Accessibility links

«Үйреншікті үгітке» ақша жоқ, оппозиция әлеуметтік желіге көшті


ЖСДП өткізген азаматтық тыңдауға қатысқандар. Астана, 23 ақпан 2016 жыл.
ЖСДП өткізген азаматтық тыңдауға қатысқандар. Астана, 23 ақпан 2016 жыл.

Оппозициялық ЖСДП мерзімінен ерте мәжіліс сайлауы науқанын әлеуметтік желілерде жүргізбек. Газетке үйренген адамдар «ақпаратты әлеуметтік желіден алып үйренбегенбіз» деп кейиді.

Астананың шетіндегі жұрт көп білмейтін қонақүйдің шағын конференц-залы жұртқа жартылай толды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) өткізген азаматтық тыңдауға қатысқандардың ішінде жасы 50-ден асқандар көп болды. Олардың көбі партияның бұл жолғы үгіт алаңы – әлеуметтік желілерге көп кірмейтін болып шықты. Оппозициялық партия өкілдерінің айтуынша, бұл жолы олар сайлаушылар дауысына таластың жаңа тәсіліне жүгінген.

ЖСДП-ның Астана қаласындағы бөлімшесі жетекшісі Асхат Рақымжановтың айтуынша, үгіт парақтары мен баннерлер шығару, телевизияда сөйлеу сияқты жұртқа үйреншікті үгіт-насихат жүргізуге партияның ақшасы жоқ.

Бірақ партия өзге кез-келген саяси партиямен дебатқа шығуға әзір екенін мәлімдейді. Партия өкілдері егер бұл шақыруымызды ешкім қабылдамаса, өзге партиялар «ашық саяси айтыс-тартыс немесе диалогтан қорыққаны» деп санайды. Бұрынғы сенатор әрі партия белсендісі Уәлихан Қайсаров «Қазақстан қоғамы саяси тұрғыдан өте белсенді, оларға бұл шайқасты өңінде көру қызық» дейді.

– Біз неге дауыс беруге баруымыз керек? Мен тіпті оппозиционер емес, қарапайым, бірақ саналы адам болсам, елімнің парламенті «Ла Скала» театрына ұқсап кетпес үшін сайлауға барып, оппозицияға, оның ішінде ЖСДП-ға дауыс берер едім. Қарасаң, «Нұр Отанның» әлдебір концертке немесе спорттық шараға шақырған плакаттары ілініп тұр. Біз партия тізімін өз саласының кәсіби мамандарынан, жауапты, идеяға шын берілген табанды әрі балалары мен немерелерінің болашағы үшін қам жейтін адамдардан түздік, – дейді Асхат Рақымжанов.

Партияның үгіт жүргізу үшін интернетке көшкені тыңдауға қатысқан жақтастарының көбіне ұнамады. Жуырда «араздықты қоздырғаны үшін» үш жылға сотталып, қазір апелляциялық сотты күтіп отырған белсенді Ермек Нарымбаевтың әкесі Ерсайын Нарымбаев сайлаушылардың көбі «интернетте отыр» деп ойлау қате деп есептейді.

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевтың әкесі Ерсайын Нарымбаев. Алматы, 22 желтоқсан 2015 жыл.
Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевтың әкесі Ерсайын Нарымбаев. Алматы, 22 желтоқсан 2015 жыл.

– Менің қатарластарым газет оқиды, сондықтан мұндай дүниелерді де пайдалану керек. Мына жиналған жұрттың күшімен сайлауда жеңеміз деп ойлайсыздар ма? Жеңе алмайсыздар. Санымыз анау президиумда отырғандардан екі еседен сәл ғана көп. Ірі оқу орындарын аралап, кездесулер өткізуді жоспарлау керек, ал ЖСДП тарапынан мұндай жұртты жаппай қамтитын бұқаралық шараларды әзірше байқамадық, – дейді Ерсайын Нарымбаев.

Оның бұл сөзіне партия аймақтарға сапарға шығуды да, студенттермен кездесу өткізуді де жоспарлап отыр, бірақ «ЖСДП-ның айрықша алаңда екенін» де ұмытпаған жөн, ал белсенділер мен халық «әлдебір қаржы беру түгілі өз пікірін ашық айтуға қорқады» деген уәж айтылды.

