Accessibility links

Әблязовтың Ұлыбританияда саяси баспанаға қолы жетті


Мұхтар Әблязов, қуғындалған бизнесмен
Мұхтар Әблязов, қуғындалған бизнесмен

Қуғынға ұшыраған бизнесменнің өкілі Әблязовтың бір апта бойы ешқандай мәлімдеме жасамайтынын айтты. Қазақстандық сарапшылар бұл шешім Қазақстанның сот жүйесіне деген сенімсіздікті көрсетеді дейді.


«Қазақстан үкіметінің оны экстрадициялауға күш салғанына қарамастан Ұлыбританияның Әблязов мырзаға берген [саяси босқын] мәртебесі БҰҰ-ның конвенциясы және хаттамасы бойынша анықталған. Мәртебені бере отырып [Ұлыбритания] үкіметі өтініш берушінің конвенция мен хаттамада жазылған себептер бойынша қуғын көріп отырған елінен төнген қауіпті мойындайды. Әблязов мырзаның жағдайында бұл [себеп] – саяси көзқарасы үшін қуғындалу» деген жолдар бар Роман Солодченконың шілденің 13-і күні Азаттық радиосына жолдаған мәліметінде.

Бизнесменнің отбасына да осы елде қалуға рұқсат берілген. Солодченконың айтуынша Мұхтар Әблязовтың заңгерлері бизнесменге бір апта ішінде ешқандай мәлімдеме жасамаңыз деп кеңес берген.
Ұлыбританияның Әблязов мырзаға берген [саяси босқын] мәртебесі БҰҰ-ның конвенциясы және хаттамасы бойынша анықталған.

Алайда, Ұлыбританияның ішкі істер министрлігі бұған қатысты қандай да бір түсініктеме беруден бас тартып отыр.

Ал қуғынға ұшыраған бизнесменнің жаңа мәртебесі туралы жазған Guardian («Гардиан») газеті Әблязовты Ұлыбританияның ішінде де қарама-қайшылыққа толы тұлға ретінде сипаттайды. Басылымның жазуынша, қуғындалған бизнесменге қарсы осы елде оның үстінен 2.4 миллиард фунт-стерлинг өндіріп алу бойынша азаматтық талап-арыз түскен, һәм ол 7.6 миллиард фунт-стерлингке тең соманы алаяқтықпен жымқырған деген айыптау бар. Guardian Мұхтар Әблязовтың балдызы Сырым Шалабаевтың да сыртынан бір жарым жылға сотталғанын атап өткен.

2009 жылы ақпан айының басында БТА Банк мемлекет қарамағына өтіп, жұмыстан босатылған Мұхтар Әблязов шетелге кетіп қалған еді. Сол жылы Қазақстанның құқық орындары оған қарсы қылмыстық іс қозғаған. «Әблязов құрған қылмыстық топ мүшелері» деген айып бойынша 2009 жылғы желтоқсан айында 12 адам сотталған еді.

«БҰЛ ҰЛЫБРИТАНИЯҒА ТИІМДІ»

Саясаттанушы Расул Жұмалы үшін бұл жаңалық «бұрыннан күтілген сценарий» екен. «Қазақстандағы әділ сотқа деген сенімсіздіктен гөрі бұл жерде Ұлыбритания өз пайдасын көздеп» отыр деді Азаттық радиосына шілденің 13-і күні саясаттанушы.

- Басқа елдің елеулі саясаткерлері, қаржыгерлері мен олигархтарына саяси баспана беру арқылы сол елге қысым көрсетудің жаңа көзі пайда болады. Мейлі ол Рахат Әлиев болсын, мейлі Мұхтар Әблязов болсын. Себебі, бұл тұлғалар жай ғана саяси қашқындар емес, олар үлкен ықпалға ие азаматтар, - дейді Расул Жұмалы.
Басқа елдің елеулі саясаткерлері, қаржыгерлері мен олигархтарына саяси баспана беру арқылы сол елге қысым көрсетудің жаңа көзі.

Ұлыбритания мен бірқатар Еуропа елдері өздерінің сыртқы саясаттағы қадамдарын Вашиингтонмен келісе отырып жасайды деген саясаттанушы, «Британия Әблязовқа қатысты шешімді Америка мен басқа одақтастарымен келісе, солардың мүдделерін, Қазақстанға қатысты жоспарларын ескере отыра қабылдайды» дегенді айтты.

- Мұның ішінде бұл елдердің мұнай-газ саласындағы мүдделері соңғы орында емес, - деді саясаттанушы.

Мұндай қадамдар «жалпы халықаралық дипломатияның тарихында кездескен. Бұл Америка, Ұлыбритания мен Францияның үшінші елдерге деген саясатының бір көрінісі» дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

«ҚАЗАҚСТАНҒА ДЕГЕН СЕНІМСІЗДІК»

Саясаткер Дос Көшім Әблязовқа саяси баспана беруде ешқандай саясат жоқ деген сенімде.

- Шет мемлекеттердің Қазақстан сұратып жатқан «қылмыскерлерді» бермеуінің негізінде Қазақстанның сот жүйесіне деген сенімсіздік жатыр. Әңгіме олар оны (Әблязовты) қылмыскер емес деп айтпайды. «Ол қылмыскер екенін біз білеміз, бірақ Қазақстанда сол қылмысына сай сотталады дегенге біз сенбейміз» деп отыр. Бұл жерде тек осы мәселе ғана бар, - дейді радиомызға шілденің 13-інде саясаттанушы Дос Көшім.
Шет мемлекеттердің Қазақстан сұратып жатқан «қылмыскерлерді» бермеуінің негізінде Қазақстанның сот жүйесіне деген сенімсіздік жатыр.

Оның пікірінше, Ұлыбританияның «Әблязовқа жаны ашып бара жатқандығы шамалы». Дос Көшім қуғындағы банкирдің саяси қашқын екеніне күмән келтіреді.

- Әблязовтың, кезіндегі Қажыгелдиннің де, Рахат Әлиевтің де қазіргі билікпен «күресінің» негізінде жеке бастарының ашу-ызасы мен жеке бастарының мәселесі жатыр. Сондықтан «кек алу» - саяси ұран мен демократиямен бірлесіп кетеді.Себебі аталғандардың бір де біреуін 90-жылдарда тәуелсіздік үшін күресте мен көрген жоқпын. Сол кезде олар биліктің «дастарханында» отырды, олармен бірге «жеді». Ал өздеріне соққы тиген уақытта, саяси жүйеге қарсы қадам жасауға мәжбүр болған, - дейді саясаткер.
XS
SM
MD
LG