Accessibility links

Франция министрі Назарбаевтың қабылдауында болды.


Қазақстанға ресми сапармен келген Францияның қорғаныс министрі Мишель Аллио Мари 7- шілде күні ҚР-ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды.

Екі мемлекет штаб басшыларының үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Парижде өтетін кездесуінде Қазақстан мен Франция бірлесіп Қазақстан аумағында жауынгерлік оқу-жаттығулар өткізу мәселесін қарайтын болады.

Бұл туралы 7-шілде күні Францияның қорғаныс министрі Мишель Аллио-Мари ханым Алматыда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен өткен кездесуден кейін мәлімдеді. Мишель Аллио-Маридің айтуынша, Франция Қазақстанмен жауынгерлік техника сату арқылы тек әскери-техникалық салада ғана емес, сонымен бірге өнеркәсіп саласын дамытуда да ынтымақтасуға мүдделі.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Мишель Аллио-Мари ханымның кездесуінде Ауғанстан мен Ирактағы ахуалға байланысты мәселелер де сөз болған. Аллио-Мари ханымның хабарлауынша, қазір Кабул қаласында 500 француз жауынгері орналасқан.

Ал елдің шығыс бөлігінде Франция арнаулы қызметтерінің 100 офицері жұмыс істеуде. Кездесу барысында Францияның қорғаныс министрі Қазақстан Президентіне Франция лидері Жак Ширактың хатын табыс етті. Онда Франция президенті екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жақсы дамып келе жатқанын атап көрсеткен.

Бұл- Франция қорғаныс министрінің Қазақстанға алғаш келуі. Мишель Аллио-Мари Қазақстаннан кейін Мәскеуге аттанады деп күтілуде. Онда Франция қорғаныс министрінің Ресейлік әріптесімен және осы елдің сыртқы істер министрімен кездесуі жоспарланған.

Қазақстанға ресми сапармен келген Францияның қорғаныс министрі Мишель Аллио Мари 7-шілде күні сондай- ақ, Қазақстанның қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевпен де кездесті. « Кездесу барысында Франция мен Қазақстан арасындағы әскери саладағы әріптестік мәселелері талқыланды.

Нақтырақ айтқанда, Францияның әскери- техникалық құрылыс саласындағы тәжірибесін Қазақстан қарулы күштері реформасында қолдану мүмкіндігі мен республика әскери мамандарының Франция әскери оқу орындарында даярлану мәселесі пысықталды» деп атап көрсетті өз сөзінде, кездесу соңынан журналистер сауалдарына жауап берген ҚР-ның қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев.

Оның айтуынша, Прагада өткен НАТО-ның саммиті аясындағы кездесуде Қазақстан мен Франция арасындағы әскери саладағы ықпалдастықтың басты бағыттары айқындалған. Сонымен қатар, таратылған ақпаратқа қарағанда, кездесуде мұнан басқа да, Қазақстандық инженерлік- саперлік бөлімдерді Ирактағы тұрақтандырушы күштер құрамында қайырымдылық көрсету шарасына қатыстыру, екіжақты әскери- техникалық комиссия құру мүмкіндіктері, республиканың әскери саладағы материалдық- техникалық қамтамасыздығына септігін тигізу арқылы Қазақстанның бейбітшілік қорғаушы батальонына қолдау көрсету мәселелері сарапқа салынған.
XS
SM
MD
LG