Accessibility links

Қазақстан Парламенті төртінші сессиядағы жұмысын аяқтады


Өткен аптада Қазақстан Парламенті төртінші сессиядағы жұмысын аяқтап, жазғы демалысқа шықты.

Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің соңғы бірлескен отырысында Үкіметтің 2003 және 2006-шы жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, төртінші сессияның аяқталу рәсімі болды.

Сессияның соңғы күні болғанымен, депуттардың үкімет басшысына қоятын сұрақтары көп болды. Сенат депутаты Әбіш Кекілбай, кез-келген реформаның заңмен емес, заңға негізделген бағдарлама арқылы жүзеге асатындығын айтты. Бұл орайда парламенттің жер реформасының негізін жасап бергендігін, ал, оның қалай жүзеге асатындығы үкімет мойынындағы бірінші міндет екенін атады.

Жер реформасы әрі қарай қалай жүреді. Осыдан туындайтын жұмыссыздық, көші-қон мәселесі қалай шешіледі. Осыдан туындайтын демократиялық процесстердің болжамы қандай деген мәселелерді үкіметтен күтеміз. Кез-келген реформа халыққа пайдалы болуы керек. Бұл реформадан миллиондаған адамдар нәтиже көруі керек. Ол үшін сол жерді тегін бермегеннің өзінде, нарықпен алған күннің өзінде, сол нарықты қайтаратындай 12-15 жылдан кем емес мерзім беру керек. Қаруындағы жердің ақысын біртіндеп төлеуіне жағдай туғызу керек.

Әбіш Кекілбай, әлеуметтік және экологиялық күйзелістердің әлі аяқталмай отырғанына тоқталды.

Біз аймақтық саясатты созбай, саяси партиялардың айтысына салмай халықпен ақылдасуымыз керек. Бала-шағасына асырап отырған халық айтады. Біз бен Сіздей портфельге таласып жүрген саясатшылардың білмейтінін біледі. Осы мәселе де үкімет кез-келген рефоманы асықтыра бермесе екен. Экология мәселесін айтып отырғаныңызға қуанымыз. Бірақ оысыны ойланатын уақыт болды. Семей, Арал деген “язва” бар. Біз әлі де тиын-тебен беріп құтылғымыз келеді. Қазіргі ұрпақты тойғызып, кейінгі ұрпақтың ғұмырын кесу арқылы шешкіміз келеді. Ол жерде әлеуметтік-экологиялық кешенді бағдарлама баяғыдан бері болуы керек еді. Ол жоқ, сөйтіп, ұрпағымыздың денсаулығын онан сайын бұзып отырмыз. Менің қазір Арал мен Атырау деген мәселе қосыла деп қорқып отырмын.

Ал, Мәжіліс депутаты Қайролла Ережепов, бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің жалақысына ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты түзету коэффицентін енгізуді бұған дейінгі болған үкіметтерге ұсынылғанын айтып, осы мәселе жөнінде Үкімет басшысы Даниал Ахметовтің пікірін сұрады. Премьер-министр Даниал Ахметов, бұл мәселе бойынша комиссия құрылып, жұмыс жасап жатқандығын айтты.

Осы мәселенің құны 50 миллиард теңге. Біздің экономика оған дайын ба, оны дұрыстап қарауымыз керек. Алдымыздағы жылда мына мәселені біз шеше алмаймыз. Бірақ экономика алға жылжыса, бұл мәселені басқаша қараймыз.

Мәжіліс депутаты Әбдіжәлел Бәкір, мемлекеттік тілдің ахуалына байланысты сөз қозғады. Оның айтуынша, 1996 жылдан бері Парламентке Үкіметтен бірде-бір заң қазақ тілінде түспеген.

Қазақ тілінің мемлекеттік билік тармақтарында қосалқы тіл болып қалып отырғаны әрбір қазақты ойлантуы керек. Бізде кейінгі кезде бір дәстүр шықты. Парламентке келген министрлер амандасуды қазақша айтып алады да сосын ары қарай түсінікті тілмен орыс тілімен сырғытады. Соңында қош болыңдар дегенді тағы қазақ тілімен айтады. Меніңше, бұл қазақ тілін құрметтеу емес, белгілі бір жағдайда мазақ еткен деп ойлаймын.

Депутат бұл мәселеге Үкімет басшысының мейлінше көңіл бөлуін сұрады. Сұрақтар мен сөз сөйлеушілердің көп болғанына қарамастан демалыс алдындағы соңғы отырыста депутаттар Үкімет бағдарламасына басым дауыспен қолдау көрсетті. Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай, аяқталған сессияда өнімді істердің атқарылғанын айтты.

Жылды жаман аяқтаған жоқпыз. Көптеген саяси мәселелер бойынша өз пікірімізді айқын айтуға мүмкіндігіміз болды. Өз көзқарасымызды халыққа да елге де, елбасына да жеткізе алдық.

Оның айтуынша, заң шығарушы өкілетті орган, кәсіби парламент болу деңгейіне жеткен.
XS
SM
MD
LG