Accessibility links

Жер жөнінде референдум өткізуді ұйымдастырушы топ сапары


Жер жөнінде референдум өткізуді ұйымдастырушы ынталы топ өкілдерінің автокеруені сәрсенбі күні Павлодар қаласына жетті

Автокеруен сапарындағы топ 20-шы маусымда Алматы - Астана бағытында жолға шығып, Талдықорған, Семей, Өскемен, Павлодар, Екібастұз, Қарағанды, Астана қалаларында болуды жоспарлаған. Ынталы топ мүшелері қатарында Хайролла Адамұлы, Айсұлу Қадырбаева, Юрий Храмов және Төлеген Құдышевтер бар. Олар жол-жөнекей ауыл, аудан, қала халқымен жер мәселесі туралы пікірлескен. Сонда кездескен адамдардың бірде- біреуі жер сатылуын құптамаған. Сәрсенбі күні Павлодар қаласына жеткен автокеруен мүшелерінің арасында Айсұлу Қадырбаевамен әңгімелесіп, мән-жайды сұрағанымызда:

-Жұма күні Алматыдан шығып, содан кейін Талдықорған, Семей, Өскемен қалаларында болдық. Негізгі мақсат- жерді сату, жерге жекеменшік енгізу мәселесі жөнінде халықпен ақылдасу.Елдің пікірін білу. Сөйтіп келешекте жердің тағдырын референдум арқылы шешу.Осы мәселені жоғарғы жаққа талап етіп қою. Жер туралы кодекске Президент қол қойғанымен, өзгермейтін ештеңе жоқ, тіпті Конституцияға да түзетулер енгізіледі, ал жер мәселесі тек халықтың пікірімен шешілуі тиіс,-дейді Айсұлу Қадырбаева.

Топ басшысы Юрий Храмов. Оларға жол бойында автокеруеннің көтерген бастамасын қолдап, екі-үш жеңіл көлік қосылып, бірге жүрген. Алматы облысының аумағынан өткен соң, автокеруен ұдайы полицейлердің қадағалауында болған. Іздерінен қалмай жүріп, әлсін-әлсін тексеріп, әбден мазаларын алған.

-Әсіресе Семей, Аягөз маңында, Өскеменге келгенде бізге жау көргендей шүйіліп, тінтімеген жерлері жоқ. Ал енді сорақылықтың көкесін Павлодарда көрдік. Бізді кәнігі қылмыскер секілді қоршап алып, әбден әуреледі,-дейді Айсұлу Қадырбаева.

Автокеруеннің ендігі бағыты- Қарағанды, Екібастұз қалалары арқылы Астанаға жету. Апта соңында ынталы топ мүшелері Парламент үйі алдында бір-ақ тоқтамақ.
XS
SM
MD
LG