Accessibility links

Әзiмбай Ғали: Мемлекеттiк тiлдiң келешегi лингвоцентризмде


- Әзiмбай мырза, сiз мемлекеттiк тiлдiң қазiргi мүшкiл жағдайына байланысты екi түрлi құбылысқа, атап айтқанда, либериялық және ирландиялық феноменге назар аударасыз. Алдымен осы екеуiнiң басын ашып берсеңiз.

- Тәуелсiздiк алған жылдардан берi отарсызданудың /деколонизация/ өз мәнiнде жүргiзiлмеуi осындай екi түрлi феноменнiң бел алуына себепшi болды. Тарихқа жүгiнсек, 17 ғасырдың орта шенiнде АҚШ-та құлдықтан босаған қара нәсiлдiлер Либерия республикасын құрып, бiраздан кейiн өздерi де құл иеленушiлерге айналды. Соның көрiнiсi бiзде де бар. Кешегi қызыл империяның езгiсiнен азаттық алған халықтың азғантай бiр бөлiгi /орыс тiлдi элита/ бүгiнде үстем тапқа айналып отыр. Олардың санасында пәндауи астамшылықтан басқа дәнеңе жоқ. Сондықтан ұлттық приоритеттер мен мемлекеттiк тiлдi күресiнге итерiп тастауға бар.

Кезiнде Ирландияның жергiлiктi халқы отаршылардың пайдасына өз ана тiлдерiнен бас тартқан болатын. Осы феноменнiң бiздiң елде де түпкiлiктi орнықпасына кiм кепiл? Қалай дегенмен де, екi түрлi феномен—екi түрлi қатердiң қыспағында отырмыз.

- «Этноцентризмнен—лингвоцентризмге» идеясын көтерiп жүргенiңiздi осындай қауiп ойлағандықтан деуге бола ма?

- Әлбетте. Орыс тiлдi жұртшылық билiкте қазақтар көп дейдi. Шынтуайтында олай емес. Қазақша бiлмейтiндер қалайша қазақ болады! Түр-өңi, шыққан тегi қазақ болғанмен, тiлi басқа болса, көп жағдайда дiлiнде де шалалық болатынын естен шығармау керек. Этноцентризмнен лингвоцентризмге өтудiң маңызы, мiне, осы жерде байқалады. Демек, ендiгi жерде қаны қазақтыққа емес, қазақ тiлдiлiкке басымдық беру керек. Ұлтың кiм болса, ол болсын, қазақ тiлiн бiледi екенсiң, жүрегiң ақ, көңiлiң таза болса, саған жол ашық деген қағидатты ұстануға тура келедi. Мемлекттiк тiл өз тұғырына сонда ғана шығады. Ал қазақ тiлi адыра қалса, тәуелсiздiктiң қажетi шамалы.

- Ал лингвоцентризмдi орнықтырудың қандай жол-жосыны бар?

- Оның бiрден бiр жолы ұлттық интеграция. Басқаша айтқанда, ерiктi түрде жүретiн ассимиляциялық үрдiс. Яғни, жергiлiктi ұлт--қазақтар басқа ұлыстарды өзiне сiңiре беруi қажет. Мұның өзi Кешегi Кеңес Одағы кезiндегiдей зордың күшiмен емес, ұлыстардың өз еркiмен жүзеге асырылуға тиiс. Бiздiң алдымызда азаматтық қоғам, демократиялық құндылықтар жолымен ұлттық интеграцияға жеткен елдердiң тәжрибесi бар. Бұрын қазақ тiлiне ұлты орыс шовинистер жаудай тисе, ендi олардың орнын қазақтардан шыққан орыстiлдiлер басып отыр. Бұл -- әлгiнде айтқан либериялық феноменнiң көрiнiсi. Этноцентризмнен лингвоцентризмге өту кезiнде либериялық феноменнiң тамырына балта шабылады.

- Қазақ халқының iшкi рухани қуаты мен ерiк-жiгерi оны бiржола оpыстанып кету қаупiнен сақтап қалды. Бiрақ, замана тегеурiнi ұлттық тұтастық пен болмысқа жарықшақ түсiрiп кеткенiн жоққа шығаруға болмас. Ал қазiргi заманда өз еркiмен қазақтанатындай ұлыстарға не күн туыпты?

- Сұрағыңыздың астарын түсiндiм. Кезiнде қалмақ, қырғыз, өзбек, татар секiлдi ұлт өкiлдерiнiң қазақтарға, ал шашау шыққан қазақтардың басқаларға сiңiп кеткенiн еске түсiрiңiз. Жергiлiктi ұлт өкiлдерiнiң саны өскен сайын оның басқа ұлыстарды күштемей-ақ өзiне сiңiру мүмкiндiгi күшейе түседi. Ең бастысы осындай үрдiс кезiнде лингвоцентристiк идеяны қолдан шығарып алмау керек.

Тағы бiр мәселе, Қазақстандағы орыстардың 80 пайызы Қазақстанды отыным десе, 20 пайызы өзiн уақытша тұрағынмын деп есептейдi. Осыдан барып, түпкi мақсатқа жету үшiн екi түрлi кезеңнен өтуге тура келедi. Бiрiншi кезең--саяси лоялдылық, екiншi кезең-лингвистикалық лоялдылық. Бiрiншiсi --Қазақстанның азаматтығын, екiншiсi --Қазақстанның мемлекеттiк тiлiн мойындату деген сөз. Әзiрге орыс жұртшылығының бiр екi пайызы ғана қазақ тiлiн мойындайды. Оның есесiне ұйғыр, өзбек сияқты ұлыстардың арасында қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл деп мойындау 40-50 пайыз деңгейiнде.

Түпкi мақсат -- ұлттық және этномәдениеттiк идентификация -- басқа ұлыстардың қазақ жұртшылығына сiңуi. Қайталап айтайын, бұл әр ұлыстың өз еркiмен жүзеге асатын iс.

--Әңгiмеңiзге рахмет
XS
SM
MD
LG