Accessibility links

Агенттіктердің ойлағаны не?


Мақалада автор, Қазақстандағы мемлекеттік және жекеменшік “Еңбекпен қамту” агенттіктерінің жұмыстарын сынға алған.

“Алтын орда” басылымының соңғы санында “Агенттіктердің ойлағаны не?...” деген Ләззат Өтепованың мақаласы жарияланды. Онда автор Қазақстандағы мемлекеттік және жекеменшік “Еңбекпен қамту” агенттіктерінің жұмыстарын сынға алған.

Мақаладағы мемлекетаралық статистикалық комитеттің деректеріне жүгінетін болсақ, ТМД елдеріндегі жалпы жұмыссыздар саны 11 миллионға жетіп отыр. Еңбекпен қамту орталықтарында ресми тіркелген жұмыссыздар саны, 2003 жылғы көкек айындағы санақ бойынша, 3 жарым миллион адамды қамтиды.

Ал, Қазақстандағы Еңбекпен қамту агенттіктерінде 191 мың жұмыссыз адам тіркеліпті. Жалпы Қазақстанда екі қолға бір жұмыс таба алмай жүргендердің көпшілігін ауыл тұрғындары құрайды. Алайда, жұмыс іздеп қалаларға келіп жатқан ауыл адамдары қалада құрылыс немесе базарларда арба сүйреу сияқты ауыр жұмыстарға жалданады екен. Олардың дені қазақтар болып отыр дейді автор.

Мақаладағы деректерге қарағанда, Қазақстанда жұмыссыздар қатары азайғанан гөрі, жылдан-жылға көбейе түсуде. Бұдан Еңбекпен қамту жөніндегі агенттіктердің мардымсыз жұмыс істеп отырғандығын байқау қиын емес дейді тілші.

Бұл тұрғыда автор Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Батыржан Ашитовтың пікірін берген.

Онда вице-министр: “Қазақстанға жұмыс күшін әкелу және шығару жөніндегі жекеменшік агенттіктердің қызметі әлі де болса, жеткіліксіз дәрежеде”,- дегенді алға тартқан. Ал, бұл арада тілші Қазақстандағы жекеменшік агенттіктердің Қазақстанның “Еңбек туралы” Заңын өрескел бұзып отырғандығын айтады.

Автордың сөзіне қарағанда, мұндай агенттіктердің мемлекеттік құрылымдармен мүлде байланысы жоқ. Жекеменшік агенттіктерге тіркелген жұмыссыздардың арасында өзі қалағандай жұмысқа орналасып кететіндер шамалы. Алайда, ақылы қызмет көрсететін мұндай агенттіктер аз уақыт көлемінде жабылып қалып жатса, орнын таптырмай кететіндерде баршылық.

Сондай-ақ, мұндай агенттіктердің арасында адам саудасымен айналысатындар жиілеп барады дейді автор. Жұмыссыздарды шетелдерге жіберуге әдеттенген агенттіктер, өз клиеттеріне әлеуметтік тұрғыда және отанына қайта оралу жөнінде кепілдік бермейді екен.

“Осының салдарынан шетелге кетушіледің көпшілігі Отанына оралмай отыр”,- дейді тілші. Сондай-ақ, автор шет елге кеткен азаматтардың, жұмыс берушілермен келісім-шартқа да отырмайтындығын тілге тиек еткен . Жекеменшік агенттік арқылы аттанатындар шетелдерге туристік виза арқылы шығатындықтан , оларды іздестіру барысында көптеген қиындықтар туындауда.

Әсіресе, мұндай кезде елшіліктердің жұмысына салмақ түсіп жатады дейді тілші. Сондай-ақ Қазақстанда еңбек мигранттарын тарту мәселесі де, өзекті мәселеге айналған. Тек 2002 жылы ғана ресми түрде Қазақстанға 8 800 адам келіпті. Ал, заңсыз мигранттар саны одан жүз есе көп дейді автор. Мәселен, маусым айының басында Оңтүстік Қазақстан облыстық құқық қорғау орындары тәжікстандық 67 заңсыз мигрантты ұстапты.

Тілшінің айтуынша келімсектердің басым көпшілігі- арнаулы мамандығы жоқ болғандықтан қара жұмыстарға жалануда. Автордың сөзіне қарағанда олардың арасында қылмысқа барушыларда жетклікті. 2002 жылы заң бұзған 378 шетелдік азамат шекарадан сот арқылы шығарылды дейді автор. Ал, мақаланы қорытындылаған Ләззат Өтепова, жалпы Қазақстанда жұмыссыздық басты мәселенің бірі болып отырғанда, шетелден жұмыс күшін әкелуді тоқтату керек дегенді айтады “Алтын орда” басылымының соңғы санында.
XS
SM
MD
LG