Accessibility links

«Қазақстанның даму банкі туралы» заңына өзгерістер енгізілмек


Мамырдың 23-і күні Қазақстан Республикасы парламент сенатының қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.

Онда “Қазақстанның даму банкі туралы” Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау кезінде Даму банкіне жергілікті атқарушы органдардың жергілікті бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігі туралы мәселе үлкен пікірталас туғызды.

Экономика және бюджетті жоспарлау министрінің орынбасары Арман Дунаев мұндай түзетулер “Даму банкі туралы” заңды “Бюджет жүйесі туралы” заңға сәйкестендіру үшін жасалып отырғанын айтты. Оның сөзінше, даму банкінің акционерлері, яғни үкімет пен жергілікті атқарушы органдар даму банкіне несие бөлу құқығын сақтауы қажет.

Сенат депутаты Уәлихан Қайсаров бұл түзетуге қарсы екендігін білдірді.

“Меніңше, егер біз Даму банкіге заң арқылы сондай құқықты берсек, онда олар облыстарға барып, солардан осындай заң бар деп осыншама ақша қажет деп алуы мүмкін. Ал, жергілікті жерлер өздерінің әлеуметтік проблемаларын шешуге қаржылары жеткіліксіз”, - деді сенатор.

Алайда, Уәлихан Қайсаровтың ұсыныстары қабылданған жоқ. Заң жобасы енді сенаттың жалпы отырысында қаралады.

Құрылғанына 1,5 жыл болған Қазақстан даму банкі бүгінгі күні құны 147 миллион доллар тұратын барлығы 18 жобаны мақұлдап отыр.
XS
SM
MD
LG