Accessibility links

Қадыровты әшкерелеген ресейлік белсенді соққы жеді


Ресейлік құқық қорғаушы Игорь Каляпин экрандағы Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың суретінің жанында отыр.
Ресейлік құқық қорғаушы Игорь Каляпин экрандағы Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың суретінің жанында отыр.

Белсенді Игорь Каляпин Ресейдегі полиция зорлығына қарсы күресіп келеді. Ол Шешенстандағы ондаған оқиғаны құжатқа түсіргенімен, бірін де сотқа жеткізе алмады. Бірақ елдің өктем басшысы Рамзан Қадыров қаһарына ілінді.

Игорь Каляпин Ресейдің оңтүстігіндегі Шешенстандағы құқық бұзушылықтарды зерттеудің қауіпті екенін жақсы біледі.

Наурыздың 16-сы күні оны оннан астам адам ұрып-соғыпкетті. Бірақ бұл Каляпиннің алғаш көрген құқай емес еді.

АЗАПТАУҒА ҚАРСЫ КОМИТЕТ

Каляпин құрған «Азаптауға қарсы комитет» ұйымы Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты сынағаны үшін бірнеше рет ескерту алды. 2014 жылы Қадыров республикадағы «терроршылар» туыстарының үйлерін бұзамын деп уәде берген соң Каляпиннің Грозныйдағы кеңсесін біреулер қиратып, өртеп кетті.

Наурыздың 6-сы күні Каляпин ұйымының белсенділерін Шешенстанның Ингушетиямен шекарасында біреулер тоқтатады. Оларды автобустарынан сүйреп алып шығып, ұрып-соғып, көліктерін өртеп кеткен.

Ингушетия мен Шешенстан шекарасында өртеніп жатқан құқық қорғаушылар автобусы. 9 наурыз 2016 жыл.
Ингушетия мен Шешенстан шекарасында өртеніп жатқан құқық қорғаушылар автобусы. 9 наурыз 2016 жыл.

Каляпин қаңтар айында Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында «Шешенстанда адам құқығына қатысты кез келген іс-әрекетті тексеру Ресейдің басқа орталық аудандарына қарағанда қатерлі» деді.

Каляпин Ресейдің кез келген бөлігінде полицияның күш көрсету фактілерін тексеру қиын екенін айтқанымен, Шешенстандаңы жағдай тіпті қиын екенін ескертеді. Ол «Шешенстанда полиция зорлығына ұшыраған құрбандарға көмекке келген құқық қорғаушыларға аймақ басшысы үнемі қысым жасап отырады» дейді.

Оның 2009 жылы құрылған ұйымы бүкіл Ресей бойынша 109 полиция қызметкерін сотқа тартты, алайда Шешенстанда тергелген ондаған істің ешбірі сотқа жетпеген.

Нижний Новгородтың Волга қаласынан шыққан 49 жастағы белсенді Ресейдің азаматтық қоғамында ерекше тұлға саналады. Бір жағынан алғанда ол - Ресей президенті Владимир Путиннің азаматтық қоғам және адам құқықтары қорғалуын дамыту жөніндегі президент кеңесінің Солтүстік Кавказдағы өкілі, Ресейдің қылмыстық-атқару жүйесін реформалауға атсалысып келе жатқан адам

Екінші жағынан, Ресейдің әділет министрлігі Каляпиннің «Азаптауға қарсы комитетін» шетелден қаржыландыратын ҮЕҰ ретінде «шетелдік агент» тізіміне қосты.

ҚАДЫРОВТЫҢ ҚЫРЫНА ІЛІНГЕН

Бірақ Каляпин әділет министрлігінің бұл әрекетімен келіспейді, ол ұйымының шетелден қаржы алмағанын айтады. Оның айтуынша, министрлік оның ұйымын кейбір қолдаушыларының шетелдік ұйымдармен «байланысы» болғаны үшін ғана осы тізімге енгізген. «Ресейде мұндай ұйымдар көп, «Газпром» да соның бірі» дейді Каляпин Азаттыққа.

Ресейде мұндай ұйымдар көп, «Газпром» да соның бірі.

Оның сөзінше, «Азаптауға қарсы комитет» тек жеке адамдар қаржысымен әрекет етеді, оның бәрі рубльмен аударылады. Каляпин өзін «Қадыровты нысанаға алған адам» деп сипаттайтын пікірлерге келіспейді.

«Рамзан Қадыров біздің материалдарда аталмайды. Біз нақты полиция қызметкерлері туралы айтамыз. Бірақ Рамзан Қадыров бізді «ЦРУ-ға (АҚШ барлау қызметін айтады – ред.) қызмет ететін «жиһадшылар» мен терроршыларға көмектесті» деп айыптайды. Бұл - қып-қызыл өтірік, Шешенстан басшысы осындай теріс ақпаратты маған, менің ұйымыма, әріптестеріме таңып отыр» дейді ол.

Қадыров Каляпиннің айтқан сөздерін өз атына қабылдайтыны түсінікті. 2014 жылы оппозициялық «Ашық Ресей» сайтына берген сұхбатында Каляпин 2010 жылы Қадыровпен үш сағат бойы сөйлескенін еске алды. «Оның маған қойған бірінші сауалы «Сендерді Медведев (сол кездегі Ресей президенті) маған қарсы әшкерелейтін материалдар жинауға жібергені рас па?» болды» деп еске алады ол.

Сол сұхбатта Каляпин өзін «белсенді болып туған адам» ретінде сипаттайды, бірақ «нақты іс-қимылға 1993 жылы көшкенін» айтады. Сол кезеңде оның табысты бизнесін тартып алғысы келгендер үш айға алдын ала қамауға отырғызған. «Ол кезде уақытша қамау абақтысы қазіргідей емес еді. Төрт адамға арналған камерада 11 адам жаттық. Төсекте жатқан кезде жамылғың сөгіліп жатады. Онда ұсақ қандалалар толып жүреді» деп еске алады ол.

Шабуылдан кейінгі «Азаптауға қарсы комитет» ұйымы кеңсесі. Грозный, 3 маусым 2015 жыл.
Шабуылдан кейінгі «Азаптауға қарсы комитет» ұйымы кеңсесі. Грозный, 3 маусым 2015 жыл.

Наурыздың 16-сы күні соққы жеген Каляпин айтарлықтай жарақат алған жоқ. Белсенді өзіне шабуылдағандар «шешен халқы өкілдері немесе мұсылмандар емес» екенін ескертеді.

Наурыздың 17-сі күні шабуылға түсініктеме берген Ресей президенті баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Бұл оқиғаны Қадыров билігімен байланыстырмас едім. Мұны қылмыстық оқиға деп тану керек» деді.

Азаматтық қоғам және адам құқықтарын дамыту жөніндегі президенттік кеңес төрағасы Михаил Федотов кеңес мүшесіне шабуылдағандарға ашу білдіріп, оны «экстремизм» деп атады.

Рамзан Қадыров 2009 жылы елдің бұрынғы президенті - әкесі Ахмад Қадыров қастандықтан өлген соң Шешенстан президенті болды. Оны адам құқығын бұзуға, адамдарды ұрлау, жоғалту, азаптауға және саяси қарсыластарын өлтіруге қатысы бар деп айыптайды.

Роберт Коалсонның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG