Accessibility links

АҚШ әкімшілігінің жаңа талаптарына сәйкес Бағдаттың полиция күштері өз қызметтеріне қайта орала бастады.


Бағдат қаласының полиция күштері өз қызметтеріне қайта орала бастады. Елдегі тәртіпті қалпына келтіру үшін АҚШ ресми өкілдері бұрынғы полиция қызметкерлерінің өз қызметтеріне қайтып оралуын радио хабары арқылы сұраған болатын. Енді бұл жөнінде Нұрлытай Үркімбайдан толығырақ тыңдайсыздар.

Өткен демалыс күндері Бағдаттағы коалиция радио бағдарламасы АҚШ ресми өкілдерінің мәлімдемесін таратқан болатын. Онда Ирактағы барлық полиция қызметкерлерінің өз жұмыс орындарына қайта оралуы сұралған еді. АҚШ армиясының Азаматтық істер бойынша 422-ші баталионының майоры Винсент Крабтың айтуынша, Бағдаттың бұрынғы полиция офицерлеріне өз қызметтеріне қайта оралуына рұқсат беріліп отыр. Оның себебі, елдегі тым құлдилап кеткен қауіпсіздік шараларын қайта қалпына келтіру- кезек күттірмес мәселеге айналған. Краб мырзаның сөзіне қарағанда, қызметіне қайта оралған полиция қызметкерлері жаңа, көк униформа, яғни арнайы киім киетін болады. Себебі, көптеген ирактықтар үшін қою жасыл түсті полиция киімдері бұрынғы билік дәуірін еске түсіретіндей.



“Бұрынғы полиция қызметкерлері арнайы қабылдау процестерінен өтеді. Содан кейін олардың өмірбаяндық мәліметтері тексеріледі. Мұның өзі дәл АҚШ-тағыдай. Егер жеке мәліметтеріңде қылмыс жасағаның тіркелсе, онда жұмыстан аластатыласың,-деді Краб мырза өз сөзінде. Егер жергілікті азаматтар тарапынан қандай да бір полиция қызметкері жөнінде шағым түссе, онда бұл жағдайды АҚШ азаматтық әкімшілігі тексере келе, нақты қорытынды жасайды.



Ал, базбір полиция қызметкерлері елдегі билік өзгергендіктен өз басының саулығын ойлап, басқа жұмыстарды іздестіруде. Өткен аптада АҚШ ресми өкілдерінің берген мәліметтеріне қарағанда, Бағдатта бұған дейін үш мың полиция қызметкерлері және 100-ден аса полиция көліктері болған екен. Қазіргі кезде қайта сұрыптаудан өтіп жатқан полиция күштеріне, алдағы уақытта елге келетін халықаралық тұрақтылық күштері де едауір дәрежеде көмектеспекші. Мысалы, аса күрделі тұтқындаулар мен басқа да күрделі салаларда тәртіптер орнатуға олар қол ұшын беретін болады, дейді Азаттық радиосының тілшісі Замира Ешанова.



Дей тұрғанмен, Ирак полициясын басқаратын жауапты адамды таба қою қиынға түсуде. АҚШ өкілдері тарапынан алғаш тағайындалған Ирак полициясының басшысы Зухир ал-Наими өз қызметіне толық кіріспестен жатып, ол лауазымнан бас тартып та үлгерді. Ол мұндай қадамына ешқандай түсінік бере қойған жоқ. АҚШ ресми өкілдерінің түсіндіруінше, Наими мырза өзінен кейінгі жастарға жолды босатып беруді жөн санаса керек. Ел полициясының басшылығында болған небәрі 10 күн ішінде Ал-Наими қолды болған 380 мыңнан аса АҚШ доллары мен 100 килограмдай алтынды мемлекет қазынасына қайтарған еді. Осы аптаның басында АҚШ өкілдері жоғары шенді екі полиция қызметкерін Бағдат полициясының басшылығына шақырған болатын. Оның бірі генерал Хамед Осман Сабба 1997-2001-ші жылдар аралығында Ирак полициясының басшысы болған-ды. Кейін Саддам Хусейн оны аталған қызметінен алып тастаған екен. Ол қазір АҚШ өкілдері тарапынан Бағдат полициясының басшысы ретінде тағайындалып отыр. Ал, келесі генерал Қайс Мұхамед Наиф Ирак жол полициясының басшысы ретінде тағайындалды. Ирак полициясы саласы бойынша маман, майор Аладин Мұхамед Хусейннің айтуынша, радио арқылы АҚШ өкілдерінің шақыруы жарияланғалы бергі екі күн ішінде Ирак полиция күштерінің 70 пайызы өз қызметтеріне оралған екен. Краб мырзаның пікірінше, полиция қызметкерлерінің осыншалықты тез арада жаңа қызметтеріне кірісіп кетуі елдегі банк жане енергия көздері сияқты аса маңызды орындар қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне кепілдік болуда.



Дей тұрғанмен, сол полиция қызметкерлерінің көпшілігінің пікірінше, қазіргі қалыптасып отырған жағдай елде қалыпты тәртіптің жуық арада орнай қоймасын аңғартқандай. Әзірше жол полициясы өз қызметіне толықтай кірісіп кеткен сыңайлы. Алdaғы уақытта ел полициясының басқа да бөлімдері міндеттерін атқаруға кірісер, деген үміт бар.
XS
SM
MD
LG