Accessibility links

Отбасында әңгіртаяқтан көз ашпаған әйел өмірі


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

БҰҰ дерегі бойынша, Қазақстанда тұрмыстағы әрбір сегізінші әйел отбасында зорлық-зомбылық көреді екен. Бірақ ресми органдар назарына ондай 50 әлімжеттік оқиғасының тек біреуі ғана ілігеді.

Жазира Т. (мақала кейіпкерінің толық аты-жөні Азаттыққа белгілі) Қызылорда облысындағы қарапайым ауылдардың бірінде тұрады. Бес баласы бар 43 жастағы әйелдің айтуынша, күйеуінің таяғына көніп келе жатқанына 25 жыл болыпты. Әйелін жиі ұрып-соғу ері үшін үйреншікті іске айналған.

– Үйдің үлкенімін, күйеуім екеуміз бір ауылда туып-өстік, көрші тұрдық. Екеуміз сегізінші сыныптан бастап бір-бірімізді ұната бастадық, ол мені 19 жасымда алып қашты, - дейді Жазира Т. Азаттыққа.

Жастық шағын еске алған келіншек көптеген жайттарды еске түсірді. Екеуі ауылда аптасына бір рет кинофильм әкеліп көрсететін кәсіптік-техникалық училищенің жанында тұрған. Болашақ күйеуі Уәлиханмен киноға барып, велосипед тепкен. Көктемде төңірекке қызғалдақ теруге бірге шығатын.

Тоқпақтың астында өтіп жатқан өмір
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:43 0:00
Жүктеп алу

Жазира Алматыдағы қыздар педагогикалық институтына оқуға түскісі келген. Бірақ Уәлихан қыздың жоспарын бұзып, жаздың тамаша бір кешінде аузына шүберек тығып, оны ескі «УАЗ» көлігімен алып қашқан. 19 жастағы бойжеткен ескі дәстүрге қарсы шыға алмай, жігіттің үйінде қалған.

Екеуінің отбасылық өмірі осылай басталған. Күйеуінің де, өзінің де жоғары білімі болмаған. Ата-анасы қайтыс болған соң Уалиханға құрылыста жұмыс істеуіне тура келген. Күйеуі ауылдан табылған әр жұмыстың басын бір шалып, өзінше табыс тауып жүрген. Бір жылдан кейін Жазира егіз бала босанған.

– Күйеуімнің достарының бәрі арақ ішіп, наша тартатын. Біздің ауылда ешкім «косяк» шегуді сөкет көрмейтін. Сондай күндердің бірінде Уәлихан маған алғаш рет қол көтеріп, соққыға жықты, - дейді келіншек.

Біздің ауылда ешкім «косяк» шегуді сөкет көрмейтін. Сондай күндердің бірінде Уәлихан маған алғаш рет қол жұмсады.

Келіншегін өлімші етіп ұрып тастағаннан кейін күйеуі тіпті кешірім де сұрамаған. Бірер айдан кейін тағы қол көтеріп, бұл жолы белдікпен сабаған. Кезекті жанжалдан кейін Жазира төркініне кетуге бел байлаған, бірақ салт-дәстүр мен менталитеттен аттап, «қайтып келген қыз» деген жаман атқа қалғысы келмеген.

– Әке-шешем «өз еркіңмен қосылдың, енді шыда» деген соң келесі күні таңертең үйге қайтып келдім. Ер адамдар төркінге қайтып барған қыздың қадірсіз болатынын біледі де, соны пайдаланады, - дейді ол.

Екі жылдан кейін үшінші бала дүниеге келген, келесі жылы Жазира төртінші баласын, ал төрт жылдан кейін бесінші баласын босанған. Отбасы ара-тұра түсетін тиын-тебенмен лаждап күн көрген. Көпбалалы ана бір кезде жалданып көршілерінің үйін тазаласа, енді бірде мектепте еден жуған. Көрші үйдегі қарт әйелдің пешін жаққаны үшін ол кісі айына бір килограмм ұн беріп тұрған.

Жазира күйеуінің қалай маскүнемге айналғанын байқамай да қалғанын айтады. Удай мас күйінде көшеде жатқан жерінен талай жетектеп әкелген, достары мен туыстарының көбі олардан сырт айналған. «Қазір 22-ге келген үйдің ересектері – егіз ұлдар туған, бірақ ішкіш әкелерінен безіп кетті» дейді Жазира.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

– Күйеуімнің тепкісінің салдарынан 43 жасымда дәрігерлер менің бойымнан бір «құшақ» ауру тапты. Ештеңе етпейді, әйтеуір өмір сүріп келемін! Меніңше, Қазақстандағы әйелдердің көбінің өмірі осындай тәрізді. Бұрын оңтүстіктің жігіттері ғана әйелдерін ұрады деуші еді. Олай емес екен, қостанайлық жігітке тұрмысқа шыққан сіңлімнің де көрген күні осы. Әйелін ұрып-соғатын ер адамдар көп, - дейді Жазира.

Жазираның күйеуі қазір мүлде жұмыс істемейді, аналарына ұлдары қарайласады. Күйеуі ішкенін де, ұрғанын да қоймаған. Озбыр күйеуінен балалары қорғағанымен, Жазираның бойында мәңгі үрей қалып, әбден түңілген. Ол «балаларым үшін өмір сүремін, балаларымды үйлендіріп, немерелерімді бағып-қағамын» дейді.

Жазира айына 10 мың теңгеге жалданып, көршілерінің жеті сиырын сауады. Балаларға сегіз мың теңге жәрдемақы алады, бала-шағасын сәті түсіп кездесіп қалатын жұмыс істеп тапқан тиын-тебенмен асырап отыр.

– Менің тағдырымды ешкімнің басына бермесін! Неге бұлай болады екен? Бұл сұраққа тіпті қалай жауап берерімді де білмеймін. Ауыл тұрғындары боқтасқаннан басқа ештеңе білмейді, жастар ештеңеге ұмтылмайды, көбі әке-шешесінің тағдырын қайталайды. Жүз шаңырақтың ішінде күйеуі әйелін ұрмайтын он үй ғана бар шығар. Бүкіл құрбыларым, көрші келіншектердің бәрі күйеулерінен күнде таяқ жейді, бұл әдетке айналып кеткен, әйелдер де көндігіп кеткен, - дейді ол.

Жазира әңгімесін аяқтай салысымен бала-шағасына кешкі ас әзірлеу үшін үйіне жүгіріп кетті. Ол бүгінгі кештен не күтетінін де, ертең түскі астың дастарханында нан мен қант бола ма, жоқ па, білмейді. Жазира өзін Уәлиханның кез-келген сәтте әрі еш себепсіз ұрып тастайтынына көндіккен.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG