Accessibility links

Ауыл фермері Сейіткерім Қожаназардың Жер кодексіне орай пікірі


Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында алғашқылардың бірі болып, 25 гектар жер алып, шаруа қожалығын құрған Сейіткерім Қожаназар сол өңірде мал өсірген. Ауыл фермері болған, жердің жағдайын жақсы білетін азаматтың айтуынша, президент қол қойған Жер кодексінде қарапайым халыққа тиімсіз баптар бар.

- Қала маңындағы саяжайға, қосалқы шаруашылыққа, үй салу үшін жер беру, мал бағатын жер қалдыру секілді шаралар қарастырылмаған, - дейді Сейіткерім Қожаназар.

Бұл азамат Жер кодексінің баптарын талдай келіп, ондағы өз көңілінен шықпай тұрған тұстарына тоқталды.

- Осы заңда бүкіл қазақстандықтарға тиімсіз жағдай, шетелдік инвесторларға мемлекеттік заттай грант арқылы өтеусіз, шексіз жер беру ісі тіпті қисынға келмейді, - деген пікір білдіреді.

Кезінде Сейіткерім Қожаназар балама заң жобасын жасауға қатысқан азаматтардың бірі. Оны парламентке ұсынған болатын, кей депутаттар біраз тұстарын пайдаланғанымен, алайда сол жоба аяқсыз қалды.

- Менің ауылда тоғыз гектар суармалы жерім бар. Алайда сол жерді өңдейтін техника табылмайды, құрал-жабдық жетіспейді. Бұрын орталықтандырылған түрде тыңайтқышпен қамтамасыз етілуші еді, қазір ол атымен жоқ. Сондықтан аздаған жері бар ауыл фермерлерінің жағдайы мүшкіл . Несие де берілмейді. Амалдары таусылған соң жерін өзгелерге сатуына тура келеді,- дейді Сейіткерім Қожаназар.

Бұл фермер бүкіл Мойынқұм ауданын аралап шыққан. Өзінің туған ауылы Бірлік елді мекенінде үйлер қирап, тіпті көшенің орны ғана қалғандығын айтады. Өйткені жұмысы жоқ, тұрмысы нашар ауыл жұрты өз үйлерін өздері бұзып Таразға, Алматыға, басқа да қала маңына көшіп кеткен.

Мемлекет басшысы Жер кодексіне қол қойса да, бүкіл халық жерді сату мен жекеменшікке беру мәселесін референдум арқылы шешуі тиіс. Қазір соған орай, әр жерде дайындық жұмыстары жүруде деп қорытындылады әңгімесін Сейіткерім Қожаназар.
XS
SM
MD
LG