Accessibility links

"Еурал Трансгаз" компаниясы арқылы қазақ газының табысы заңдастырылмақ болды


Америкада атышулы "Қазақгейт" шатағы сотта қаралып жатса, Венгрияда тағы бір тың шатақ шықты. Венгрияда тіркелген "Еурал Трансгаз" компаниясы арқылы қазақ және түркімен газының бір жарым миллиард доллар кірісі заңдастырылмақ болды.

Ресейдің монополиялық "Газпром" компаниясы қалың жұртқа беймәлім "Еурал Трансгаз" компаниясымен қазақ және түрікмен газын Украинаға тасымалдау жөнінде 2002 жылдың 6 желтоқсанында келісім жасасты. Венгриялық "Еурал Трансгаз" Будапешт қаласының шетіндегі шағын қожалық үйінің мекен-жайына тіркелген екен, жарғылық қоры 12 мың доллар, компанияның иесі Ызрайльде тұратын белгісіздеу бір тұлға. "Еурал Трансгаз" компаниясы 14 миллиард текше метр газды Европа базарында қайта сатса бір жарым миллиард доллар пайда таппақшы болды.

Дегенмен, миллиардтаған долларды сапыруға тырысқан шағын кәне "Еурал Трансгаз" компаниясының ісі жүрмей қалды. "Еурал Трансгаз" деген компания туралы ақпарат сыртқа шығып, дау көтерілді. Батыс елдеріндегі ақпарат бұлақтары және дипломаттары "Азаттық" Радиосының тілшісі Роман Купчинскийге мәлімет бергендей, "Еурал Трансгаз" компаниясының артында ресей қылмыс әлемінің басшылары, мафиози деп айыпталып, Америка Құрама Штаттары тарапынан іздеуге жарияланған Семен Могилевич тұрса керек. "Еурал Трансгаз" бірде бір текше метр газ тасымалдаған жоқ, бұл тек лас ақшаны заңдастыруға құрылған компания. "Еурал Трансгаз" арқылы өткен банк төлемдері бұл компанияға қазақстандық "Интергаз-Орталық Азия" компаниясының қатысы бар екенін көрсетеді. Мәселен, "Интергаз-Орталық Азия" 2003 жылдың 12 наурызында "Ситибанктің" Алматы бөлімшесінен "Райффейзен банктің" Будапешт бөлімшесіне "Еурал Трансгаздың" атына 2 миллион 159 мың 987 доллар аударған.

Екі компанияның арасында жалпы қарым қатынас бар екенін "Интергаз-Орталық Азияның" бас директоры Абай Садықов "Азаттық" Радиосының Қазақ Редакциясына жазған хатында растап отыр. "Сатып алынатын газ газ турбиналық қондырғылар үшін жанар-жағар май болып есептеледі. Шарттың талаптары бойынша, газ «Интергаз Орталық Азияның» өтініміне сәйкес ғана жіберіледі. 2003 жылғы 12 наурызда 34 мың текше метр көлеміндегі газ үшін 1 миллион 200 мың АҚШ доллар сомасында бірінші төлем өткізілді", - дейді бас директор Абай Садықов өз хатында.

Алайда, шын мәнінде, "Интергаз-Орталық Азия" осы аталған күні Венгриядағы компанияға 1 миллион 200 мың доллар емес, оның сыртында тағы бір миллион долларға жұық көбірек аударды. "Еурал Трансгаздың" істерін тереңірек қарасаңыз, бара-бара президент Нұрсұлтан Назарбаевтің екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тап боласыз.

"Интергаз-Орталық Азия" бүгінгі таңда қазақ және түрікмен газын Ресей және Европаға тасымалдаумен айналысады. Бұл шаруа "КазРосГаз" және Германияда тіркелген "Зарубежгаз Менеджмент унд Бетайлигунггезеллшафт" компаниялары келісімдерінің шеңберінде атқарылады. "КазРосГаз" компаниясы өз кезегінде Ресейдің "Газпром" және Қазақстанның ұлттық "ҚазМұнайгаз" компанияларымен құрылған. "ҚазМұнайгаздың" екінші басшысы деп Тимур Құлыбаев атанады. Ол іс жүзінде Қазақстан мұнай газ қорының көпшілігін өзіне қаратып алды деп танылған.

Қазақстаннан және Қазақстан арқылы өтетін газдың төңірегінде ара тұра үлкен шатақ шығып тұрады. Мәселен, украиналық "Виче" компаниясы 2002 жылы наурызда қағаз жүзінде сатып алған екі жарым миллиард текше метр қарашағанақ газы іс жүзінде Ресейдікі болып шықты. Мұндай тәсіл 2002 жылы көкек айында Британияға сатылған бір миллиард текше метр газ шаруасында тағы қолданылды.
XS
SM
MD
LG