Accessibility links

АҚШ және Британия сарбаздарына шабуылдау бір жерден ұйымдастырылып отыр ма, әлде бұл жеке топтардың ашынған әрекеттері ме?


Иракта осы аптада Британия әскерилеріне шабуыл жасалып, алты сарбаз қаза тапты. Бұл оқиға тыйылмай жатқан қарсылықтың себебтеріне тағыда қалың жұртшылықтың назарын аударды.

Соңғы түскен мәліметке қарағанда, бейсенбі күні Бағдаттың батыс шетінде АҚШ сарбаздарының мәшинесіне шабуыл жасалды. Күәләрдің айтуынша, адам шығыны болған сияқты. Дегенмен, АҚШ әскери басшылығы қолма қол ешқандай мәлімет жарияламады. Ал сейсенбі күні Британия сарбаздарына оңтүстік аймақта жасалған шабуыл әлі тергеу үстінде. Амара ауылының маңында болған қақтығысқа оның алдында Маджар Әл Кәбір қаласында төрт ирактық шерушінің ажалы түрткі болды деген тұжырым басым айтылады.

Бұл таулы аймақтың рубасылары жұрттың қолындағы қаруды әлі тапсыртпай отыр. Британия әскери полициясы оларды қарусыздандыруға тырысты. Жекелеген батыс газеттері оқиғаны саддамшылдар, не болмаса ираншыл шииттердің басшылары, не болмаса есіртке тасушы қылмыскерлер ұйымдастырды деп сипаттайды. Британия әскери басшылығы өлімге "жау оғы" себеп болды деп тергеу аяқталғанша кең түсінік бермейтінін танытты.

Лондонда орналасқан Патша колледжі соғыс зерттеуі факультетінің маманы Майкл Кларк сейсенбілік қақтығыс жекелеген себептен туындады деген қортынды жасап отыр.

- Бұл шабуылға жеке қақтығыс себеп болғанына кейбір нақты дәлелді көріп отырмын. Бұдан бір күн бұрын тәңертен жеке қақтығыста төрт шеруші өлтірілген болатын. Бұдан кейін қолма қол осы мәселе туындап, екі британдық сарбаз өлтірілді. Басқа төрт сарбаз полиция бекетінде тығылып қалып еді, екі сағаттық шайқастан кейін оларда құрбан болды, - дейді Майкл Кларк.

Қақтығыстың тағы бір қабаттасқан жері – британдық сарбаздар ашуға басқан ирактықтардан тығылғанда, британдық басқа сарбаздар оларға көмектесуге тырысты, британдық тікұшақтан оқиға жеріне оқ атылды. Осы қателіктен британдық сегіз сарбаз жарақат алды. "Азаттық" Радиосына талдау жасаған сарапшылар британдық әскерге оңтүстік Ирак халқынан жалпы қауіп төніп тұрған жоқ дейді. Оңтүстіктің негізгі халқы – шиит мұсылмандары Саддам Хусейннен ұзақ жылдары тепкі көрді, аяусыз қудаланды. Шиитер Ирак халқының 60 процентін құраса, олардың басым көпшілігі Британия әскерін азатетуші деп қабылдады. Патша колледжінің маманы Майкл Кларк шиит қоғамы шетел әскерінің оккупациясы ұзаққа созыла түскеніне наразылық танытсада, орталық Ирактағы саддамшыл белсенділердің ықпалы мұнда көрінбей отыр дейді.

Партизандық соғыстың белгісі оңтүстік Иракта жоқ деген тұжырымды Лондонда орналасқан Стратегиялық зерттеу Халықаралық институтының әскери сарапшысы Филип Митчелл де айтып отыр.

- Өткен аптаның оқиғаларына және Ирактан түсіп жатқан барлық мәліметтерге сүйеніп, жергілікті халық британдық әскермен жақсы қатынас жасап отыр деп білемін. Сондықтан осы оқиғаны кездесойық деп бірден қабылдадым. Шабуыл арнайы ұйымдастырылып, жоспарланды деген жеке белгі болса да, кейбір мәліметтерді оқи отырып, бұл жергілікті қылмыс белсенділігінен туындаған жағдай деп білемін. Британияны жеккөруден не болмаса Саддам Хусейнге бүйрек бұрудан туындаған оқиға емес деп білемін, - дейді Филип Митчелл.

Шайқас орын алған Амара таулы аймағы, жалпы, героин есірткесін тасушылардың жолында жатыр. Бұл есірткенің Ауғанстаннан Парсы Шығанағы мемлекеттеріне және Европаға баратын күре тамыр жолы. Амара аймағындағы қарулы топтар Саддам Хусейннің кезінде өз білгенін істеген. Қауіпсіздікті қамтудың басты шарасы ретінде сарапшылар бітімгершілік әскерді қалыңдатуды ұсынады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG