Accessibility links

Банк клиенттерін дүрліктіру кімге қажет болды?


Kaspi bank бөлімшесіндегі салымдарын қайтарып алуға келген жұрт. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.
Kaspi bank бөлімшесіндегі салымдарын қайтарып алуға келген жұрт. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.

Азаттыққа сұхбат берген экономист «девальвациядан кейін жұрттың Ұлттық банкке сенімі азайды, екінші дәрежелі банктердің де жағдайы қиындады, бірақ Ұлттық банктің жағдайды тұрақтандыруға шамасы жетеді» деп санайды.

Осы аптада Қазақстан тұрғындары арасында «Альянс банк», Kaspi Bank және «ЦентрКредит банкінің» банкротқа ұшырағаны жайлы қауесет тарап, тұрғындар жинаған салымдарын банктен жаппай қайтарып ала бастады. Банктер қанша клиентінен айрылғанын әзірге жарияламай отыр. «Арандатушылардың анықталғанын» мәлімдеген бас прокуратура «жалған SMS хабарламалар банктердің жұмысына қыруар зиян тигізіп, әлеуметтік дүрдараздық тудырған» деп бағалады.

Арандату әрекеттері кімге қажет болды? Қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қоры банктер банкротқа ұшыраған жағдайда салымшылардың ақшасын өтеп бере ала ма? Азаттық осы және тағы да басқа мәселелер төңірегінде экономист Марат Қайырленовпен сұхбаттасты.

Азаттық: – Марат мырза, «банктер банкроты» туралы жұрт арасында дүрбелең туғызу кімге қажет болды? Және неге нақты үш банкке қатысты ақпараттық шабуыл жасалды?

Марат Қайырленов: – Жалпы бұл жерде «күдікке ілінушілер» аз емес. Негізгі нысана – Kaspi банк немесе «ЦентрКредит банкі» болуы ықтимал. Қазір банктер
Экономист Марат Қайырленов.
Экономист Марат Қайырленов.
нарықтың өте шағын сегменті – тұтынушы несие нарығында қатты бәсекелесіп жатыр. Мысалы, былтырғы есеп бойынша берілген несиелердің 70 пайызын тұтыну несиесі құраған.

Тағы бір ықтимал мақсаттардың бірі – банктерге рейдерлік шабуыл жасап, салымшыларын дүрліктіру арқылы деңгейін төмендету, мұнан соң арзан бағамен өздерін сатып алу. Ал «Альянсты» бұл қауесеттің шынайы көрінуі үшін қосып қойған шығар.

Азаттық: – Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов пен аты аталған банктер ақпаратты жоққа шығарып, жұртты сабырға шақырса да, неліктен халық арасында әбігерге түсу толастамай жатыр?

Марат Қайырленов: – Бірінші себеп – девальвациядан кейін банктердің өздерінің қиын жағдайға тап болуы. Мұны халық та сезбей отырған жоқ. Теңгенің құнсыздануы біздегі банктерге қатты соққы болып тиіп отыр. Банк міндеттемелерінің шамамен 75 пайызын заңды және жеке тұлғалардың депозиттері құрайды. Олардың басым бөлігі доллармен салынған. Девальвация салдарынан олар 20 пайызға өсті. Активтерге келсек, олардың жағдайы тіптен қиын. Валюталық несиемен қарыз алғандар қарыздарын уақытында төлемеуді бастады, соның кесірінен проблемалық несиелер көбейеді. Ал бұл – шынайы қауіп.

Екіншіден, менің ойымша, Ұлттық банк қауесет туралы жылдамырақ мәлімдеме таратуы керек еді. Және жалаң сөздермен емес, бірден, мысалы, депозиттік
Ұлттық банк алдында арыз жазып отырған борышкерлер. Алматы, 19 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ұлттық банк алдында арыз жазып отырған борышкерлер. Алматы, 19 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
портфель көлемінде банктерді ұстап тұру үшін кредиттік желі ашу сияқты шаралар қабылдайтынын айтуы керек еді.

Билік девальвация жайлы шешім шығарғанда оның нарыққа әсерін есептеді ғой. Бұл 2009 жылғы девальвация емес. Оның алдында 7 жыл бойы мемлекет экономикасы дүрілдеп дамыды. Қаржылық қорлар сақталды. Девальвация да сәл жеңілдеу өтті. Ал қазір ондай қорлар жоқ. Бұл девальвация қоғам мен экономикаға ауырлау тиіп жатыр.

Үшіншіден, халықтың ұлттық банкке сенімінің төмендеуі себеп болды деп ойлаймын. Себебі девальвация болардан бір апта бұрын ұлттық банк «бәрі қалыпты» деп мәлімдеген еді.

Азаттық: – Қазіргі жағдайда елдегі банк секторының тұрақтылығына қауіп бар ма?
Біздегі банктер жеке тұлғалардың депозиттеріне тәуелді.
Экономист Марат Қайырленов.

Марат Қайырленов: – Жалпы валюталық қайта есептеуге байланысты банктер қысым көріп отыр. Біздегі банктер жеке тұлғалардың депозиттеріне тәуелді ғой. Бірақ Ұлттық банк жағдайды тұрақтандырып ұстап тұра алады деп ойлаймын. Оған мүмкіндігі де жетеді.

Азаттық: – Шартты түрде алатын болсақ, егер елдегі қандай да бір банк банкротқа ұшыраса, Қазақстанның депозитттерге кепілдік беру қоры салымшылар алдындағы міндеттерін орындай ала ма?

Марат Қайырленов: – Бұл банктің актив көлеміне байланысты ғой. Егер бұл ірі бөлшек сауда банкі болса, онда жағдай оңай шешілмейді. Бірақ егер қажет болған жағдайда депозиттерді кепілдендіру қорына Ұлттық банк немесе Ұлттық қор есебінен қосымша капитал бөлінеді деп ойлаймын (Қазақстандағы тәуекелдерді азайту бойынша банктер мен қаржы ұйымдарының қызметін реттеу туралы заңға сәйкес салымшылар банк банкрот болған жағдайда өзі ақша салған әрбір банктен 5 миллион теңгеге дейінгі салымын қайтарып ала алады – ред.).

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG