Келесі бағдарлама





Мультимедиа

Руханият

Әділет министрілігінің сайтындағы техникалық қатеден Қазақстанда Құран сүрелеріне тыйым салынып кете жаздады

Алматыдағы бас мешіт жанындағы жайма базарда сатылып жатқан діни әдебиеттер мен аудио таспалар. Алматы, 2 қазан, 2009 жыл.

02.10.2009
Мәншүк АСАУТАЙ

Жұма күн "Экспресс К" газеті осыдан бір күн бұрын жарияланған «Суры Корана под запретом» деген мақаласы үшін оқырман мен мұсылман қауымдастығынан кешірім сұрады. Ал Әділет министрлігінің сайтындағы редакцияны шатастырған ақпарат алынып тасталыпты. Азаттық радиосы бұған қатысты өз зерттеуін жүргізген еді.


"Экспресс К" басылымы 2 қазан күнгі санында «Астана сотының 3 шілдедегі шешімі мен тыйым салынған діни әдебиеттрдің тізімі турасындағы ақпаратты Әділет министрлігінің сайтына орналастыру барысында техникалық қате кеткен екен, шындығында тізім салынған діни әдебиеттер мен парақшалар тізімінде Құран сүрелері емес, сол сүрелер жазылған аудиотаспаға белгісіз біреулер жасаған комментарий- түсініктемелерге тыйым салынған болып шықты. Редакция министрлік сайтындағы ақпаратты дұрыс жеткізбегені үшін кешірім өтінеді» делінген газеттің бүгінгі мақаласында.

Айта кету керек, сөз болып отырған Астана қаласы сотының 3 шілдедегі шешімі мен экстремистік деп танылып, тыйым салынған діни әдбиеттер мен парақшалар турасында "Экспресс К " газетінен басқа да қазақстандық бірқатар ақпарат құралдары да хабарлар таратып үлгерген еді.
Алматыдағы орталық мешіттегі жұма намазы. Алматы, 2 қазан 2009 жыл.

Шындығында тыйым салынған қандай діни әдебиеттер, ол қандай талап-шарттармен іріктелген еді деген сауалдармен біздің тілшіміз Әділет министрлігіне, Қазақстан мұсылмандар қауымдастығына, сарапшыларға хабарласқан болатын.

Азаттық тілшісі алдымен қоғамда дау туғыза бастаған осы тыйым салынған діни әдебиеттер тізімі жөніндегі Астана сотының шешімін Әділет министрлігінің сайтынан тағы бір қарап шықпақ болған еді, бірақ ақпарат бірінші беттен алынып тасталыпты. Министрлік сайтында қыркүйектің 8-де жарияланып, бұған дейін тұрған шешімнің мазмұны мынандай еді.

ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАТЕЛІК ҚАЙДАН КЕТТІ...

Қазақстан Республикасы атынан деп жазылған шешім былай басталады:

Астана қаласының соты ашық сот мәжілісінде  ҚР Бас прокуратурасының арызы бойынша радикалды «ваххабизм» идеологиясын насихаттайтын, бірқатар ақпараттық материалдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және таратуға тыйым салды...

Тізімді мұқият қарап шыққан адам экстремистік деп танылған 200-ден аса материалдың арасында қасиетті Құран Кәрімде жазылған «Ахкаф», «Мухаммад», «Фатх», «Хужрат», «Каф», «Табарак», «Қалам», «Хакка», «Маариж», «Нух», «Музаммиль», «Муддасир», «Қияма», «Инсан», «Мурсалат», «Аль-Бақара» сияқты бірқатар сүрелердің аудио таспалары тұрғанын көреді.

Астана қаласының соты үкімді үстіміздегі жылдың шілде айының 3-і күні шығарғанымен, Әділет министрлігі бұл ақпаратты өз сайтында тек қыркүйек айында жариялаған. Жарияланғаны сол-ақ екен, бірқатар ақпарат құралдары арқылы ол қалың көпшілікке тарап та үлгерді.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы мешіттен шығып келе жатыр. Ақорда сайтындағы сурет

Мән- жайды анығырақ білу мақсатында аталған министрлікке хабарласқанымызда баспасөз қызметінің Аида есімді өкілі біздің радиомызға ешқандай түсініктеме бере алмайтындығын бірден айтты.

- Біз қазір түсініктеме бере алмаймыз, өйткені бұл құжат Дін істері комитетінде жатыр, олар тиісті жауабын дайындап жатқан болар, - деді министрлік өкілі.

Ал ҚР Әділет министрлігі Дін істері комитеті Сараптама және талдау басқармасының бастығы Людмила Даниленко Астана сотының шілде айында осындай шешім шығарғандығын растады. Алайда, ол шешім мен әдебиеттер тізімі сайтқа жариялану барысында техникалық қателіктер орын алған деп атап көрсетті басқарма бастығы. 

- Әділет министрлігінң сайтына жариялау барысында техникалық қателіктер кеткен. Ол жерде Құрандағы сүрелер емес, сол сүрелерге қатысты түсініктемелерге тыйым салынған, - дейді біздің радиомызға түсініктеме берген Людмила Даниленко.

Министрлік өкілі ол қандай қателік және оны кім жіберді, қандай шаралар қолданылып жатыр деген сауалдарымызды жауапсыз қалдырып, жақын күндері бұған қатысты министрліктің ресми мәлімдемесі жария болады деумен шектелді.

Ал Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасындағылар бұл ақпаратты көргенде таңданысынымызды жасыра алмадық дейді. 


Қайрат Жолдыбайұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім басшысы. Алматы, 2 қазан 2009 жыл.
"Құран сүрелеріне тыйым салынуының себебін білу мақсатында Әділет министрлігінің Дін істері жөніндегі комитетке хабарласқан едік. «Техникалық қателік» кетті деген жауап алған соң көңіліміз орнына түсті" дейді Діни басқарманың уағыз-насихат және интернетпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Қайрат Жолдыбайұлы.

- Бұл қасақана жасалған іс болса керек. ол мемлекеттің Құранға, оның бірқатар сүрелеріне қарсы екендігін білдірмейді. Оған дәлеліміз біздің барлық мешіттерде, медреселерде Құран әуендетіп айтылып жатыр. Мәселен, бүгін - жұма, бүгін де Құранның сүрелері айтылып жатыр. Бұған Қазақстанның, тіпті ешбір адамның қарсы болуы мүмкін емес. Сондықтан бұл жерде бір қателік кеткені анық, - дейді Азаттық радиосына сұхбат берген Қайрат Жолдыбайұлы.

"ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН АҚПАРАТТЫҚ МАТЕРИАЛДАР -ЗАТТАЙ АЙҒАҚТАР..."

Астана сотымен тыйым салған ақпараттық материалдардың жалпы саны 207. Олар - Ислам тақырыбындағы парақшалар мен үнпарақтар, бірқатар кітаптар мен аудио жазбалар. Діни басқарма мамандары, сот тыйым салыған кітаптарды экстремистік деп тану барысында жүргізген сараптама жұмыстарына өздерінің қатыспағандығын айтады.

Ал ҚР Әділет министрлігі Дін істері комитеті Сараптама және талдау басқармасының бастығы Людмила Даниленконың айтуынша, бұл тізімдегі ақпараттық материалдар –  сот істері барысындағы заттай айғақтар көрінеді.

- Анығына келер болсақ, аталған кітаптар ертеректе, 2005 жылдан бері Хизб-ут-Тахрир экстремистік партиясына қатысты сот істерінде, белгілі бір азаматтардың таратқан ақпараттық материалдары болатын. Сондықтан бұл тізімегі кітаптардың барлығы – сол істерден алынған заттай айғақтар. Әрине оларға қатысты арнайы сараптама жұмыстары жүргізіліп, сот арқылы олар экстремистік сипатқа ие деп мойындалған, - дейді дін істері комитетінің өкілі.

ЕЛГЕ ӘКЕЛІНЕТІН ДІНИ ӘДЕБИЕТТЕРГЕ ЕШКІМ ҚАДАҒАЛАУ ЖАСАМАЙДЫ

Алматыда бас мешіттің жанындағы жайма базарда  жабайы сауда етек алған. Онда әдетте жайнамаз, тәспих, орамалдар мен діни әдебиеттер сатылады. Осында соңғы бірнеше жыл сауда жасайтын Талғат есімді азамат діни әдебиеттерді сатушылардың өздерінің 70-80 пайызы діни сауаты жоқ адамдар екендігін айтады.

- Бұл жерде өте абай болу керек! Дінге енді келіп жатқан адамдар қай кітапты, қандай баспадан шыққан, қандай аутордың кітабын алу керектігін білмейді. Егер ол экстремистік көзқарастағы шеттен келген басқа бір кітапқа тап болса, арты не болары белгісіз. Мен мында өткенде бір кітапты көрдім, ішінде «Фатиха» сүресін жазып алып, қолыңа тағып жүрсең дәрежең мен беделің артады деп жазылған. Бұл дегеніңіз адасудың алды ғой!- деген сатушы Діни басқарма тарапынан келіп жатқан діни басылымдарға бақылаудың қажет екендігін айтады.
Діни әдебиет: кітаптар, газеттер, журналдар, CD, DVD. Алматы, 2 қазан 2009 жыл.

- Меніңше басқармаға қарасты бірнеше дүкендер ашылса дұрыс болар еді. Онда тек біздің масхабымыз бен Исламның Қазақстандағы муфтият бекіткен жолын насихаттайтын кітаптары сатылсын. Әйтпесе күн көрістің қамымен қазір көпшілік кез келген сырты әдемі кітаптарды сатуды әдетке айналдырды, – дейді Талғат.

Дегенмен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы діни басылымдарды бақылау өздерінің құзырына кірмейтін іс екендігін алға тартады

- Діни басқарманың одан да өзге жұмыстары көп. Ал елге келіп жатқан діни әдебиеттерді қадағалау біздің құзырымызға кірмейді. Егер бізге мемлекеттік органдардан немесе жекелеген адамдар келіп, белгілі бір кітапты сараптап беруді өтінсе, біз әрдайым көмектесіп отырамыз, - дейді біздің радиомызға сұхбат берген басқарманың уағыз-насихат және интернетпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Қайрат Жолдыбайұлы.

Тағы бір белгілі болғаны, діни кітаптарды қадағалап, бақылау Әділет министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің де міндетіне кірмейді екен.

- 2007 жылы жарық көрген нөмері 70 қаулыда, діни сараптама мен діни әдебиеттер мен діни сипаттағы ақпараттық материалдарға бақылаудың ережелері көрсетілген. Осы қаулының негізінде тиісті сараптаманы бізге ондай әдебиеттерді мемлекеттік органдар жіберсе ғана жасаймыз. Ал өзіміз келіп, сатылып жатқан әдебиеттерді бақыламаймыз, - дейді ҚР Әділет министрлігі Дін істері комитеті Сараптама және талдау басқармасының бастығы Людмила Даниленко.
Бұл форум жабық
Пікірлерді іріктеу
     
Пікірлер
Кімнен: алмагүл Қайдан: алматыдан
02.10.2009 22:53
Әділет министрлігіндегілердің өздері Құран сүрелерінің не екенін біле ме екен өзі? Шаша ал десе бас алып жіберген ғой шамасы

Кімнен: H.M.SHADKAM Қайдан: IRAN
03.10.2009 01:14
БАССЫЗ ҮЙДІҢ ИТІ ОСЫРАҚ ДЕЙДІ ҒОЙ,ДЕГЕНМЕН,МҰНДАЙ КҮРДЕЛІ ІСТЕР ҮШІН БІЛІМДІ МАИАНДАРДЫ ДАЙЫНДАУ КЕРЕК.

Кімнен: H.M.SHADKAM Қайдан: IRAN
03.10.2009 01:23
діни әдебиеттерді қадағалайтын мамандарды жылдам дайындау керек.

Кімнен: Бахдаулет Қайдан: Қазақия
03.10.2009 11:02
Оларды неге жазаламайды осыны жасап отырган адамды !!!! Қазір Исламды мусылман бір нәрсе істесе яхудилер бүкіл телеарнасынан көрсетіп жамандап жатадыгой бұған жауапты адамдар жазалану керек!!!!!

Кімнен: Санызбай Қайдан: Алматы
03.10.2009 14:28
Қайрат Жойлыбай емес, Қайрат Жолдыбай секілді еді. Мәншүк қарындасымыз бір қателікті айтам деп, өзі де қате жіберіп алған жоқ па екен. Ал жазған мақаласына толық қосылам.

Кімнен: kazak Қайдан: shetel
03.10.2009 16:06
Otirik, ondai kate boluy mymkin emes,zhanzhaktan shulap zhatkanson,tekhnikalyk kate boldy deulerin karashy,kandai korgensiz adamdar otyrgan.Zhazalau kerek.

Кімнен: жәнібек Қайдан: бурабайдан
03.10.2009 18:00
Қорыққанға қос көрінеді демекші Әділет министрлігі көзіне көрінген әдебиеттің бәріне бірақ тиым салып жіберген шығар. ол жерде қайбір діни сауатты мамандар отыр дейсіз. соны көре салып оыс тілді газеттер жерден жеті қоян тапқандай қуанып кеткен шығар. мақала өте дұрыс жазылған

Кімнен: Айдар Қайдан: Бақанас
03.10.2009 18:37
Алдымен, біздің шенеуніктерге діни сауаттарын ашып алу керек. Сосын қандайда бір шешім шығарсын. Сауатты адамдар өздері де біледі ғой, қандай кітапты оқу керектігін, қайсысы күдікті екенін. Мәселен, бізге баптистердің түрлі кітабын әкеледі, қарап көресің де, не өзіне қайтарасың, не жыртып тастайсың. Соңғы кезде, елде тыйым мен шектеулер, қамаулар мен тонаулар көбйеіп кетті ғой. Алла өзі сақтасын қалғанымызды.

Кімнен: Батыр Қайдан: Шу
03.10.2009 18:40
Қазақтар, көп даурықпайық. Ешкім Құранға тыйым сала алмайды. Тіпті, Рахаттың назарбаев туралы кітабына салған тыйымның өзі жарамсыз боп қалды ғой, оны ешкім пысқырмайды да. Оқи берсін, адамдар өзі біледі ғой, тек бастарын жоғалтпаса болды.

Кімнен: Самира Қайдан: Алматы
03.10.2009 18:42
Қазір неше түрлі ағымдар көбейіп кетті ғой, мүмкін содан қорғанудың бір әдісі осы шығар. Болашақ ұрпақты адастырму керек қой. Қит етсе, билікті кінәлай бергенді қояйықшы.

Кімнен: Жазира Қайдан: Жезқазған
03.10.2009 18:46
Осындай шешімді жасаған адам атейс шығар, соын тек қате кетті дей салған ғой, әйтпесе, ондай қате қалай кетеді, миға қонымсыз ғой, айтқандары. Білмеймін, біздің діни деңгейіміз шамалы боп тұрғанда, осындай жағдайлар жиі бола беретін шығар.

Кімнен: Аты-жөні Қайдан: Мекен-жай
03.10.2009 18:50
Түкке түсінсем бұйырмасын, неге Экспрес газеті оны бірінші боп жазады, басқалары неге оны жазбады. Мен өзім тек қазақша газеттерді алып оқитын едім, мынаны естіп, сіздердің интернеттеріңізге кіріп естіп отырмын. Басқа газеттер де жазғанда ғой, Әділет министрлігін бүкіл қазақ орнынан көшіріп, басқа жерге қоя салатын еді. Сұмдық-ай.

Кімнен: Шара Қайдан: Желтораңғы
03.10.2009 18:54
Ауылдан келдім, бірақ қалаға кегенде, бірден болып жатқан жағдайларды оқып, біліп жүрем. Мынаны оқып, ойпырмай не боп барамыз деп айтқым келіп кетті. Шынымен де, айтуға ұят нәрсеге ғой, сүрелерге шек қою деген. Алланың өзі кешрісін, Қазақстанды.

Кімнен: Алматы Қайдан: Алматы
03.10.2009 18:57
Жаратқан ием, Қазақстанның біліп, білмей істеген қателерін кешіре гөр.... Бас не айтуға болады өзі.

Кімнен: H.M.SHADKAM-ға Қайдан: Астана
03.10.2009 19:11
"діни әдебиеттерді қадағалайтын мамандарды жылдам дайындау керек" Яғни кәзіргі тілмен айтқанда мониторинг жасау керек. Ағасы, Қазақстанда маман жеткілікті. Тіпті жұмыс таппай жүр. Бірақ мемлекетімізге аса сауатты мамандар, әсіресе дін жағынан қажет емес. Білесіз бе, осы министрліктің діни істер бөлімінде кімдер жұмыс істейді? Докторлар, кандидаттар... ондай жерге діни сауатты адамды емес, ғылыми атақтыларды алады. Ал Қайрат Жолдыбай сынды білімді жігіттердің аты-жөнін тіпті тілшінің өзі қате жазып отыр. Сосын ол әлдебіреудің түсіндірмесі емес, тізім бойынша міне:"179) Шейх Мишари Рашидтің сүрелерге берген түсіндірмелерінің аудижазбасы: «Ахкаф», «Мұхаммад», «Фатх», «Хужрат», «Каф», «Табарак», «Калам», «Хакка», «Маариж», «Нух», «Джинны», «Музаммиль», «Кияма», «Инсан», «Мурсалат», «Аль-Бакара»; " былай жазылған. Қазіргі мықты қарилардың бірі - Мишари Рашидтің түсіндірмесі. Сонда қарапайым халық байқамай, осы сүрелер жинағын тыңдап жүрсе, жауапқа тартылмақ па? Сонда енді Қазақстанда Құран тыңдаған да, жазалана ма? Осындай маңызды нәрседе қалай ғана қателесуге болады?

