Accessibility links

Қырымды Косово немесе Шотландиямен салыстыруға келмейді


Қырымдағы белгісіз әскер. Бұл қарулы адамдарды Батыс елдері мен Украинаның жаңа билігі "Ресей әскері" деп мәлімдеді. Симферополь маңындағы Перевальное елді мекені. 14 наурыз 2014 жыл.
Қырымдағы белгісіз әскер. Бұл қарулы адамдарды Батыс елдері мен Украинаның жаңа билігі "Ресей әскері" деп мәлімдеді. Симферополь маңындағы Перевальное елді мекені. 14 наурыз 2014 жыл.

Батыс наурыздың 16-сы күні өтетін Қырымның Ресейге қосылуы туралы референдумды «заңсыз» деп жариялады. Мәскеу Батыстың бұл әрекетін «екіжүзділік» деп айыптайды.

Ресей саясаткерлері мен ақпарат құралдары Батыстың 2008 жылы Косовоның Сербиядан тәуелсіздік алуын қолдағанын, Шотландияда өткелі отырған референдумда бұл елдің Ұлыбританиядан бөлініп шығу мәселесі көтерілетінін көлденең тартады.

БАТЫСТЫҢ «ЕКІЖҮЗДІЛІГІ»

Ресей Федералдық кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко «Егер әлдекімдер Қырым парламентіне наразы болса, бұл – олардың өз шаруасы. Шотландияда биыл қыркүйекте өтетін тәуелсіздік алу туралы референдумды ешкім заңсыз деп жатқан жоқ» деді.



Ресейдің мемлекеттік телеарнасының жүргізушісі бір хабарда «Батыстың ойынша, Косово өз мәртебесін өзі айқындай алады, ал Қырымның бұған қақысы жоқ» деген кекесін пікір білдірді.

Бұлайша салыстырған дұрыс та шығар. Дегенмен сараптап көрсек, Косово мен Шотландиядағы жағдай Қырымдағыдан мүлде өзгеше екенін байқауға болады.

ШОТЛАНДИЯ

The Washington Post басылымының жазуына қарағанда, Біріккен Корольдік (Ұлыбритания) құрамынан бөлініп шығу мәселесін көтерер алдында Шотландияда көптеген демократиялық іс-шаралар болған. Ұлыбритания құрамынан шығуды ұран еткен Шотланд ұлттық партиясы 2011 жылы сайлауда жеңіске жетіп, аймақ парламентіндегі орындардың басым көпшілігін иеленді.

Шотландия ұлттық партиясының жетекшісі Алекс Салмонд.
Шотландия ұлттық партиясының жетекшісі Алекс Салмонд.
Бұдан соң шотланд парламенті бөліну туралы референдум өткізуге рұқсат беретін заң қабылдады. 2012 жылы Шотландия мен Британияның министрлері келіссөздер өткізіп, аймақ мәртебесін анықтауға қатысты референдумды 2014 жылы өткізу туралы ұйғарымға келді. Басқаша айтсақ, жергілікті (Шотландия) және орталық (Біріккен Корольдік) билік органдары референдум өткізу туралы шешімді бірлесіп қабылдады.

Референдумда «Шотландия Біріккен Корольдіктің құрамында қала ма, әлде одан шыға ма?» деген жалғыз мәселе қаралады.

КОСОВО

2008 жылы Косово парламенті тәуелсіздікті қолдағанда, Ресей қатты ашуланған. Мәскеу сонда «Бұл әрекет аймақты тұрақтылық орнағанша БҰҰ арнайы бақылаушы тобының қарамағына өткізген 1999 жылғы келісімді бұзды» деген пікір айтқан.

Осыдан алты жыл бұрынғы оқиға кезінде де, қазір болып жатқан Қырым шиеленісінде де Батыс пен Мәскеу бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі позиция ұстанды.

Косово мен Қырымның жағдайын салыстыруға болатын шығар, дегенмен Косовода болған қосымша факторлар Қырымда жоқ екенін айта кеткен жөн.

Мәскеу «Қырымдағы орыстар украиндардан қысым көреді» дегенімен, оған ешқандай дәлел жоқ. Ал Косовода мұндай дәлел жеткілікті болды.

Югославияның бұрынғы президенті Слободан Милошевич әскери қылмыстар трибуналында тұр. Нидерланд,Гаага, 31 тамыз 2004 жыл.
Югославияның бұрынғы президенті Слободан Милошевич әскери қылмыстар трибуналында тұр. Нидерланд,Гаага, 31 тамыз 2004 жыл.
Югославия армиясының этникалық албандарға 1999 жылы жасаған зорлық-зомбылығының соңы НАТО-ның әскери шабуылына ұласты. Ресей бұған барынша қарсылық танытты. 1990 жылдары елдегі этникалық араздықты өз мақсатына ұтымды әрі аяусыз түрде пайдаланған сол кездегі президент Слободан Милошевич Ресейден көмектің болмасын білгеннен кейін ғана халықаралық қауымдастық ұсынған бейбітшілік жоспарын қабылдауға мәжбүр болды.

Сербия үкіметі Косово аймағына еркіндік беруден үзілді-кесілді бас тартқандықтан, халқының 90 пайызы этникалық албандардан тұратын Косово үкіметі орталықпен аймақ мәртебесі туралы келіссөз жүргізе алмады.

Көп кісінің қаны төгілген этникалық қақтығыстан он жыл өткен соң ғана Косовоның демократиялық жолмен сайланған парламенті Сербиядан ресми түрде бөлініп шығу туралы шешім қабылдады.

БЕС ЕРЕКШЕЛІК

Осы екі жайтты Қырымдағы жағдаймен салыстырып көрейік.

• Қырым парламентін мұздай қаруланған солдаттар басып алды. Бұрынғы премьер-министр қызметінен шеттетілді де, оның орнына Сергей Аксенов отырғызылды. Оның сепаратистік бағыт ұстанатын партиясы соңғы парламент сайлауында бар болғаны 4 пайыз дауыс жинаған. Ал ақпанның соңынан бері Қырымға 14 мыңға жуық Ресей әскері келді.

Қырым татарлары әскери басқыншылыққа қарсы митинг өткізіп тұр. Симферополь, 10 наурыз 2014 жыл.
Қырым татарлары әскери басқыншылыққа қарсы митинг өткізіп тұр. Симферополь, 10 наурыз 2014 жыл.
Косоводағы тәуелсіздікті жариялау кезінде де, Шотландиядағы референдум туралы шешім қабылдау барысында да ешқандай әскери қысым болған жоқ және мемлекеттік органдар биліктен кетірілген жоқ.

• Қырымдағы референдумда «Ресейге қосылуды жақтайсыз ба, әлде тәуелсіз мемлекет болуды қалайсыз ба?» деген екі сауал қойылады. Украинаның құрамында қала бергісі келетіндерге таңдау еркі берілмеген.

Ал Шотландиядағы референдумда «Біріккен Корольдік құрамынан бөлініп шығуды қалайсыз ба?» деген сауалға "иә" не "жоқ" деп жауап беру мүмкіндігі беріледі.

• Қырым халқының басым көпшілігі – этникалық орыстар. Дегенмен украиндар мен қырым татарлары бірігіп, тұрғындардың 40 пайызы болады. Орыстарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ және Қырым татарларының алаңдаушылық білдіруі де орынды. Совет диктаторы Сталиннің тұсында, 1944 жылы жүздеген мың Қырым татары түбектен тыс аймақтарға жер аударылған.

Тәуелсіздік мәселесі бойынша дауыс беру кезінде этникалық албандар Косово халқының 88 пайызы болған.

• Тәуелсіздікке ұмтылудың орнына Қырымның де-факто басшылары Ресейге қосылуды ғана жақтап отыр.

Косово мен Шотландияда басқа мемлекетке қосылу емес, тәуелсіздік мәселесі ғана көтерілді.

• Киевтегі үкімет ауысқанына бір ай толмастан Қырым өзінің тәуелсіздігін жариялап, іле-шала Ресей құрамына қосылу туралы референдум өткізіп жатыр.

Шотландия үкіметі мен Лондон өкілдерінің қатысуымен өткен процестердің нәтижесінде Шотландияда референдум өткізу туралы бірлескен шешім қабылданды. Ал Косово автономия алғаннан он жыл өткен соң барып өзінің тәуелсіздігін жариялады.
XS
SM
MD
LG