Accessibility links

Мұсылман елдерінде ғылым қайта тіріле бастады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

«Ғасырлар бойы мүлгіп келген ислам әлемі қайтадан ғылымға шындап бет бұрды» деп жазады The Economist басылымы.

The Economist басылымының жазуынша «Мұсылмандар терең, әрі ұзақ ұйқыға кеткен еді. 2005 жылы бір ғана Гарвард университеті жариялаған ғылыми еңбектер саны 17 араб мемлекетінде жазылған зерттеулерден көп болып шыққан. Әлемдегі 1,6 милиард мұсылманның арасынан екі адам ғана ғана (екеуі де Батысқа кеткен) химия мен физика саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері атанды. Ал мұсылмандардан 100 есе аз еврейлердің арасынан 79 адам Нобель сыйлығына ие болды».

МҰСЫЛМАНДАР ҒЫЛЫМИ ТОҚЫРАУДЫ БАСТАН ӨТКЕРДІ

«Ислам конференциясы ұйымының құрамына енетін 57 ел ғылыми зерттеу жұмыстарына жалпы ішкі өнімнің 0,81 пайызын ғана арнап, әлемдегі орташа мөлшердің үштен бірін ғана құрады. Ғылыми ізденістерге әлем бойынша ең көп бюджет бөлетін Американың үлесі – 2,8 пайыз, ал Израиль бюджетінің 4,4 пайызын бөледі» деп жазады басылым.

Базбіреулер мұсылмандар ғылымға туғаннан жаны қас деп ойлайды. Кейбір университеттер ғылымнан гөрі ғибадатты көбірек уағыздайтын сияқты. Исламабадтағы Каид-и-Азам университетінің аумағында үш мешіт бар, төртіншісі жоспарланып жатыр, бірақ кітап дүкені жоқ.

Басылымның жазуынша, «Әр нәрсенің дәлелін іздеп ойланғанша, дайын дүниені жаттап ала сал» деген қағида үстемдік құрғандай. Сауд Арабиясының үкіметі «Құранның даусыз кереметтері: Ғылым терістей алмайтын дәлелдер» деген сияқты
Университет студенттері. Иран. (Көрнекі сурет)
Университет студенттері. Иран. (Көрнекі сурет)
кітаптарды мектепте оқытады. Соның нәтижесінде сенім мен ақыл арасында қайшылық туындауы мүмкін деп ойламайды. Көптеген университеттер саясатқа қатысты курстарға үреймен қарайды, дінге сырт көзбен қарап, талқылауға болмайды дейді.

Пәкістандық ядролық қару мәселесін зерттеуші ғалым Первез Худбой елдегі ең танымал университет Лахорда ислам мен ғылымның байланысы туралы курс өткізді. Студенттер қызығушылық танытады, бірақ желтоқсан айында Худбой мырзаның келісімшарты ұзартылмады. Профессордың өзі «Оған еш себеп жоқ» дейді. Ал университет әкімшілігі бұл шешімнің курс мазмұнына қатысы жоқ екенін айтты..

ИСЛАМ ҒЫЛЫМЫНЫҢ АЛТЫН ҒАСЫРЫ

Бірақ «ислам әлемі ғылым үшін жаратылмаған деу – қисынсыз пікір» дейді басылым. 8-13 ғасырларда Европа елдері қараңғылық түнегінен көз ашпай жатқанда мұсылмандар ғылымды өркендеткен. Дін мен ғылымның үндестігін былай қойғанда, исламның ғылыми жаңалықтарға ықпал ететіні де дәлелденген.

Аббасид халифтері ғылымнан ақша аяған емес. 11-ғасырдағы Ибн-Синаның (Авиценна) «Медицина қағидасы» еңбегін (әдемілеп басып шығарып, суреттер қосса, қазіргі студенттерге оқулық болуға жарай береді) Европа дәрігерлері жүздеген жылдар бойы азық етті. 9-ғасырдағы Мұхаммед әл-Хорезмидің «Китаб әл-Джабр» шығармасында алгебраның негізі қаланған. Әл-Хасан ибн әл-Хайтам жарық пен сәуленің шағылысуын зерттеді. Парсы ғалымы Әбу Райхан әл-Бируни жер шеңберін 1 пайыз ауытқумен ғана есептеп шығарды. Көне гректердің зиялы мұрасын сақтауға да мұсылман ғалымдары орасан еңбек сіңірді. Ғасырлар өте келе ол Европадағы ғылыми төңкеріске ықпал етті.

Рамазан айының басталуын дәл анықтау (жаңа ай туған кезде болады) астрономияның дамуына ықпал етті. Мұхаммед пайғамбардың хадисінде мұсылмандарға «Білім ізде, қажет болса тіпті Қытайдан барып үйрен» делінген.

Бұл ғалымдардың еңбегі ауыздан түскен емес. Катар астанасы Дохада өткен күзде «1001 өнертабыс» ұйымдастырылды, ол ислам ғылымының алтын ғасырына арналды.

«ҒЫЛЫМҒА КЕДЕРГІ – АҚШАҒА САРАҢ, ОЙҒА ТҰСАУ БАСШЫЛАР»

Ең бастысы ғылыми жетістіктің маңызы мен экономикалық пайдасын ел басшылары да сезіне бастады. 2009 жылы Сауд Арабиясында ашылған, Абдулла патша атындағы ғылым мен технология университетінің бюджеті 20 миллиард долларды құрайды – оған тіпті қалтасы қалың америкалық университеттердің өзі қызығады. Шетелдіктер де солай қарай ағыла бастады. Нобель сыйлығын алудан үміткер француз химигі Жан Фрешет сол оқу орнында ғылыми зерттеу жұмыстарын басқарады . Жаңа университет Оксфорд пен Кембридж сияқты танымал білім ордаларымен байланыс жасайды.

Катар елінің басшылары ғылымға жалпы ішкі өнімнің 2,8 пайызын арнады. Ал Түркияның зерттеу жұмысына бөлетін қаржысы 2005-2010 жылдар аралығында жыл сайын 10 пайызға көбейді.

«Қазір екі мәселе туралы сеніммен айтуға болады. Біріншіден, мұсылман әлемінде ғылыми сілкініс бар. Екіншіден, ғылыми кедергіге діни көшбасшылар емес, ақша бөлуге сараң, бірақ тәуелсіз ойшылдарды бақылауға жомарт басшылар айыпты» деп жазады басылым.
2000-2009 жылдары Түркияда жарияланған ғылыми мақалалардың саны 5 мыңнан 22 мыңға дейін өсті, Иранда 1 мың 300-ге дейін жетті.

Ғылым үшін ақша аямасаңыз, нәтижесін көресіз. 2000-2009 жылдары Түркияда жарияланған ғылыми мақалалардың саны 5 мыңнан 22 мыңға дейін өсті, Иранда 1 мың 300-ге дейін жетті.

2011 жылы Thomson Reuters медиа агенттігі жүргізген зерттеуге сүйенсек, 1990 жылы Египет, Иордания, Сауд Арабиясы және Түркиядан шыққан ғылыми мақалаларға жасалған сілтеме әлемдегі орташа есептен төрт есе аз болған. 2009 жылы бұл көрсеткіш екі есе ғана артық болды. Соның ішінде математика саласындағы еңбектер жоғары бағаланады. Қазір Иран ортадан жоғары көрсеткішке жетті, бұл елде жазылған еңбектердің 1,7 пайызына жиі сілтеме жасалады, Египет пен Сауд Арабиясы да жаман емес. Техникалық салада Түркия алға шықты.

Тәжірибелік тұрғыда пайда әкелетін ғылым саласымен айналысқан тиімді. Сондықтан инженерлік, ауыл шаруашылығы, медицина мен химия көш бастап келеді.

Фазид Махмух Хан Германияда астрофизика бойынша докторлық атағын қорғап, Пәкістанға оралды. Қазір Лахор университетінде еңбек етеді. Университет проректоры оған «түсініксіз дүниені (яғни «түпсіз тұңғиық» мәселесін) зерттегенше, пайда әкелетін жұмыспен айналыс» деген.

«БИОЛОГИЯНЫ ҚАЙТА ЖАЗУ КЕРЕК»

Биолог мұсылмандар адамның пайда болуын түсіндіретін оқулықтарға алаңдайды. Олар «адамзат маймылдан тараған» деген дарвиндік көзқараспен келіспейді. АҚШ-тағы Массачусетс штатының Хэмпшир университетінің қызметкері Салман Хамидтың 2008 жылғы зерттеуіне қарағанда, Индонезия, Малайзия мен Пәкістан тұрғындарының 20 пайыздан азы, ал Египет халқының 8 пайызы ғана Дарвинге сенеді.

Америкалық инженер-химик және шейх Ясир Кади осы айда Лондонда өткен баспасөз мәслихатында өз пікірін айтты. «Эволоюция теориясын басқа тіршілік иелеріне қолдануға қарсы емеспін. Бірақ Адам ата мен Хауа ананың арғы тегі жоқ» деді ол.

Түрік зерттеушісі Харун Яхья да дарвинизм теориясын жоққа шығаратын кітаптар мен бейне баяндарды көптеп жариялады. Бірақ биолог ғалымдар Феодосий Добжанскийдің «биологияда эволюция жарығынан басқа ештеңе маңызды емес» деген сөзіне ұйыйды. Ислам дінін қабылдаған биолог Фатима Джексонның айтуынша «ғылым дүниедегі өзгерістерді баяндайды, ал ислам оның себептерін түсіндіреді».

Иордандық биолог Рана Дажанидың пікірі басқаша. «Құран – ғылыми кітап емес, адамдардың дұрыс өмір сүруіне нұсқаулық беретін кітап» дейді ол.

Кейде христиандарға қиын тиіп жататын мәселелер мұсылмандар үшін жеңіл шешіледі. Америкалық ғалымдар діңді жасушаны зерттейін десе, христиан дінін ұстанатын конверваторлар қарсы шығады. Ал ислам ғалымдары «ұрыққа жан 40-120 күнде ғана енеді» деп, ондай жасушаны зерттей береді.

Бірақ бұндай еркіндік сирек кездеседі. Таяу Шығыстағы Египет сияқты маңызды елдерде саяси исламның ықпалы артып, радикал діншілдер көбейген сайын ғылыми зерттеулердің жолында бөгет көбеюі мүмкін деп жазады The Economist.

Бірақ басылымның ойынша, мұсылман әлемінде ғылыми сілкініс бар. Таяу Шығыстағы саяси толқулар демократия ғана емес, ғылыми еркіндікке де ықпал етуі мүмкін.
XS
SM
MD
LG