Accessibility links

Жанар-жағармай станцияларының иелері арасындағы талас


Алматы қаласында көптеп саналатын жанар- жағар май станцияларының иелері арасында өзара талас басталғанға ұқсайды.

Бұл туралы сәрсенбі күні «Нар- ойл» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары мәлімдеді.

Алматы қаласында көптеп саналатын жанар- жағар май станцияларының иелері арасында өзара талас басталғанға ұқсайды. «Өйткені,- дейді осыған орай сәрсенбі күні Алматыда журналистерді баспасөз мәслихатына жинаған «Нар- ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары ,- бүгінде қалада 32 жанар- жағар май станциясына иелік ететін біздерді осы нарықтан тықсырып шығаруға талпыныс жасалынуда».

Аталған серіктестіктің бас маманы Қасым Тәжібеновтың айтуынша, бұл қудалау үстіміздегі жылдың 8- мамырында қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма мен сәулет және құрылыс департаментінің «Нар - ойл» мекемесінің үстінен ауданаралық экономикалық сотқа шағымдануынан басталған. -Олар өздерінің бұл әрекетін қала көркін жақсартамыз, ал аталған серіктестіктің жанар- жағар май станциялары көптеген талаптарға сәйкес келмейді дегенге негіздейді. Қазір сот үрдісі жүріп жатыр. Бірақ әзірге сот шешім шығармағанына қарамастан, біздің 10- ға тарта станциямызды қалалық құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп, жұмысқа жарамсыз етіп, қиратып тастады,- дейді Қасым Тәжібенов.

Серіктестік өкілдері қалыптасып отырған осы жағдайға байланысты қалалық прокуратураға шағымданған. Қалалық прокурордың аталған әрекеттер заңсыз деген шешіміне қарамастан, серіктестік нысандарын бүлдіру қазірде жалғасып отырған көрінеді. «Қалай болғанда да, мұның астарында біздің осы саладағы бәсекелестеріміздің тұрғаны түсінікті.

Себебі жұмыс істеген соңғы 8 жыл бойында бізге мемлекеттік бақылаушы органдар тарапынан ешқандай ескерту де жасалып көрмеген, ал енді барлық жанар- жағар май станцияларымызды бірден жаба салмақшы», дейді баспасөз мәслихатын өткізушілер. Осылайша «Нар- ойл» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілдері енді қалалық құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма мен сәулет және құрылыс департаментінің үстінен тиісті органдарға шағым жазатындықтарын айтып отыр. «Ең бастысы жоғарыда аталған әрекеттер- Қазақстанның шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау саясатына қарама- қайшы келеді», дейді олар.
XS
SM
MD
LG