ЖСДП-дан парламент депутаттығына ұсынылған кандидат Мұстахым Төлеевтің айтуынша, электоратты қорқытып тастаған.

ЖСДП ұсынған кандидаттар. Астана, 23 ақпан 2016 жыл.
ЖСДП ұсынған кандидаттар. Астана, 23 ақпан 2016 жыл.

– Маған қарапайым адам келіп, «мемлекеттік қызметші болған соң әкімшілік «Нұр Отанға» дауыс бер деп қысады, ал мен оған емес, сіздерге дауыс берсем біліп қоймасына кім кепіл? Ондайларға мен «сіздің кімге дауыс бергеніңіз сайлау бөлмесінен сыртқа шықпайтын құпия» деп айтамын. Бірақ ол жерде камера орнатып қоюы мүмкін. Ал кімге дауыс бергеніне нақты көз жеткізу үшін оларға дауыс беретін кабинаға кірген кезде, бюллетеньді алып, селфи жасайсың деген нұсқау береді екен, ал кейін әлгі селфиді көрсетіп, кімнің тұсына белгі қойғаныңды дәлелдеп, есеп бересің, – дейді Мұстахым Төлеев.

11 ақпанда орталық сайлау комиссиясы ЖСДП ұсынған партиялық тізімді тіркеген. Тізімге енген 23 кандидат үшін партиялық жарна төленген. Партия ұсынған тізімде Жармахан Тұяқбай, Балташ Тұрсымбаев, Петр Своик, Зәуреш Батталова, Әмірбек Тоғысов, Айдар Әлібаев, Уәлихан Қайсаров, Ермұрат Бапи, Құрманғазы Рахметов сияқты азаматтар бар.

ТӘРТІП ТАКТИКАСЫ

Саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков «партияның тыныс-тіршілігін білдіретін нәрсе – оның сайлауға қатысып, өз бағдарламасын жариялауы», сондықтан ЖСДП ерте парламент сайлауына қатысуды ұйғарды деп санайды.

– Тіпті бізде белгіленген тиісті деңгейден өте алмаса да, партияның сайлауға қатысқаны жақсы. Белгілі бір деңгейден өтуге мүмкіндігі жоқ болса да, партия сайлауға бәрібір қатысатынын Батыс демократиясынан білеміз, – дейді Сұлтан Әкімбеков.

Оның пікірінше, Қазақстан қоғамында консервативтік көзқарас басым, ал оппозицияның бүкіл электораты Алматыда болатын, бірақ қазір жағдай күрт өзгерген.

Алматының өзі бұрынғыдай тірек болмай қалды. Шынымен мұндай партияларға сайлауға қатысып, парламентке өту өте қиын.
Саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков.

– Әлемде жағдай ушығып тұр, сондықтан бағдарламалық мәлімдеме қиын. Тіпті Алматының өзі бұрынғыдай тірек болмай қалды. Шынымен мұндай партияларға сайлауға қатысып, парламентке өту өте қиын, – дейді Сұлтан Әкімбеков.

Тағы бір саясаттанушы Әзімбай Ғали биылғы ерте парламент сайлауында «Батыс бұрынғы сайлауларға қарағанда демократия көбірек болды деп мойындайды» дейді.

– Олар сатылмайды, ашығын айтады, сондықтан осыған назар аудару керек. ЖСДП-ның парламентке өту мүмкіндігіне қатысты болжам жасау қиын. Ал олардың жұртты дауыс беруге шақырғаны дұрыс. Мен Ресейде өткен сайлауларды бақылап жүрмін, ол жақта да сайлауға қатысу демократияны үйренетін озық мектеп деп саналады әрі партиялардың ықпалын таратуға тиімді, – дейді Әзімбай Ғали.

Ертеректе ЖСДП сайлауға «олигархтар билеген, шикізатқа тәуелді, саяси жүйесі авторитарлы, бақылаудан шығып кеткен, тиімсіз әрі коррупция жайлаған, әлеуметтік жауапсыз мемлекетке айналған елімізді дағдарысты ұрындырған әрі оны ушықтырып бара жатқан себептерге төзбегендіктен барамыз» деп мәлімдеген.

Бірақ Батыстың кей басылымдары Қазақстанда өтетін ерте парламент сайлауы «ұлғайып келе жатқан наразылықты әлсіретіп, билік пен халық арасында диалог бар деп көрсеткісі келеді» деп болжайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG