Accessibility links

Қауіпсіздік кеңесі БҰҰ-ның соғыстан кейінгі Ирактағы орны жөнінде келісім табуға тырысып отыр


Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі АҚШ, Британия және Испания ұсынған Ирак жөніндегі жаңа резолюцияның жобасын талқылай бастады. Жобада Ирактағы азық түлік бағдарламасы тоқтатылсын делінеді, қару инспекциясын қайтару қарастырылмайды. Германия және Ресей сияқты мемлекеттердің өкілдері мұндай ұсыныстармен келіспейді. АҚШ елшісі Джон Негропонте жетілдірілген жоба дауысқа келесі аптада салынады деп үміт білдірді.

Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері АҚШ, Британия және Испания ұсынған резолюция жобасын талқылай бастап, Біріккен Ұлттар Ұйымының Ирактағы орнын нақты және егжей тегжейлі көрсету керек деген пікірді алға тартты.

Дау туғызып отырған мәселенің бірі – қару инспекциясын Иракқа қайтару мәселесі. Жобаны ұсынған мемлекеттер болса оны қажет деп атамады. Біріккен Ұлттар Ұйымы негізінен ізгілік көмек көрсетуге, Ирактың заң жүйесін қайта қалпына келтіруге атсалыссын делінеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы, сондай ақ, мұнай табыстары жиналатын арнайы қорды бақылассын делінеді. Бірақ, қордың шығындарын бақылауды Саддам Хусейнді биліктен тайдырған АҚШ басқаруындағы бірлестік атқарады делінеді.

Жобаның мұндай табиғатына қарсылық білдірген мемлекеттердің бірі Германияның елшісі Гюнтер Плюгер Біріккен Ұлттар Ұйымының Ирактағы құзыры басым болғаны жөн деп алға тартты.

- Мәселе саяси құбылыстың қалай ұйымдастырылып жатқанында. Біз мүшесі боп табылған Европа одағы маңызды және орталық жетекшілікті Біріккен Ұлттар Ұйымына беруді сұраған. Тең демеушілердің қаулысында да Біріккен Ұлттар Ұйымы жетекші болу керек деп айтылды. Біз осыны тағы нақтылап отырмыз, - деді Германия елшісі Гюнтер Плюгер.

Германия және Германияға дауыс қосқан Ресей ЮНМОВИК қару инспекциясын Иракка қайтару керек деген талапты күшейтіп отыр. АҚШ жойқын қаруды іздестіру шаруасын өз сарапшыларымыздың арқасында атқара аламыз дейді. Қауіпсіздік кеңесінің басқа мүшелері болса Иракка қойылған экономикалық шектеулерді жою үшін Ирактың жойқын қару бағдарламасы Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан тікелей сарапталу керек дейді. АҚШ ұсынған жобада Ирактағы азық түлік бағдарламасы тоқтатылсын дейді, ал мұндай жағдайда мұнай табыстарынан қаржыланатын қару инспекциясы жөнінде таратылып еш нәрсе айтылмады. Германия және Ресей сияқты мемлекеттердің өкілдері мұнымен келіспейді.

АҚШ елшісі Джон Негропонте ескертулерді қортып, жобаның мәтінін жаңартамыз деп айтты, жоба дауысқа келесі аптада салынса жөн болады деп үміт білдірді.

- Біз шапшаң қимылдауымыз керек деп ойлаймыз. Шектеулерді неғұрлым тезірек алып тастау керек. Экономикалық белсенділікті Ирак халқының қолына тапсыру жөніндегі көптеген өзекті мәселелерге тезірек кірісуіміз керек, - дейді АҚШ елшісі Джон Негропонте.

АҚШ басшылығы Ирактың сыртқы қарыздарының өзектілігіне бір қатар мемлекет алаңдап отырғанын ескеріп, жоба мәтініне кейбір маңызды өзгерістерді еңгізді. Ирактың сыртқы қарызы ең көбі 383 миллиард доллар деп есептеледі. Оның біраз бөлігі Ресейдің еншісінде. АҚШтың пайымдауынша, Ирактан сыртқы қарызды талап ету тиімді емес, алдыменен Иракка аяқ басып кетуге мүмкіншілік беру керек. Бұл мәселе АҚШ сыртқы істер министрі Колин Пауеллдің Мәскеуге апта ортасында жасалған сапарында егжей тегжейлі талқыланды. Ресейдің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі Сергей Лавров мәселені пысықтау оң бағыт алды деп мәлімдеді.

- Біз мұны жылы қабылдаймыз. Мысал үшін, Ирак халқының өз табиғи байлықтарына бақылау жасау құқын қайта қалпына келтіруге ниет танытылды, Біріккен Ұлттар Ұйымының Ирактағы қызметі қатыстырылған кейбір техникалық мәселелерді талқылауға ниет танытылды, бұл жерде саяси құбылыс та бар, осыларды жылы шыраймен қабылдаймыз. Мұның барлығы енді қағаз бетінде қандай көрініс табатынын көрейік. Бірақ бұл жерде кейбір сұрақтар, тіпті бір қатар сұрақ, әлі жауапсыз қалып отыр, - дейді Ресей елшісі Сергей Лавров.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG