Accessibility links

Ислам Каримов пен қызының арасына жік түсті


Өзбекстан президенті Ислам Каримов. 2013 жылдың қыркүйегі.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов. 2013 жылдың қыркүйегі.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов пен оның қызы Гүлнара Каримованың арасындағы кикілжің ушығып барады. Каримоваға қатысы бар деген Terra Group медиахолдингінің есеп-шоты уақытша жабылды.

Ташкенттегі Infinbank өкілдері Азаттыққа берген сұхбатында қаржылық қылмысқа қатысты істі тергеу мақсатында қазанның 29-ы күні Terra Group-тың есеп-шоты жабылғанын растады. Ал Terra Group қызметкері Азаттық тілшісіне компанияның жұмысын тоқтатқанын және оның есеп-шотына «құлып салынғанын» айтты.

ҚҰЛЫПТАЛҒАН ЕСЕП-ШОТ ПЕН ЖАБЫЛҒАН ТЕЛЕАРНАЛАР

Бұл Өзбекстанның автократ президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнараға қарсы шабуылдың жалғасы болса керек. Соңғы апталарда оған қарайтын мекемелер мен ақпарат құралдары жабылып, кейбірінің жұмысына қатысты тергеу басталған.

Каримованың түрлі саладағы бизнесін жарнамалайтын, оған бағынышты үш радио мен төрт телеарна «техникалық жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты» өткен аптада эфирден алынған.

Гүлнара Каримова. Ташкент, 31 тамыз 2012 жыл.
Гүлнара Каримова. Ташкент, 31 тамыз 2012 жыл.
Президенттің үлкен қызына тиесілі деген телеарналар мен радиолар жабылып жатқан тұста Ташкентте ақпарат құралдарында жыл сайын кеңінен насихатталатын Каримованың style.uz өнер фестивалі ашылды.

Әлеуметтік желілерді жиі пайдаланатын Каримова қазанның 30-ы күні ForumTV, SoFTS және TV-Markaz-TV телеарналарының жабылуына қатысты Twitter парақшасында пікір білдірді. Оның айтуынша, «Өзбекстанның баспасөз агенттігі бұл арналардың 12 ережені бұзғанын анықтаған».

Өзін қолдайтын кісінің телеарналардың эфирден жоғалып кетуі туралы қойған сұрағына «Ақылға сыйымсыз көрінгенімен, ол тізім (12 заң бұзушылықты айтады – ред.) жасалған!» деп жауап берді Каримова.

Эфирден алынған төртінші телеарна – Каримованың жақын адамына тиесілі болған NTT.

Ақпарат құралдарымен қоса, Каримоваға жақындығы бар кем дегенде екі мекемеде - Forum қайырымдылық қоры мен Саяси зерттеулер орталығында салық төлеудегі кемшіліктерге байланысты тексерулер басталды.

КАРИМОВТЕР ӘУЛЕТІНІҢ ҚҰПИЯЛАРЫ

41 жастағы Каримованың жақын адамдарына да өткен апта жайсыз тиді. Оның немере інісі, Ферғана аймағындағы ең ықпалды мұнай брокері Ақбарали Абдуллаев «қылмыстық топ құрып басқарды» деген айыппен тұтқындалды.

Лола Каримова-Тиллаева. Париж, 8 сәуір 2009 жыл.
Лола Каримова-Тиллаева. Париж, 8 сәуір 2009 жыл.
Гүлнара Каримованың кіші сіңлісі Лола Каримова-Тиллаева өткен айда BBC-дің Өзбек қызметіне сұхбат беріп, президент әулетінің біраз құпиясын жайып салған.

Оның айтуынша, «Гүлнара екеуінің сөйлеспегеніне 12 жыл болған. Араларында туыстық және достық қарым-қатынас мүлде жоқ». Гүлнара Каримова бұған жауап ретінде Instagram әлеуметтік желісін пайдаланып сіңлісін «ақша жымқырды» және «сиқыршылармен достасты» деп айыптады. Ол аздай үлкен қыз өзінің анасы Татьяна Каримованы «шайтандық рәсімдерге» қатысып жүр деп жазғырды.

Бұл оқиғалар Каримованың саяси өмірінде қиын кезең басталғанынан хабар береді.

КАРИМОВ ҚЫЗЫНА НЕГЕ АШУЛАНДЫ?

Бұрынғы дипломат, қазіргі поп-жұлдыз әрі киім дизайнері Гүлнара Каримова 2015 жылғы сайлауда 75 жасқа келген әкесінің орнын басатын кандидаттардың бірі саналатын. Әкесінің қаһарына іліккенге дейін мемлекеттік баспасөз оны көп насихаттайтын, мұның өзі Каримованың таққа жақын тұрғанынан хабар беретін.

Оның әлеуметтік медианы кеңінен пайдалануы, соның ішінде Twitter парақшасындағы жеке басына қатысты қызықты мәлімдемелері адам құқықтарының сақталуы жөнінен көш соңында тұрған Өзбекстанның ішкі ахуалынан біраз мағлұмат береді.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов (ортада) пен оның әйелі Татьяна (сол жақта) Үндістан президенті Пратибха Патилмен кездесіп тұр. Үндістан, Нью-Дели, 18 мамыр 2011 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (ортада) пен оның әйелі Татьяна (сол жақта) Үндістан президенті Пратибха Патилмен кездесіп тұр. Үндістан, Нью-Дели, 18 мамыр 2011 жыл.
Гүлнара Каримоваға қатысы бар деген компаниялардың ақша заңдастыру әрекеттері Швейцария, Франция және Швецияда тергеліп жатыр. Президент Ислам Каримовты қатты ашуландырған да осы жайттар болса керек.

Әке мен қыз арасына түскен сызаттың тереңдегені сондай, Гүлнара Каримова қазанның 29-ы күні Twitter-де жазған хабарламасында Өзбекстан президентін Сталинге теңестірді. «Сын отца народов» кинофильмінен үзінді келтірген ол «Сталин жолдас тірі және ешқашан өлмейді. Ол - менің әкем! Мен өлгенше ол орнында отырады» деп жазды.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG