Accessibility links

Иранның атом бағдарламасына Ресейдің қаншалықты атсалысқаны президент Владимир Путиннің алдына қойылмақ


Иранның күдікті атом бағдарламасының мәселесі арнап президент Джордж Буштың ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Кондолиза Райз баспасөз мәслихатын өткізді. Иранның атом бағдарламасына Ресейдің қаншалықты атсалысқаны Санкт Петербор жиынында президент Владимир Путиннің алдына қойылады, деді Кондолиза Райз.

Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы Халықаралық Атом энергетика агенттігінің сарапшылары мәселені таяуда Иранның өз басына барып зерттеген. Иранның атом мүмкіншіліктері жөнінде агенттіктің директоры Мұхамед Эль Барадей 16 маусым күні баяндама жасайды деп күтіліп отыр.

Атом қару өндірісін жасыру үшін мұнайға бай Иран атом энергетика бағдарламасын арттыруға әрекет жасап отыр, деп біледі ресми Вашингтон. Президент Джордж Буштың ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Кондолиза Райз Иранның атом бағдарламасына Ресей қаншалықты атсалысқан екенін сарапшыларымыз зерттеп отыр, бұл мәселе Санкт Петербор жиынында Ресей президенті Владимир Путиннің алдына қойылады деп жариялады.

Ресей Иранның тұңғыш атом реакторын салуға шыныда да атсалысқан, осы жағдай Америка мен Ресейдің арасына Ирак мәселесінен кейін тағы дау қосып отыр. Иран болса мұндай айыптарды әдетте жоққа шығарады. Атом өндірісін тек электрэнергиясын молайту мақсатында дамытып отырмыз дейді. Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы Халықаралық Атом энергетика агенттігінің сарапшылары мәселені таяуда Иранның өз басына барып зерттеді. Халықаралық Атом энергетика агенттігі Иран баяндамасын маусымның 16-17 күндері Венада арнайы мәслихатта жарияламақ.

Иранның атом бағдарламасының мәселесі жөнінде президент Джордж Буштың ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Кондолиза Райз апта ортасында Вашингтонда баспасөз мәслихатында сөз қозғады. - Ираннан атом қаруы тарауы мүмкін деп білеміз. Осы жөнінде біз Ресей өкілдерімен пікір алысып отырмыз және ара тұра пікірлескенбіз де. Халықаралық Атом энергетика агенттігі сарапшыларының Иранда жақында тапқан мәліметтері, әлбетте, мәселенің шешімін табу мақсатында Иранмен жұмыс істесу қажеттілігін көрсетеді деп білеміз, -дейді Кондолиза Райз.

Вашингтонда жасалған осы мәлімдемеден кейін Ресей сыртқы істер министрлігі қолма қол сабырға шақырды. Министрліктің өкілі Александр Яковенко арнайы мәлімдеме жасап, Халықаралық Атом энергетика агенттігінің баяндамасын күткен жөн, Иран "Атом қаруын таратпау жөніндегі" халықаралық келісімге қаншалықты берік екенін халықаралық мәртебесі бар ұйым шешсін деп айтты.

Мұның алдында Ресей сыртқы істер министрі Игорь Иванов Иранның атом электрстанциясын тұрғызуға Ресей көмектесті деген жөнсіз айыптауға көне қоймаймыз деп мәлімдеді. "Интерфакс" агенттігі сілтеме жасап отырғандай, Иванов Вашингтон Тегеранмен қақтығысты қоздырмасын деп ескертті. Ресей Иранның оңтүстігіндегі Бушехр қаласында атом реакторын салуға көмектесу жөнінде 1995 жылы келісімге қол қойған.

Ресей атом энергетика министрі Александр Румянцев Бушехр қаласындағы атом реакторының құрылысынан АҚШ пен Иранның қарым қатынасы зақым келмеу керек деп мәлімдеді. Кейбір Ресей ресми өкілдері Санкт Петербордың 300-жылдығына байланысты мерекеде жарасымды әңгімеге түрткі болатындай мәлімдеме жасады. Мәселен, сыртқы істер министрінің орынбасары Георгий Мамедов Иранның елшісі Ғоламреза Шафеймен кездескенде Иран атом бағдарламасының бейбіт сипаты жөнінде халықаралық кепілдеме жасасын деп ұсыныс айтты.

Иранның атом зерттеулері жөнінде түсініксіз жайттардың болғанынан Ресей де мазасызданып отыр, деді Георгий Мамедов. АҚШ әкімшілігі болса Иранның күдікті атом бағдарламасына тек Ресей атсалысып отырған жоқ деп біледі. Президент Джордж Буштың ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Кондолиза Райз бұл жөнінде былай деп мәлімдеді.

- Біз Халықаралық Атом энергетика агенттігінің баяндамасын күтеміз. Бірақ, мәселені анықтай беру үшін не істеу керек екендігі жөнінде сөйлесуге, Иранмен жұмыс істесуге әр қайсысының кез келген әрекеті қажет екені жөнінде сөйлесуге президенттер ынта табады деп ойлаймын. Айтпақшы, Иранмен серіктестіктің түрлі жолдарына барған жалғыз Ресей емес. Бұл Ирандағы әскери атом бағдарламасының болашақ мәселесіне септігін тигізбейді,- деді Кондолиза Райз.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG