Accessibility links

672 оралман отбасы тұрғын үй ала алмай отыр


Маңғыстау облысына 672 оралман отбасы квотамен келсе де күні бүгінге дейін мемлекет тарапынан берілуге тиіс тұрғын үйді ала алмай отыр.

1992 және 1998-ші жылдар аралығында Маңғыстау облысына көшіп келген оралмандардың мәселесі тиісті шешімін таппай отыр. Маусымның 29-ы күні өткен Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Қайролла Ережепов, Үкімет басшысы Даниал Ахметовтің осы мәселеге көңіл аударуын сұрады.

Маңғыстау облысына 672 отбасы квотамен келсе де күні бүгінге дейін мемлекет тарапынан берілуге тиіс тұрғын үйді ала алмай келеді. Бұл мәселе жылдан жылға шешілетін емес.

Қайролла Ережепов, квотадан тыс көшіп келгендерге жергілікті жерде жіті көңіл бөлінбей отырғандығын айтты. Депутат бұл мәселеге байланысты арнайы үкіметтік бағдарлама болуы керек деп есептейді.

Сонау өткен ғасырдың 50-шы жылдарында қазақтар Түркияға көшіп барғанда сол кездегі Түркия мемлекетінің министрі қазақтарды қарсы алып тұрып,“Түркия асқан бай ел емес. Сонда да мүмкіндігінше көмектесіп, бастарыңызға үй береміз, 5 жыл салық төлеуден босатамыз, жұмыс та беріледі деген екен. Ал, бізде мұның біреуін де жасап отырғанымыз жоқ”, -деді Қайролла Ережепов.

Оралмандар мәселесіне байланысты сауалдар басқа да депутаттар тарапынан айтылды. Олар осы мақсатқа көзделген қаржының кемшіндігін алға тартады.
XS
SM
MD
LG