Accessibility links

Орта Азия үкіметтері адам саудасына жол бермеу шараларына жеткілікті көңіл бөлмейді.


Жыл сайын Орталық Азиядан бірнеше мыңдаған жас қыз-келіншек өз тәнін саудаға салып, табыс табу мақсатында шекара асып кетіп жатады.

Ал бұл аймақтағы елдердің үкіметтері болса, бізде мұндай проблема жоқ деген сылтаумен, адам саудасы мәселесін талқыға салғылары келмейді. Орталық Азиядағы бес мемлекеттің бірде-бірінде адам саудасымен айналысатындарды жауапқа тартатын заң қабылданбаған. Десекте, жақында ғана Қазақстан мен Тәжікстанның қылмыстық кодекстеріне осы өзекті мәселеге сай баптар енгізу жөнінде шешімнің қабылдануы - бұл елдерде адам саудагерлерімен күрес қолға алына бастағанын көрсетеді.

Душанбеде тұратын 25 жасар Мәдина бес жыл бойына жұмыс таба алмай, сергелдеңге түскен. Жұмыс іздеген кезекті бос сенделістерінің бірінде оған "жарылқаушы" жолыға кетеді. Осылайша ол адам саудагерлерінің жемтігіне қалай айналғанын өзі де сезбей қалған:

- Мен жұмыс іздеп жүріп бір адамды кездестірдім, ол маған жақсы ақша төлейтін, байлықта, үлде мен бүлдеге оранып өмір сүруге болатын жұмыс тауып беремін деген ұсыныс айтты. Ол менің шетелге шығуға қажетті барлық құжаттарымды тегін дайындады. Оның ақшасын шетелде жұмысқа орналасқан соң біржолата қайтарасың деді. Біз тағы да үш қызбен бірге Дубайға келдік. Ол паспорттарымызды қолымызға берген жоқ, бізді бір үйге ертіп алып келді. Онда түрлі ұлттың көп қыздары бар екен, тажік, орыс, қырғыз, қазақ қыздарын кездестірдік. Біз міне осында ғана "жұмысымыздың" қандай болатынын білдік, - дейді Мәдина.

Орта Азияда адам саудасы жөнінде ресми дерек-мәліметтер жүргізілмейді. Алайда, Халықаралық көші-қон ұйымдарының аймақтағы бөлімшелері мыңдаған айелдердің, тіпті кейбіреулерінің жасы 16-ға жаңа жеткен жас қыздардың, осындай адам саудагерлерінің тұзағына түсіп үлгергендігін айғақтайды. Осы жақын уақытқа дейін Орта Азия өлкесінде қоғам да, үкімет те мұндай өзекті проблеманың бар екендігін көрмей, мойындамай келді. Жалпы мұсылмандық қоғамда әйелдің басын жезөкшелік саудасына салу мәселесі ашық талқыланбайтын, жабық тақырып болып саналады. Мұндай алаяқтықтың құрбаны болғандар өзі жөнінде қоғамда теріс пікір туғызғысы келмегендіктен, көбіне хұқық қорғау орындарына хабарламай, "жабулы қазанның жабулы" күйіінде қалғанын мақұл көреді.

Аймақтық үкіметтер осындай өзекті проблеманың орын алып отырғанын қаншалықты жасырғысы келсе де, кеден мен қауіпсіздік қызметкерлері адам саудагерлерінің көпшілігін ұстағандарын мәлімдейді. Міне сол себепті де, аймақтағы екі үкімет қылмыстық кодекстеріне қажетті түзетулер кіргізуге мәжбүр болды.

Жезөкшелікке тартылған әйелдердің көпшілігі Араб Әмірліктеріне, Израил мен Иранға, Тайвань мен Оңтүстік Кореяға, Ресей мен Германияға жіберіледі екен.

Душанбедегі "Ана" деп аталатын үкіметтік емес ұйымның жетекшісі Гұлшехра Мирзоева саудагерлердің қолына түсетіндер негізінен тұрмыста әлеуметтік – экономикалық қиындықтарға кез болған жас әйелдер, адам саудасын кәсіп еткендер оларды, сендерді шетелдерде керемет өмір күтіп тұр, мүмкін дәулетті күйеу кездестірерсің деп қызықтырып, алдап-арбап алып кетеді дейді:

- Бұл ретте екі ортада делдалдыққа жүретіндер де әйелдер. Олар шетелдегі бақытты өмір, жақсы жұмыс туралы түрлі хикаяттарды тамсана әңгімелеп, жас қыздардың басын айналдырады. Таяу күндері ғана Араб Әмірліктерінен төрт қыз қайтып келді. Оларды көршілес тұратын бай кәсіпкер айел Әмірліктерде жұмыс , мол ақша табуға болатыны жөнінде айтып сендірген соң, аке-шешелері қыздарды бөтен елге аттандырған. Мұнда келісімен, күтіп тұрған жұмысты кездерстірмеген олар, қайтып кету үшін саудагерлермен есеп айырысуға қалталарында қаржысы болмағандықтан, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болған, -- деген "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Гүлшехра Мирзоева.

Көп жағдайда адам саудалайтындар тіл білмейтін, жат жерге келген қыздардың паспорттарын тартып алып, оларды тек "жұмысқа" салып қояды. Полицияға хабарласуға заң білмейтін олар қорқады. Мұндай шарасыз күйге түскен жандарға Халықаралық көші-қон ұйымдары мен үкіметтік емес орындар шетелдердегі дипломатиялық кеңселер арқылы олардың елдеріне қайтуларына көмектесуге тырысады. Бірақ ондай қыздардың енді бірқатары із-түзсіз жоғалып, жоқ болып кететін жайлар да баршылық.

Орта Азия аймағында мұндай тағдыр тәлкегіне түскен әйелдердің қоғамнан өз орындарын табуы да оңай болмайды. Консервативті қоғамда жезөкшелікпен аты шыққандардан теріс айналып, оларға үрке қарайды. Осындай ерекшеліктерді ескере отырып, Халықаралық миграция ұйымының Орта Азиядағы бөлімшелері ондай әйелдерді оқытып, қаржылық қолдау жасай отырып, өзінің шағын бизнесін ашып, жұмыс істейтіндей мүмкіндіктерін қарастыратын жоба, бағдарламарды қолға ала бастаған.

Осы ұйымның Қазақстандағы өкілдігінде қызмет ететін Катерина Бадикова адам саудасымен айналысушылармен күрес жүргізу өте қиын , өйткені олар ұйымдасқан, бір-бірімен жең ұшынан жалғасқан жоғары деңгейдегі қылмыстық топтар болады деп атап өтеді:

- Мұндайға көбіне жас қыздар тап болады. Оларды ертіп жүретін ер адамдар қыздарды бір топ қып жинап алған соң, шетелге шығатын туристік топтар ретінде құжаттарын толтырып, шекарадан ешбір қиындықсыз өтіп кете береді, - дейді Катерина Бадикова.

Ал әңгімеміздің басында сөйлеген Мәдина сияқты кейіпкерлер болса, полиция адам саудасымен шұғылданушылармен күресте дәрменсіз деп есептейді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG