Accessibility links

Тәжік жұмысшы-мигранттарының мәселесі елде басталып, Ресейде жалғасады


Әр көктемде Тәжікстан азаматтары елде жұмыс болмаған соң Ресейге қаңғып кетеді. Тәжікстанда басталатын олардың ауыр хиқаялары Ресейде жалғасын табады. Тәжік жұмыскерлерінің аяулы халін екі ел арасындағы келісімдердің орындалмайтыны тағы қиындата түседі.

Жұмыс істеп босып кететін тәжік азаматтарына ең алдыменен елден шығып кету үлкен әуре. Өзбекстан мен Қазақстанды қақ жарып өтетін жалғыз пойызға не болмаса ұшаққа билет сатып алу мүмкін емес, оны еріксіз қолдан екі бағасына аласыз. "Билеттің бағасы 181 сомони, бірақ оны қара базардан 300 сомониге алуға мәжбүрміз", - дейді тәжік азаматтары. Вагонға қыстырылысып кіру – ұзақ та қауіпті саяхаттың тек басы. Ресми мәлімет бойынша, Тәжікстаннан жылда бір миллионға жуық азамат Ресей қайдасың деп күнкөріс іздеп қаңғып кетеді.

Ал Ресейде оларға құшақ жайып қарсалып тұрған кім бар? Мәселен, теледидардың хабарлауынша, Нефтеюганск қаласының полициясы екі кісі сиятын мәшиненің қуысына он төрт тәжік азаматын тиеп алып кеткен. Жұмыс іздеушілердің қалтасында ақшасы жоқ болған соң олар бірнеше сағаттан кейін полициядан құтылып шықты. Душанбеде орналасқан Халықаралық босқындар ұйымы бөлімшесінің бастығы Игорь Босч Ресейде кездесетін кедергілерді былай сипаттайды.

- Тәжік мигранттары тап болатын қиындықтар Тәуелсіз мемлекеттер достастығының азаматтарына бірдей. Бұл тіркелмеген жұмысшылардың мәселесі. Олар салық төлемей, жергілікті заңдарды бұзып жүргендіктен олардың қиындығы жалғаса түседі. Екінші жағынан бұл жұмыскерлердің кәсіби деңгейі әдетте төмен. Сондықтан олар шамалы жалақыға және қара жұмысқа көнеді, құқықтарының тапталуына ауыз ашпайды. Бұл тек тәжік босқындарына тән жағдай емес, - дейді Игорь Босч.

Осы мәселелерге терроризм қаупіне төтеп беру деген науқан тағы қабаттасты. Өткен қараша айында Мәскеу төңірегінен жүздеген тәжік жұмысшысы күшпен кері қайтарылған болатын. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов бұдан кейін Ресей елшісі Максим Пешковқа Ресей екіжақтық келісімді бұзып отыр деп наразылық танытты. Ресей елшісі Максим Пешков "Азаттық" Радиосының тілшісі Искандар Әлиевке берген сұхбатында тәжік жұмысшылары қорланады дегенмен келіспеді.

- Қандай мәселе бар дейсіз? Екі арамызда шешілмеген мәселені білмеймін. Егерде олар рұқсат алып, жұмысқа тұрып, ақша тауып жатса оларда ешқандай мәселе болмауға тиіс, - дейді Ресей елшісі Максим Пешков.

Тәжік жұмысшыларының мәселесі көкек айында өткен Ресей-Тәжікстан парламентаралық комиссияның мәжілісінде де қаралды. Тәжікстан парламентінің депудаты Юсуфджон Ахмадов екі ел арасында 150 шақты құжатқа қол қойылса да, олардың кейбіреуі іске қосылды, оның өзі шамалы дейді.

- Миграция мәселесі - өте маңызды мәселе. Тәжік депудаттарының оған назар аудармаса мәселе шешімін табатын емес. Қажет шараларға тек жергілікті әкімішіліктер мен орталық үкімет жалғыз жүгінбеу керек. Ресей ресми өкілдерінің де атсалысқаны жөн. Екі ел арасында 1999 жылы тиісті келесім қабылданған. Көптеген құжатқа қол қойылып жатса да, олардың әсері шамалы екенін көріп отырмыз, - дейді Юсуфджон Ахмадов.

Халықаралық босқындар ұйымы бөлімшесінің бастығы Игорь Босч Ресейде нәпақасын айырып жүрген тәжік азаматтарының мәселесіне әлі талай күш салу керек дейді. Ресей кәсіпкерлері тәжік жұмысшыларын заңсыз жалдауға құштар екені белгілі. Еңбек базарында реттейтін мәселе шаш етектен. Жұмыс іздеушілер жүйелі түрде ақпаратпен қамтамассыз етілсе, жұмысқа тұрған соң олардың әлеуметтік құқықтары жөнделсе жөн. Тапқан ақшаларын Тәжікстанға жолдау жолдарын жеңілдету керек. Кейбір бейресми есеп бойынша, тәжік жұмысшыларының елге жолдайтын ақшасы Тәжікстанның жылдық бюджетінен әлде қайда мол.
XS
SM
MD
LG