу-хат иелері «Өз халқын арсыздықпен тонап, ұрлаған ақшаны оффшорлық есеп-шоттарға аударған Әблязов енді лайықты жазасын отанында алуы тиіс» дейді.

Ақорданың ең ықпалды сыншысы, БТА банктің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов Украинаның өтініші бойынша 31 шілдеде тұтқындалып, қазір Францияның оңтүстігінде қамауда отыр. Ол Қазақстанда өзіне тағылған айыпты («қаржылық алаяқтық жасады») «негізсіз» дейді.

Хатты тапсыру үшін елшілік ғимаратының алдына бірнеше адам ғана жиналды.
Әблязовты экстрадициялауға шақырған хатқа аттары тіркелген азаматтар мен ұйымдар. Астана, 12 тамыз 2013 жыл.
Әблязовты экстрадициялауға шақырған хатқа аттары тіркелген азаматтар мен ұйымдар. Астана, 12 тамыз 2013 жыл.
Астанадағы танымал белсенділердің ішінен «Баспана құқығы» ұйымының төрайымы Ғалия Бөлегенова көзге түсті.

Белсенділер видеокамераға түсуден қашқақтаумен болды. Жиналғандардың арасынан көбінесе «Самғау-Астана» қоғамдық қорының директоры

Бақытжан Жүнісбеков ғана сөйледі. Ол Мұхтар Әблязовті неліктен Қазақстанға қайтару қажет екенін түсіндіруге тырысқанымен, өз ұйымының қызметі жайлы сұраққа тұщымды ештеңе айта алмады.

Өзін «Сараптама және инновация орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Ахтан Жүнісбековпін деп таныстырған тағы бір белсенді «Әблязовты қайтарайық» коалициясының құрылғанын әлеуметтік желілер арқылы білгенін айтты.

- Елжанды азамат ретінде бұл істен қалыс қала алмадым, - дейді Ахтан Жүнісбеков.

ВИДЕО: «Сараптама және инновациялар орталығы» ұйымының төрағасы Ахтан Жүнісбеков журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Қазақстандық ҮЕҰ өкілі Әблязовты қайтаруды сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:08 0:00

Белсенділер тілшілерге өз бастамасымен жиналғанын мәлімдеді. Ахтан Жүнісбеков бұл акцияға мәдениет және ақпарат министрлігінің ешқандай қатысы жоғын айтты.

Франция елшілігі ғана емес, басқа елдердің өкілдіктері де орналасқан ғимараттың жанына жиналған билікке жақын ақпарат құралдарының тілшілері бұл акцияға мәжбүрлі түрде келгендерін жасырмады.

Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі 12 тамыз күні таңертең «Әблязовты қайтарайық» коалициясының акциясы туралы хабар таратты. Кейін министрлік қызметкерлері журналистердің «Неліктен бұл акцияға мәдениет министрлігі шақырды?» деген сауалына жауап беруден қашқақтады.

Азаттық тілшісінің сауалына Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат және мұрағаттар комитетіне қарасты жазба ақпарат құралдары басқарамасының қызметкері Айжан Дәрібаева ешқандай түсінік бере алмайтынын айтты. «Франция елшілігі жанында акция өтетіні жайлы хабарды неліктен министрлік таратты?» деген сұраққа Айжан Дәрібаева «Өйткені солай...» деп жауап берді.
– Таза құқықтық мәселе аяқ астынан саяси сипаттағы мәселеге айналып шыға келді. Біз мұны еуропалық елдермен қарым-қатынасымыздың дамуын қаламағандардың әрекеті деп бағалаймыз.
Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай.

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай журналистерге «Мұхтар Әблязовты Қазақстанға экстрадициялау Қазақстан мен Еуроодақтың қарым-қатынасына ешқандай нұқсан келтірмейді» деп мәлімдеген.

– Таза құқықтық мәселе аяқ астынан саяси сипаттағы мәселеге айналып шыға келді. Біз мұны біздің еуропалық елдермен қарым-қатынасымыздың дамуын қаламағандардың әрекеті деп бағалаймыз, – деді ол.

Астанадағы француз елшілігі ғимаратының жанында «Әблязовты қайтарайық» коалициясы белсенділерінің ұйымдастырған акциясы бейбіт өтті. Жиын барысын акция соңына қарай келген екі полицей сырттай бақылап, коалиция өкілдеріне жақындамады. Күзетшілер елшілік алдынан кетуді қайта-қайта өтінгенімен, ешкімді қуып таратпады.

«Әблязовты қайтарайық» коалициясы оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовқа қатысты өзінің алғашқы үндеуін өткен аптада Алматы қаласында жария еткен еді. Олар бұл шараны Астана мен Алматыда Әблязовты қолдаған акциялар өткен соң ұйымдастырды. Кейбір сарапшылар «Әблязовты қайтарайық» коалициясына қатысушыларды «Ақордаға бағынышты жандар» деп атап, олардың акциясын «ақпараттық соғыс» деп сипаттайды.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG