Accessibility links

“Жер кодексiне” қарсылық бiлдiрушiлер Қазақстан Парламентiнiң алдына шықты


Маусымның 29-ы күнi сағат 8. 30 шамасында Астана полициясы орталық алаңға тоғысатын жолдарды бақылауға алып, жүргiншiлердiң жолын кестi.

Алаңның өзi полицейлерге толып кеттi. Себебi, “Жер кодексiне” қарсылық бiлдiрушiлердiң бiр бөлiгi Астанаға жеткен-дi. Көкшетау, Қарағанды, Павлодар, Екiбастұз қалаларының және Ақмола облысының өкiлдерi Парламент Сенаты мен Мәжiлiсiнiң бiрлескен отырысы алдында депуттармен жүздеспек болды.

Олардың саны алғашқыда 20-дан асқан жоқ. Қалғандары полиция жасақтарына тап болғандықтан, мәселеге депутаттардың араласуына тура келдi. Ақыры 50 шақты адам жиналды. Алайда, Мәжiлiс депутаттары Серiкболсын Әбдiлдин, Серiкбай Әлiбаев, Төлен Тоқтасынов Владислав Косарев және сенатор Зәуреш Батталовадан басқа депутаттар қара көрсеткен жоқ.

Бүкiлхалықтық референдум өткiзу жөнiндегi қоғамдық топтың жетекшiсi Балташ Тұрсынбаевша айтқанда, “бүгiнгi депутаттардың сайлаушыларға терезеден сығалап қарауға ғана батылы жетедi”.

Оның сөзiне қарағанда, билiк органдарының қысымы күн өткен сайын күшейiп бара жатқан тәрiздi. Мысалы, жер туралы референдум өткiзу бастамасына үн қосқан атыраулық бiр жiгiттiң саяжайын қасақана өртеп жiберген. Қоғамдық топ мүшелерiнiң арасында билiктiң тегеурiнiне шыдамай өз қолдарынан бас тартып жатқандар да бар көрiнедi.

Балташ Тұрсынбаев өз көлiгiнiң өртенуi уақиғасын тергеу, iздестiру органдарының жауып тастайтынына бек сенiмдi болса, жер туралы референдум өткiзу жөнiндегi қоғамдық топтың ресми түрде тiркелетiнiне сене қоймайды. Орталық сайлау комиссиясының шешiмi маусымның 30-ы күнi шығуға тиiс. “Балиева ханымның кеңсесiнен хат келiп түстi. Мазмұнына қарағанда, өтiнiшiмiз қанағаттандырылмайтын шығар. Қайткенде де күрестi тоқтатпаймыз,- дейдi Тұрынбаев мырза.

Ал, өздерi тұратын округтерден сайланған депутаттардың шықпайтынына көздерi жеткен жұртшылық көп ұзамай тарап кеттi.
XS
SM
MD
LG