Accessibility links

Европа одағының саммитінде ұйымның Балкан түбегіне қарай кеңеюі сөз болды


Европа одағының Порто Каррас саммитінде ұйымның Балкан түбегіне қарай кеңеюі сөз болды.Әлі де болса құбылмалы Батыс Балкан аймағының Европа одағына қосылуы тұрақтылықтың негізі ретінде қаралды. Заңсыз миграция да назарда ілінді.

Европа одағының кезекті төрағасы өз жерінде өткізетін саммит әдетте жарты жылда бір болады. Ұйымды осы жолы басқарып отырған Грекияның өкілеттігі таяу арада аяқталады. Грекия Европа одағының кеңеюін әлі де болса мазасыз Батыс Балкан аймағына бағыттауды жөн көрді.

Балкандық бес мемлекет Хорватия, Македония, Сербия-Черногория одағы, Албания, Босния-Герцеговинада соңғы он жылда орын алған ұлтаралық жанжалдар көп зиян келтірді. Европа одағының сыртқы істер үйлестірушісі Крис Паттен Оңтүстік-Шығыс Европа халықтарының тағдыры Европа одағына қосылмай шешілмейді, аймақтағы саяси және экономикалық реформаларды жалғастыру керек деп сипаттады.

Франция сыртқы істер министрі Доминик де Виллепин маусымның жиырмасында "Файненшл таймс" газетіне берген сұхбатында қажет етілген шешімдердің барлығы Европа одағының мәслихатында қабылданды деп сипаттады. "Европаның бірігуіне әр мемлекет барша ынтасын салу керек", - дейді Доминик де Виллепин. Европа одағының болашақ кезекті төрағасы Италияның сыртқы істер министрі Франко Фраттини Балкан мемлекеттерінің сарапшылары ұйымдасқан қылмысқа қарсы шабытты қимыл жасау керек деп айтты.

Балкан түбегіндегі реформаларды кең етек жайған сыбайласқан жемқорлық тұсап отыр. Европа одағы 2000-2006 жылдардың аралығында бес балкан мемлекетіне көмек ретінде 4 миллиард 600 миллион евро бөлді. Грекия осы мақсатқа қосымша 200 миллион евроның басын құрады. Сербия-Черногория одағының президенті Светозар Марович Европа одағының ықпалы Косово мәселесіне жұмылдырылса деп тілек айтты. "Өз тарапымыздан бар күшімізді салып отырмыз, көптеген мәселені шешуге жігеріміз жететінін Европа мемлекеттерінне дәлелдедік", - деді Светозар Марович. Сербия және албан халқы басым Косово провинциясы келіссөзге дайындық білдіргенін Европа одағы да мойындады. Дегенмен, келіссөздің басы әлі белгіленген жоқ.

"Азаттық" Радиосының тілшісі Брефни О Роурк жазып отырғандай, Балкан түбегінің мемлекеттерін Европа одағының болашақ мүшелері ретінде қабылдау одақтастарға оңай тимеді. Европа одағына келесі жылы он мемлекет қосылса, олар негізінен Орталық және Шығыс Европаның елдері болмақ. Европа одағының сыртқы істер үйлестірушісі Крис Паттен одақтың кеңеюі қай бағытта жүруі басым екені әлі қызу пікірталас тұғызады, Европа одағының шекарасы қай жерге шейін кеңейетіні талай дау тұғызады деп сипаттады, оптимизм танытқан жоқ.

Европа одағының саммитінде заңсыз көшу-қон мәселесі кеңінен талқыланды. Европа комиссиясының төрағасы Романо Проди қабылданған шешімдерге қанағат танытты. Иммиграция тәртібі, баспана беру тәртібі, ортақ шекараны қорғау шаруасында үлкен алғабасу жасадық деп сипаттады. Осы жерде Британия ұсынған "қауіпсіздік аймақтары" деген жоспар дау тұғызбай қоймады.

Британияның пайымдауынша, қақтығыс аймақтарын қауіпсіздігі нашар деп жариялап, иммигранттарды не болмаса саяси баспана іздеушілерді оларда бірден қоныстындырмау керек, ондай азаматтардың өтініштерін алдын ала қарастыру керек, Европа одағының жеріне содан кейін кәне жолату керек. Европа одағының көптеген мемлекеті және құқыққорғаушы ұйымдар мұнымен келіспейді, қақтығыс аймақтарында рұқсат алмаған иммигранттар Европа одағының басқа мемлекетінен қоныс таба салады дейді. Британия және Дания бастаманы сынақтан өткізгісі келетіндерін айтты. Оларға Австрия мен Голландия қосылуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG