Accessibility links

Іле-Балқаш аймағының экологиялық ахуалы нашарлай түсуіне орай баспасөз мәслихаты өтті.


«Табиғат» экологиялық одағының Меліс Елеусізов жетекшілік ететін бір топ өкілдері дүйсенбі күні Қазақстан баспасөз клубында журналистердің басын қосып, Іле өзені мен Қапшағай су қоймасы ластанып бара жатқанына алаңдаушылықтарын білдірді. Іле жағалауындағы тұрғындар өз шаруашылықтарын дамытып, суды шамадан тыс көп бұрып алуда. Соның салдарынан Балқаш көлі де былғанып, суы жылдан-жылға тартылуда. «Оның үстіне шығыстағы көршіміз Қытай тұрғындары да Іле өзеніне түрлі қоқыстарын төгуі арқылы су ластанып кетті»,- дейді экологиялық «Табиғат» қоғамының жетекшісі Меліс Елеусізов.

Осыған орай Іле-Балқаш регатасы ұйымдастырылып, Іленің Қытаймен шекаралас тұсынан Балқаш көліне дейін жүріп өткен топ осы бассейннің экологиялық ахуалына үкіметтің, халықаралық ұйымдардың назарын аудару мақстатын алға қойған. Жалпы ұзындығы 845 шақырымдық жолда спорттық-мәдени шаралар ұйымдастырылды. Регатаға қатысушылар бірнеше тонна қоқыс теріп, өртеген. Іле өзені бойындағы лас, былғаныш аймақтар анықталып, соған байланысты шаралар қолға алынбақ. Ондай тұстар - Тамғалы тас, Тасмұрын қоймасы, Қоғалы, Тораңғы бағы секілді елді мекендер және Балқаш көлі.
XS
SM
MD
LG