Accessibility links

Жер сатуға қарсылық


Жерді сатуға қарсы бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі жиынға қатысу үшін республиканың әр аймағынан делегация мүшелері келуде

Жерді сатуға қарсы бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі жиынға қатысу үшін республиканың әр аймағынан делегация мүшелері келе бастады. Солардың бір бөлегі Алматы мақта-мата комбинатының сауықтыру жатақханасына орналасты. Онда Ақтөбе және Қызылорда облыстарыан келген делегация өкілдері орналасқан. Жұма күні біз солардың бірнешеуімен әңгімелестік.

Алдымен сөз алған Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысы Ақтөбе облыстық бөлімшесінің өкілдерін бастап келген делегацияның жетекшісі Хамит Бекешев:

-10 маусым күні Алматыға шыққалы жатқан біздің делегацияға қатты қысым көрсетілді. Менің өзіме белгісіз біреу телефон соғып, егер Алматыға баратын болсаңыз жағдайыңыз қиын болады,-деді.- Менен басқа адамдарға да шетінен қорқытулар болды, бірнеше адам әлгіндей қысым көрсету әрекеттрінен соң қорқып, Алматыға келмей қалды. Екі-үш әйелдің үйлеріне бензин шашып, өртейміз деген соң, олар ешқайда кете алмады,-деді.

Жалпы Ақтөбе өңірінен жұма күні түске дейін 36 адам келген, тағы келетіндері бар. Ал қаймығып, келмей қалғандары да жетерлік. Ол туралы ДВК-ның белсенді мүшесі ақтөбелік Айсұлу Қадырбаева айтып өтті.

- Келеміз деп ынта білдірген елу шақты адам болды, ал жерді сатуға қарсы адамдарда есеп жоқ. Сол азаматтардың аманатын арқалап келген біздердің мақсатымыз, қайткен күнде де жерді саттырмау,-деді Айсұлу Қадырбаева.

Осы арада Айсұлу Қадырбаева жаңадан Үкімет басшысы болып Президент Жарлығымен тағайындалған Даниял Ахметовке деген сенімсіздігін айтып, ол да президенттің айтқанынан шықпайды деді.

Ал Демократиялық таңдауы қозғалысы Қызылорда облыстық бөлімшесінің жетекшісі Молдырайымов Арыстанбек болса:

- Алматыға біз де өте қиындықпен келдік, пойыға отырғалы тұрған жерімізден кейбіреулерді алып қалды. Талай адамды қорқытып, туыстарыңды жұмыстан қуамыз деп, көп адамды жібермей қойды. Дәл қазір 21 адам пойыздан түстік, кеше келгендері, ертең келетіндері бар,- дейді Молдырайымов.

Жан-жақтан бұл азаматтардың Алматыға келудегі мақсаты, қазақ жерін сатуға қарсылық білдіріп, оның тағдырын шешуді бүкілхалықтық референдумға қою екені түсінікті.

Ал осы мәселеге байланысты жұма күні Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысының таратқан баспасөз парақшасында нарықтық экономика демократиядан басталады деп көрсетіліпті. Жерді сатуға байланысты Бүкілхалықтық референдум өткіземіз деген бастама кең қолдау тауып, оның оң нәтижесі байқалды.

Президент Жер кодексі туралы заңға қол қоюды тоқтата тұруға мәжбүр болды, Мәжіліс депутаттарының талаптарымен де келісіп, масқара болған үкіметті отставкаға жіберуіне тура келді. Сөйтсе де біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Мәжілістің Жер кодексімен қайта жұмыс істеуі қоғамда тыныштық орната қоймайды. Тек қана президент бұл тағдырлы мәселені жалғыз өзі шеше алмайды, оған бір ғана өзі жауап беруге қақысы жоқ. Қажет болса халық оның Президенттік мерзімін де референдумға қоя алады. Жерді сатуды күн тәртібіне қоюдан аса маңызды мәселе жоқ. Дәл осы кезеңде алынатын шешімге байланысты өз жерімізге ие боламыз ба, жоқ әлде өзгелерге жалшы болпмыз ба, деген мәселе туып отыр.

Сонымен, 14 маусым, сенбі күні Алматыда Қазақстанның барлық облыстарынан келген делегацияның қатысуымен Конституциялық құқығымызды пайдалана отырып, жиында Жер туралы референдум өткізу мәселесі көтерілмек.

Қазақстанның бұрынғы және жаңа тағайындалған үкімет басшылығына қатысты елдегі саясаткерлер мен саясаттанушылар түрлі пікір білдіруде.

13-маусым күні ҚР-ның тағы бір кезекті үкімет басшысы тағайындалды. Президент жарлығына сәйкес енді бұл қызметті мемлекеттік билік мекемелерінде көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Даниял Ахметов атқаратын болады. Жалпы бұрынғы үкімет басшысы мен бүгінгі үкімет басшысына қатысты Қазақстандық саясаткерлер мен саясаттанушылар түрлі пікір білдіруде.

Солардың бірі саясаткер Дос Көшімнің айтуынша, республиканың бұрынғы үкімет басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың басқалардан айырмашылығы оның ұлтжандылығы, нақтырақ айтқанда осы өткен бір жарым жыл ішінде қазақ ауылдарына , ондағы мектептер жағдайына назар аударыла бастағандығы болды. «Бірақ экономикалық тұрғыдан Тасмағамбетов осалдық танытты. Сондықтан да үкімет басшылығына Даниял Ахметовтың келуі үкіметке жаңа экономикалық серпін беруі мүмкін деген де үмітім жоқ емес»,- дейді Дос Көшім.

Алайда оның пікірінше, Қазақстанның жағдайында алдағы 5-6 жыл көлемінде үкімет басшылығының ауысуынан республикада ешқандай да өзгеріс, айтарлықтай жаңалық күтудің қажеті жоқ. Өйткені олардың бәрі де бір саяси жүйеде қызмет атқарады. Саясаттанушы Камал Бұрхановтың пікірі де осыған саяды. «Жаңа үкіметтің келуінен Қазақстанда елеулі өзгеріс бола қояды деу қиын. Себебі билікке келген қай үкімет басшысы болмасын ол тек Президенттің үкімет алдына қойған міндеттерін жүзеге асырушы ғана. Олардың бірінен екіншісінің сәл ғана ерекшелетіндігі- сол міндеттерді қалай жүзеге асыратындығында болса керек»,- дейді Камал Бұрханов.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG