Жұма, 25 мамыр 2012, Алматы 02:49

МӘДЕНИЕТ

Алып ақындар жырларын жатқа айтатын алты жасар Хадиша әртіс те, президент те болғысы келеді

Қазақ ақындарының інжу-маржан өлеңдерін үш жасынан құлағына құйып өскен Хадиша Бақбергенқызы қазір олардың жиырмаға жуығын жатқа біледі. Биыл ол бірінші сыныпқа барған. Тілі шыға бастағаннан-ақ ақындар әлеміне жетелеген әкесі Бақберген сәбиінің ана тілінің құдіретін танып-біліп өсуін ойлағанын айтады

6 жасар Хадиша қазақ ақындарының өлеңдерін оқудан жалықпайды. 2010 жыл, 25 ақпан.
x
6 жасар Хадиша қазақ ақындарының өлеңдерін оқудан жалықпайды. 2010 жыл, 25 ақпан.
Мәтін көлемі - +
Кішкентай Хадишаның мәнерлеп оқыған өлең-жырлары мен әкесі екеуінің Азаттыққа айтқан әңгімесін осы арадан тыңдай аласыздар

БАЛАУСА ҮНМЕН ЖЕТКЕН ЖЫРЛАР

Ана құрсағында тоғыз ай толық жетіліп үлгермей, жеті айлығында жарық дүниеге асыққан Хадиша қазір алты жаста, ол Алматыдағы Бөлтірік Атханұлы атындағы № 36 мектеп гимназиясының бірінші сыныбында оқиды.

Оқушы Хадиша қазақ ақындарының інжу-маржан жырларымен әкесінің арқасында танысқан, алдымен Абайды таныған, Мағжан мен Мұқағали өлеңдерін жаттап алған
 
– Мен ең алғаш қысқа өлеңдер жаттадым, «мысық отыр партада» деген сияқты. Содан кейін әкем Абай Құнанбаевтың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңін үйретті.
Хадиша Бақбергенқызы қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа біледі және мың бұралып билейді. наурыз, 2009 жыл.


«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба
Ойнап босқа күлуге...», – дейді кішкентай сұхбаттасымыз.

Әкесі алпысқа жақындағанда көрген кенже қызының тәрбиесімен өзі тікелей айналысатынын айтады. Ғибраты мол өлең жырларды жатқа білу баланың көңіл көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, оны ана тілінің құдіретін терең танып-біліп өсуіне ықпал етеді деп білген әке қызы әріп танымай тұрғанда- ақ өлең жырларды жаттатқан.

– Мен тез зуылдатып оқи алмаған кезде, әкем маған оқып отырады мен соны қайталап жаттап аламын. Қазір кейде өзім оқимын, түсінбеген жерімді әкемнен сұраймын. Маған көбіне қазақ халқы туралы өлеңдерді жаттаған ұнайды, – деген ол Мағжан Жұмабаевтың бір өлеңін оқып берді:

«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін!..».

 ТӘРБИЕ ӨЗЕГІ - ӨЛЕҢДЕ

Хадиша – отбасының кенжесі. Оның Таңшолпан есімді әпкесі бар. Бақберген Шүкірбайұлы, үлкен қызымен арасы 11 жас болғандығына қарамастан араларында кикілжіңдер болатындығын жасырмайды. Дегенмен «біз оны бейбіт жолмен шешуге тырысамыз» дейді Бақберген Шүкірбайұлы.

Алты жасар Хадиша әкесі Бақберген Шүкірбайұлымен бірге. Алматы, 25 ақпан 2010 жыл.
«Ондай кезде мен Хадишаның ерке бала екендігін еске саламын. Хадишаның айтқанын бәріміз тыңдауымыз керек. Хадишаның айтқаны әр уақытта дұрыс болуы керек. Ақылы бар бала өсе келе өзінің дұрыс жағын да, бұрыс жағын да біледі. Бірақ баланың жас уақытында көңілін қайтармай, ренжітпей тәрбиелеу керек», - деген әкесінің сөзін Хадиша: «Әкем мені жанына алып жүреді, анам ұрысқан кезде әкемнің жанына барып аламын, ол маған ұрысқызбайды», – деп жалғастыра жөнелді.

– Қазір бірінші сыныптың кітаптарында жақсы тақпақтар бар, бірақ кейбіреулерінің тәрбиелік мәні әлсіздеу. Ал Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Мұхтар Шаханов сияқты ақындар өлеңдерінің айтары көп. Мен қызыма әрдайым «жаттаған өлеңдеріңді үнемі қайталап жадыңнан шығарма!» деп айтамын. Өйткені, ол – өзіңнің қорың. Біздің өлеңдерде қаншама тамаша сөздер бар, - дейді Хадишаның әкесі.