Кімнен: Саид Қайдан: Шымкент
04.10.2009 00:29
Мүмкін әділет министрлігіндегілер шынымен құран сұрелеріне тыйым салғысы келген шығар? Бізде бәрі мүмкін! Осындай мәселеде қалай қателесуі мүмкін! Шаш ал десе бас алады бұлар..

Кімнен: Полковник Қайдан: Алматы
04.10.2009 11:51
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ұсыныс:
**************************************************************
Сот шешімінің бар екендігі рас. Оны арыз беруші-талапкер Әділет Министірлігі жылы жауып түсіндіріп отыр. Меніңше ешқандай да техникалық қате емес, нағыз өрескел қате орын алған. Яғни, сот шешімі нақты құран сүрелері оқылған аудио жазбаға тиым салған сияқты. Сондықтан ҚМДБ аталған сот шешімін ала отырып, заңгерлермен бірлесе отырып, шешіммен танысып, зерделеу қажет. Егер шешім нақты бір сүреге тікелей бағытталса, онда оны өз тарапынан және прокуратура органдары арқылы шағым жасап, сот шешімін өзгертуге әрекет жасаған жөн. Сот шешімі құран сүресіне түсінік берген фактіге бағытталған болса, дін мамандары оны да тексерген жөн. Шынында да құран сүресі теріс түсіндірілген бе?
Бұл принципті мәселе. ҚМДБ ның Қазақстан мұсылмандары алдындағы абройын айқындайтын мәселе деп айтар едім.
Бәрібір, ҚМДБ бұл мәселені мұқият тексеріп, мұсылман қауымға ресіми түсінік бергені ләзім.

Кімнен: Полковник Қайдан: Алматы
04.10.2009 12:13
Бұл принципті мәселе. ҚМДБ ның Қазақстан мұсылмандары алдындағы абройын айқындайтын мәселе деп айтар едім.
*****************************************************************
Қазақстан ғана емес әлем мұсылмандары алдындағы абройын айқындайтын мәселе. Ресей мешітінің Имамдары да өз ашу-ызасын білдіргенін білеміз.

Кімнен: Оқырман Қайдан: Астана
05.10.2009 11:45
Бақанастық Айдарға
Шенеуніктер діни білімін ашпақ түгіл Ана тілін меңгеруге шамалары жетпей жүр ғой, 2030-ға дейін қарапайым Фатиха мен Ықыласты да білмей, тіпті білмегеніне ұялмай-қызармай баратын сияқты. Түрлері жаман екен. Әділет министрлігінің сайтында тех. қате кетіпті, қандай әдемі сөз. Білдей министрліктің сайтында сауатты адамдар жоқ болғаны ма? Орта білім беретін мектептерде, Жоғары оқу орындарында ДІНТАНУ пәні енгізілу керек, онда ҚМДБ тарапынан дайындалған оқулық бағдарлама бойынша білім беретін нағыз мамандар дәріс беруі тиіс.
ал көшедегі жаймаларды қадағалау мемлкеттік органның құзырында емес пе?
ҚМДБ назарына!
көшедегі жаймалардан өзге, жл сайын қажылық сапарға барып келіп жатқандар да діни кітаптар, сапарлары туралы кітаптарды көптеп жазуда, ондағы мәліметтердің дұрыстығына кім редакциялық сараптама жасайды, жалпы Сіздер Қазақстандағы бүкіл басылымға талап қоюларыңыз керек, діни мәліметі бар кітап тікелей ҚМДБ тарапынан берілген рұқсат қағаздан соң баспадан шығарылуы тиіс деген, сонда өздеріңіз де хабардар болып отырасыздар.
Аллах Қазақ халқын өзінің Адал ақ жолынан адастырмасын.

Кімнен: Maxat Қайдан: Almaty
06.10.2009 12:05
Осындай шешім қабылдаған адамдар Министірлікте емесе далада қой бағулалры тиіс! Не орысша дұрыс жаза алмайды. Ал егер әдейі істеген болса, онда Аллаһ олардың жазаларын берсін, көресміз сонда. Және де бұл басөаларға да сабақ болады
     
Мәтін көлемі - +