Accessibility links

Спорт: Негiзгi жаңалықтар


Өткен жолғы хабарымызда Өскеменнiң «Казцинк-Торпедосы» мен Қарағандының «Қазақмысы» алдағы маусымда Ресейдiң жоғарғы хоккей лигасында ойнау құқығын алғанын хабарлаған болатынбыз. Ресей Хоккей Федерациясының президентi Александр Стеблин тағы бiр жағымды жаңалық жеткiздi. Ендi Ресейде ойнайтын қазақстандық хоккейшiлерге қойылатын айрықша талап жойылмақ. Бұрын олар ресейлiк клубтарға қабылданған соң Ресей азаматтығын алуға мәжбүр болатын. Осының салдарынан талантты спортшылардың бiрқатары бiржола Ресей асып, Қазақстан құрамасының өрiсi тарыла бастаған-ды. Александр Стеблиннiң сөзiне қарағанда, бұдан былай қазақстандық хоккейшiлерге, өз елiнiң азаматтығынан шықпай-ақ, ресей клубтарында ойнай беретiн мүмкiндiк берiледi. Стеблин мырза «Казцинк-Торпедоның» Ресейдiң суперлигасына өтпелi кезеңнiң ойындарына да қатыса алатын мүмкiндiгi бар екенiн жоққа шығармайды.

Ол Өскемен қаласында өткiзiлген баспасөз мәслихатында Қазақстанның аталған екi командасын Ресейдiң жоғарғы лигасына өткiзу оңай болмағанын, «жат елдiң клубтарына жол ашып, бәсекелестiктi қыздырып қажетi қанша»,-- деген қарсылыққа тап болғанын да айтып өткен.

Алматыда жеңiл атлетикадан Құсман Қосанов атындағы дәстүрлi халықаралық жарыс өттi. Өзбекстан, Тәжiкстан, Қырғызстан, Иран спортшылары қатысқан бұл турнир қазақстандықтардың жеңiсiмен аяқталды. Аталған спорттың көптеген түрлерi бойынша, қарсыластарынан айқын басымдық танытқан қазақстандықтардың бiрқатары Афины олимпиадасының жолдамасына қол созған болатын. Бiрақ, шар лақтырудан 17 метр 49 сантиметр нәтиже көрсеткен қарағандылық Иоланта Ульева ғана олимпиада жолдамасына қол жеткiздi. Ол осымен екiншi рет олимпиада ойындарына қатысқалы отыр.

Алматыда жасөспiрiмдер арасында грек рим күресiнен Мәскеу олимпиадасының чемпионы Шәмiл Серiковты еске алу турнирi аяқталды. Оған таяу шетелдерден Өзбекстан, Қырғыстан, Тәжiкстан және Ресей балуандары қатысты. 48-ден 100 килоға дейiнгi 9 салмақ дәрежесi бойынша өткен белдесулер нәтижесi Қазақстан құрамасын алға шығарды. Сағи Исаев, Әлiмжан Саидов, Данияр Сәрсенбаев, Марат Қаршалов, Асхат Дiлмұхамедов және Бақдәулет Құрманбековтер өз салмақ дәрежелерiнде жеңiске жеттi.

Ал қалған үш салмақ дәрежесiнiң бiрiнде өзбекстандық, қалған екеуiнде қырғызстандық балуандардың мерейi үстем болды.

Ал Қазақстанның ересектер құрамасы маусымның 25-i күнi Санк-Петербург қаласына аттанып кеттi. Иван Поддубный атындағы дәстүрлi халықаралық турнирге биыл қазақстан құрамасының қосалқы тобындағы балуандар қатысады. Олардың екеуi, атап айтқанда, Мехти Сапаров пен Дәмiрбек Асылбекұлы шымкенттiк грек-рим күресi мектебiнiң түлетерi. Сондай-ақ, құрама сапында алматылық Әсет Мәмбетов, семейлiк Бек Мәрденов және ақтаулық Ерлан Ахметовтер бар.

Қазақстанның ең мықты деген грек-рим күресi шеберлерi болса, бұл күндерi Ыстықкөлде оқу жаттығу жиынын өткiзуде.

Шымкентте таэквондодан Қазақстан мен Өзбекстан спортшыларының арасында матчтық кездесу аяқталды. Азия бiрiншiлiгiне дайындық аясында өткiзiлген жекпе-жектер нәтижесi қазақстандық жасөспiрiм таэквондошылардың өзбекстандық әрiптестерiнен әлдеқайда басым екен көрсеттi. Есеп10-2. Ал ересектер 3-3 есебiмен тең түстi.

Маусым айының 20-сы мен 30-ы аралығында Вьетнамда Азия бiрiншiлi өткiзiлуге тиiс едi. Өкпе қабынуының өзгеше дертiнiң қаупiнен ол тамыздың аяғына қалдырылып отыр.

Еуропа Футбол Федерациясы қауымдастығына алынғаннан берi қазақстан клубтарының еурокубок жарыстарында жеңiлiстен көз ашпай келгенi мәлiм. Бұл дәстүрдi Қостанайдың «Тобылы» бұзды. Ол Польшаның астанасы Варшавада Интертото кубогы аясында өткiзiлген кездесуде жергiлiктi «Полония» командасын 3-0 есебiмен ұтты.

Бұл қостанайлық футболшылардың Интертото кубогындағы тұсаукесер ойыны. «Тобылдың» жетекшi ойыншыларының басқа клубтарға ауысып кеткенiн ескерсек, бұл жеңiстiң маңызы арта түседi. Ал «Полонияның» қақпасына екi доп салған Нүркен Мазбаев кезедесудiң бас кейiпкерiне айналды.

Естерiңiзге сала кетейiк, маусымның басында Қазақстан мен Польша құрамаларының Познан қаласында өткен кездесуiнде қазақстандықтар 3-0 есебiмен ұтылып қалған болатын.

Швециядағы веложарыстың жетiншi кезеңiнде қазақстандық спортшы Сергей Яковлевтiң бағы жанды. Мұның өзi спорт мамандары үшiн күтпеген жаңалық болды. Осы бәйгедегi көшбасшылардың бiрi -- атақты Александр Винокуров болмаса, петропавлдық Яковлевтiң аты-жөнiн көпшiлiк бiле де бермейдi. Осыған дейiн велошабандоздар тiзбегiнiң орта шенiнен аспаған ол алтыншы кезеңдi 60-шы болып аяқтаған. Ал ең ұзақ - 231 шақырымдық жетiншi кезеңнiң мәресi жақын қалғанда топ жарып, озып шыққан. Александр Винокуров болса, жарыстың жалпы есептiк көрсеткiшi бойынша екiншi орында келедi.
XS
SM
MD
LG