Хадиша жеті, сегіз тіпті он шумақ өлеңдерді жатқа біледі. Оларды есте сақтау үшін бастысы - өлеңнің мағынасын түсіну маңызды дейді Хадишаның әкесі.

– Мен ең әуелі шумақ-шумағымен оқимын, сосын өзім талдап беремін. Сосын қызыма қайталатқанымда ол жаттай бастайды. Әбден жаттап болған соң өлеңнің мазмұнына көңіл бөліп оқуға үйретемін, – дейді Бақберген Шүкірбайұлы.

Сөз арасында Хадиша өзінің арманы әртіс әрі президент болу екендігін айтқан еді.

– Мен танымал болу үшін әртіс болғым келеді. Содан кейін президент болғым келеді. Президент қазақша сөйлейді. Мен президент болғанда барлығына айтып қазақ тілінде көп кітап шығартар едім. Сосын барлық балаларды қазақ тіліне үйретер едім, орыстарды да, – дейді алты жасар Хадиша.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: ата Қайдан: алматы
27.02.2010 18:11
+0 / -0
Бұл баланы Алла тағала тіл көзден сақтасын, өлеңдерді әдемі оқиды екен, ана тілге құрмет осылай басталатын шығар. Әкесі бір жақсы азамат екен, өркені өссін балаңыздың.

Кімнен: қазақ
27.02.2010 18:17
+0 / -0
Өркенің өссін, талабыңа нұр жаусын сіңлім!!!

Кімнен: Қазақ қызы
27.02.2010 20:12
+0 / -0
Хадиша, атыңнан айналдық сенің. Алла жар болсын саған!!! Әкеңнің үміті зор екен, асқар тауың, мақтанышың әкеңнің тілегі мен үмітін ақтауға тырыс.

Кімнен: жомарт Қайдан: Европа
28.02.2010 04:12
+0 / -0
Хадиша өркенің өссін, талабыңа жет. Ата -ананың бәрі де бала тәрбиесіне осылай мән берсе ғой шіркін

Кімнен: самал Қайдан: сарқанд
28.02.2010 05:42
+0 / -0
Болайын-ақ деп тұрған бала екен, аман болсын. Баланың тілін ұштау деп осыны айтуға болар. Хабарды тыңдап шықтым, қысылмай еркін сөйлейді екен Хадиша.

Кімнен: көреалмас Қайдан: жамбыл
28.02.2010 05:44
+0 / -0
Бала тілі шыққаннан не жаттатса соны санасына құйып алады да, онда тұрған не бар екен, өләәәәә

Кімнен: Еркін
28.02.2010 14:22
+0 / -0
жақсы хабар, толық тыңдап шықтым, әкесінің тәрбиесін көргені байалып тұр. Тек түсінбегенім қыздың өзі "әкем" деп атаса, суретін бергенде неге "папасы" деп жазып қойғансыздар?

Кімнен: Елуекі Қайдан: Қазалы
01.03.2010 12:05
+0 / -0
Бала тілі бал дегендей Хадишаның нұры жансын

Кімнен: Абылай Қайдан: Астана
01.03.2010 12:10
+0 / -0
әй қарағам, оданша әнші болағой. Түріңнен айналдым. Өзің сондай сүйкімді қыз екенсің, тіл көзім тасқа, ойлаған арманыңа жет. Қасыңда отырған папаң ба әлде атаң ба? Ол да бет жүзінен мейірімі төгіліп тұрған адам екен. Бірақ, сенің басшы боламын деген арманың маған ұнамады. Әзірше бұл ойыңды ешкімге айтпай тұра тұрмадың ба? Ел басқарамын деген арман қауіпті, әсіресе біздің елде. Атаң жақсы білуі тиіс, ел басқарғысы келген Әлиев қашты, сондай ойы бар Әблязов та елден кетті. Оларға бұл сара жолды Қажыгелдин салып берген еді. Оданша сен әнші бол. Әнші болған пайдалы. Өйткені, қазір біздің НӘН нің алжи бастаған кезі, ол өзінің тағына көз салатын кез келген адамды аямайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын екі арасытандай азаматымыз, өліп кеткен жоқ па, НӘН нің тағына көз саламыз деп. Сондықтан, қарағамы бұл ойыңды, арманыңды әлі НӘН кеткенше құпяида сақта, ел жұрттан жасыр. Бұл саған ғана емес, бүкіл қазаққа айтар ақылым.

Кімнен: оқығыш Қайдан: Қызылорда
01.03.2010 19:10
+0 / -0
Азаттықтан да жақсы нәрсе оқуға болады екен ғой, мына сәбидің ата-анасына мың алғыс, бала өсірсең осылай өсіру керек екен ау.

Кімнен: Мәншүк Асаутай Қайдан: Almaty
02.03.2010 09:33
+0 / -0
Құрметті оқырман, лебіздеріңізге мың алғыс. Хадишаға айтылған жақсы тілектер Алланың құлағына шалынсын!