Accessibility links

Оралман жайлы қаулыны орындата алмағандар шағымы


Қазақстандағы оралмандар. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы оралмандар. (Көрнекі сурет)

Үкіметтің оралмандар қоныстанатын өңірлерді айқындау туралы қаулысы негізінде былтыр көшіп келген кей адамдар әлі жәрдем ала алмай жүр. Ал Қазақстан көші-қон комитеті мәселені «жергілікті билік шешуі тиіс» дейді.

Шетел қазақтарын солтүстік өңірлерге қоныстандыру жайлы үкіметтің алғашқы қаулысы 2014 жылы шығып, оралман қабылдайтын жеті облыс (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары) белгіленді. Бірақ сол жылы шілдеде квотамен келетін оралманды барлық облыстарға қоныстандыратын басқа қаулы қабылданды. Ал биыл ақпанда жаңа қаулы шығып, шеттен келетін қазақтар қайтадан жеті облысқа ғана қоныстанатын болды. Қаулылар шыққанда көшіп келушілерге әлеуметтік көмек (жұмыс, баспанамен қамту, жол-тасымал шығындарын өтеу) берілетіні қоса хабарланып отырды. Бірақ көшіп келген кейбір қазақтар дүркін-дүркін шыққан қаулылардан қайран жоғын айтады.

Орындалмаған "оралман жайлы қаулы"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:26 0:00
Жүктеп алу

«БЕРГЕН УӘДЕЛЕРІНІҢ БІРДЕ-БІРІ ОРЫНДАЛҒАН ЖОҚ»

Орта жастағы Дүйсен Сахабаұлы Қытайдан Павлодар облысы Ақсу қаласына 2015 жылы қазан айында көшіп келгенін айтады. Онымен бірге тағы үш отбасы келген. Бірақ ол «көшіп келгенге дейін берген уәделерінің бірде-бірі орындалған жоқ» дейді.

- Біз осында көшіп келмес бұрын қала әкімдігімен байланысқа шықтық. Олар оралмандарды қоныстандыру аймақтарының белгіленгенін, соған байланысты үкімет қаулысымен әлеуметтік пакет берілетінін айтты, - дейді Дүйсен Сахабаұлы.

Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман әйелдер. Қазақстан, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман әйелдер. Қазақстан, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Алайда Дүйсен және онымен бірге көшіп келген үш отбасы Ақсу қаласы жанындағы «60 жылдық» аталатын ауылда үй жалдап тұрып жатыр.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Павлодар облысы Май ауданына былтыр Қытайдан қоныс аударған Баян Махмұтбекқызы да баспана алмағанын, екі баласымен жалдамалы пәтерде тұратынын айтады. Оның мектеп жасында екі баласы бар. Баян Махмұтбекқызы балаларының мектепте қытай тілінде оқығанын, сондықтан қазір қатарластарына ілесіп кету үшін олардың сабақтарына қарайлап, жұмысқа шыға алмай отырғанын айтты.

- Қазақстан азаматтығына құжат тапсырған жоқпын, оралман куәлігімен жүрмін. Өйткені жұмыссызбын. Қытайға барып, туыстарымнан ақша әкелемін. Бір барғанымда соғымымды алдым, екінші барғанымда қыстық отынымды қамдап алдым. Оған қоса, пәтер жалдап тұрып жатырмын. Егер азаматтық алсам, шекарадан ары-бері өте алмай қаламын. Тіршілік етуім қиындап кетеді. Балаларымды қазақша оқыту үшін ғана көшіп келгем, - дейді Баян Азаттық тілшісіне.

АЙҚЫНДАЛҒАН АЙМАҚҚА ҚОНЫСТАНҒАНДАРҒА КӨМЕК

Оралмандар қоныстанады деп белгіленген өңірлерге көшіп барған этникалық қазақтарға қандай көмек көрсетілетіні жөніндегі Азаттық сауалына Қазақстан денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің көші-қон комитеті жазбаша жауап берді.

Комитеттің жауап хатында «қаулыда көрсетілген облыстар тек оралмандар мен қоныс аударушыларды өңірлік квотаға енгізіп, мынадай әлеуметтік көмектерді «Жұмыспен қамту -2020 жол картасы» бағдарламасы аясында көрсетеді. Олар: көліктік, жол жүру және жүк тасымалдау (отағасына 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК - 2121 теңге) және отбасы мүшелеріне 35 АЕК көлемінде, ал бес адамдық отбасына 351 мың тенге беріледі) шығындарын өтеу, қызметтік үй, жатақханадан бөлме беру (жастарға), өңірде бес жыл тұрғаннан кейін қызметтік үйді жекешелендіріп алу құқығын беру (қалған құны бойынша)» деп жазылған.

Көші-қон комитетінің өкілі Марат Тоқсанбаевтың Азаттыққа берген ақпараты бойынша, «белгіленген аймаққа көшіп келген оралмандарды әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету жергілікті әкімдіктің құзіретінде».

«Қоныстандыру өңірін айқындау туралы үкіметтің қаулысы қабылданды. Соған байланысты оралмандар мен ішкі қоныс аударушыларға арналған көшіп келу квотасы бекітілді. Оның бәрі республиканың бюджетінен бекітіліп, қаржылай көмек жергілікті атқарушы органдарға берілетін болды. Сол арқылы үй мәселесін жергілікті атқарушы билік шешеді» дейді ол.

"Бізді неге шақырдыңдар!" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған оралман отбасы. Ақтөбе, 14 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
"Бізді неге шақырдыңдар!" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған оралман отбасы. Ақтөбе, 14 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Алайда Азаттық тілшісімен сөйлескен Баян Махмұтбекқызы да, Дүйсен Сахабаұлы да ондай көмектерді көрмегендерін айтты. Азаттық тілшісі Павлодар облысы Май ауданы мен Ақсай қаласы әкімдіктеріне хабарласқан еді. Бірақ қабылдау бөлмесіндегі хатшылардың ақпаратына қарағанда, аудан және қала әкімдері мен олардың орынбасарлары «сайлау мәселелерімен ауыл-елді аралап» немесе «жиналысқа кеткен». Екі әкімдік өкілдерінен жауап алу мүмкін болмады.

Ал көші-қон туралы Қазақстан заңында шетелдегі этникалық қазақтар көшіп келу квотасына өтініштерін Қазақстанға келгеннен кейін немесе өзі тұратын елдегі Қазақстан өкілдігіне бере алатыны, оған үш ай ішінде жауап берілетіні жазылған. Квотаға енген жағдайда олар Қазақстан азаматтарымен «тең жағдайда әлеуметтiк қорғалумен, жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етiледi». Заңда оларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер және үй құрылысына ипотекалық қарыз алу құқығы берілетіні көрсетілген.

Соңғы жылдардағы мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда оралман мәртебесін 2014 жылы 3792 отбасы немесе 8247 адам, ал 2015 жылы 1920 отбасы немесе 4882 этникалық қазақ алған.

XS
SM
MD
LG