Accessibility links

Журналист өліміне қатысты сот үкімі шықты


Игорь Кимнің жесірі Наталья Ким сот үкімін күтіп отыр. Ақтөбе, 27 желтоқсан 2013 жыл
Игорь Кимнің жесірі Наталья Ким сот үкімін күтіп отыр. Ақтөбе, 27 желтоқсан 2013 жыл

Ақтөбелік журналист Игорь Кимнің өліміне қатысты айыпталған Мирболат Сұлтанов бүгін 5 жыл 3 айға сотталды. Екі тарап та негізгі күдіктілер жауапқа тартылмады деп санайды.

Ақтөбе қалалық сотының судьясы Дәуренбек Дәуімов желтоқсанның 27-сі күні сотталушы Мирболат Сұлтановты қылмыстық кодекстің 178-бабының 2-бөлімі (топ болып адам тонау – ред.) бойынша айыпты деп тапты. Үкімге сәйкес 5 жыл 3 айға сотталған Сұлтанов жазасын жалпы режимдегі абақтыда өтейді, жәбірленушінің отбасына 544 мың теңге материалдық шығын төлеуі тиіс.

Игорь Кимнің (журналистік лақап аты – Игорь Ларра) жесірі Наталья Ким сот үкіміне разы емес. Ол әу баста күйеуін тонамақ болды деп айыпталғандардың саны 5 адам болғанын айтады.

«Игорь тамыздың 20-сы күні Ақтөбенің «Авиақалашық» деп аталатын ауданында соққыға жығылды. Араға 2 ай салып дүниеден өтті. Күйеуім өзін өлімші етіп сабағандардың 5 адам екенін көзі тірісінде айтып кеткен болатын. Алайда алдын ала тергеу кезінде айыпталушылардың екеуі куәгерге айналып шыға келді. Қалған екеуі ұшты-күйлі жоқ. Мен сот үкіміне қанағаттанған жоқпын. Қолын қанға малғандар жазаларын алуы тиіс» деді Наталья Ким Азаттыққа.

Соққыға жығылған ақтөбелік журналист Игорь Ларра. 21 тамыз, 2013 жыл
Соққыға жығылған ақтөбелік журналист Игорь Ларра. 21 тамыз, 2013 жыл

Наталья Ким күйеуінің өліміне журналистік кәсібі себеп болды деп сенімді түрде айта алмайды, бірақ ол факторды ды біржола теріске шығармайды.

Ал сотталушының адвокаты Назгүл Дүйсенбекованың сөзінше, жәбірленушіге өмірінің соңғы жылдары «панкреонекроз» деген диагноз қойылған. Сондықтан адвокат Игорь Кимді сотталушы Сұлтановтың соққысынан өлді деп санамайды. Сот алдында ақтық сөзін айтқан Мирболат Сұлтанов: «Мен оны ұрған жоқпын. Кеуде тұсынан бір рет тепкенім рас» деп Игорь Кимнің жесірінен кешірім сұрады.

Сотталушының ағасы Мұхаметжан Сұлтанов Азаттық тілшісіне Ақтөбе қалалық прокуратурасына желтоқсанның 10-ы күні жазған шағымын көрсетті. Онда ол Игорь Кимді тонау мақсатында соққыға жықты деп айыпталған 5 азаматтың бірі Ақтөбе облысының Алға қаласында тұрып жатқанын хабарлаған. Ол тергеу органдарының «іздеу жариялағанымен қам-қарекетсіз отырғанына» наразы, үкімнің біржақты болмауы үшін басқа күдіктілерді де тексеріп, жауапқа тарту керек деп санайды.
Мұхаметжан Сұлтанов, сотталушы Мирболат Сұлтановтың ағасы. Ақтөбе, 27 желтоқсан 2013 жыл
Мұхаметжан Сұлтанов, сотталушы Мирболат Сұлтановтың ағасы. Ақтөбе, 27 желтоқсан 2013 жыл


Игорь Кимнің жесірі Натальяның мүддесін қорғаған заңгер Бақтығұл Қанатов та «басында күдікті ретінде танылған бес адамнан бір адамның ғана ісі сотқа жеткеніне» наразы.

«Сот тергеу барысында жіберілген олқылықтарға мән беруі керек еді» дейді адвокат Бақтығұл Қанатов.

Ал судья Дәуренбек Дәуімов Азаттыққа: «Мен алдыма келіп түскен заңды дәйегі бар материалдарға қатысты үкім шығардым. Сұлтанов қылмыстық кодекстің 178-бабының 2-ші бабы бойынша сотталып отыр. Бұл бап қылмысқа топтасып барғандарға ғана қолданылады. Іздеу жарияланған қалған азаматтар табылып, материалдары сотқа жеткізілетін болса, оны да қараймыз» деді.

Журналист Игорь Ким 2013 жылғы тамыз айында таяққа жығылып, қазанның 14-і күні 42 жасқа қараған шағында ауруханада дүние салған. Еңбек жолын Ақтөбедегі «Рифма» радиосында бастаған ол өмірінің әр кезеңінде «Диапазон», «Арба», «Тұран», «Взгляд», «Свобода слова» басылымдарында жұмыс істеген болатын.
XS
SM
MD
LG