Accessibility links

Спикер Жармахан Тұяқбай Парламентте мемлекеттік тілдің қолданылуына “арық үш” деген баға қойды


Маусым айының 30-да Қазақстан Парламенті депутаттарының екінші сайланымға шақырылған, төртінші сессиясы аяқталып, депутаттар демалысқа шықты.

Парламенттің жұмысы жайында қортынды сөзін айтқан Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай депутаттардың биылғы жұмыстарына ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, Мәжіліс пен Сенаттың келіспеген мәселелері бойынша, келісім комиссиясының шешімімен оң нәтиже тауып жатты.

Мұның бәрі біздің өндірімді жұмыстарымыздың арқасында деді, спикер Жармахан Тұяқбай. Алайда Парламент Сенатының депутаты Уалихан Қайсар биылғы сессияда Сайлау туралы Заң жобасын қарамай кетіп бара жатқандығына өкініш білдірді. Бұрынғы Заң бойынша, мәслихат депутаттығына сайлау өтер кезде, сөзсіз заң бұзушылық орын алатындығын айтып, мүмкіндігінше демалысқа шықпай, Сайлау туралы заң жобасын талқылайық деген өтінішін білдірді. Бірақ көптің дауысы Уалихан Қайсардың өтінішін қабылдамай тастады.

Отырыс аяқталғаннан кейін Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Спикер сөзінде Парламентте Мемлекеттік тілдің қолданылу аясына арық үш деген баға беретіндігін айтты. Сөзін қорытындылай келе, Жармахан Тұяқбай жерді жекеменшікке беруге қатысты референдум өткіземіз деп жүрген бастамашыл топты сынға алды. Жер кодексі Парламентке түскен кезде, неге референдум мәселесін сол кезде көтермеді деп, енді Президент Жер кодексіне қол қойғаннан кейін барып, халықты дүрліктіруі, бұл тек саяси ұпай жинау ғана деп білемін,– деген ойымен Спикер мырза баспасөз маслихатын аяқтады.
XS
SM
MD
LG