Accessibility links

Қазақстанға «Жерге тарту» сертификаты табыс етілді


Шілденің 4-і күні Қазақстандағы Қатон-Қарағай ұлттық паркіне Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының «Тірі планета» бағдарламасының «Жерге тарту» сертификаты табыс етілді.

Бұл бағдарламаның мақсаты әлем елдерінің үкіметтері және қоғамдық ұйымдардың, іскерлік топтар мен барша жұрттың күш-жігерін жер бетіндегі табиғи байлықтарды сақтауға жұмылдыруды және әлемде қоршаған ортаны қорғаудың бірізді жүйесін қалыптастыруды көздейді.

Дүниежүзілік қор «Тірі планета» бағдарламасы шеңберінде жер бетіндегі табиғаты ерекше 200 экологиялық аймақтардың картасын жасап құрастырған. Қазіргі таңда әлемде осы бағдарлама аясында ерекше қорғауға алынған орманды аймақтардың жалпы көлемі 100 млн га-дан асып отыр.

Қатон-Қарағай ұлттық паркі жаңағы дүниежүзілік қордың тізіміне Қазақстаннан алынып отырған алғашқы табиғи аймақ дейді Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Еңлік Нұрғалиқызы.

- Бұл сертификат ұлттық парктің аумағындағы сирек кездесетін жануаралар мен өсімдіктерді қорғауға күш салып отырған Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мәртебесін көтеретін құжат деп санаймыз. Сонымен бірге халықаралық қорлар ғана емес, осы іске мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемін де ұлғайту қажет, - дейді Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Еңлік Нұрғалиқызы.

Шығыс Қазақстан жерінде орналасқан Қатон-Қарағай ұлттық паркінің жалпы көлемі 600 мың га құрайды. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының бағдарламасы аясында Алтай-Саян экологиялық аймағының құрамына еніп отырған бұл ұлттық паркте бүгінде жабайы жан-жануарлардың 360 түрі мекендейді. Олардың 40-жуығы мемлекеттің ерекше қорғауына алынған хайуанаттар қатарында Қызыл кітапқа енгізілген.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG