Accessibility links

Келешегі күмәнді кеңес кімге керек?


Мақалада мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер Қазақстанды демократияландыру және азаматтық қоғамды одан әрі дамыту мақсатында құрылған тұрақты істейтін кеңестің жұмысына байланысты өз ойларын ортаға салған.

“Ақ жол Қазақстан” газетінің кезекті санында мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер Қазақстанды демократияландыру және азаматтық қоғамды одан әрі дамыту мақсатында құрылған тұрақты істейтін кеңестің жұмысына байланысты өз ойларын ортаға салған.

Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов аталмыш кеңестің қандай да бір маңызды мәселені шешетініне күмән келтірген. Міне сондықтан да Төлен Тоқтасынов депутат ретінде де, Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының төрағасы ретінде де арнайы шақыру алса да отырысқа қатысудан бас тартыпты.

“Бүгінде тұрақты кеңес халық үшін маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал етеді деп айта алмаймын. Себебі, Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен бұл Кеңес үкімет қарамағына берілген еді. Үкімет құрамынан басшылыққа бекітілген Бауыржан Мұхамеджанов қазір Президент Әкімшілігіне қызметке кетті.

Тұрақты істейтін кеңестің жұмысына күмәнданған екінші себебім, Кеңес бастапқыда бұқаралық ақпарат құралдары, сайлау туралы заңдарға енгізілуге тиіс өзгертулер мен толықтыруларға байланысты бірқатар тиімді ұсыныстар қабылдаған” деген мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Парламент қарауына енгізген немесе енгізуге талпынған бір де бір заң жобасының болмағандығын да тілге тиек еткен.

Мәжіліс депутатының айтуынша, мұны отырыс мүшелері де түгел мойындап отырған көрінеді. Төлен Тоқтасынов мұндай Кеңестің қажеті жоқ деп есептейді. Өйткені, кезінде мәжіліс депутаты Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының атынан Президент, Үкімет және Парламент атына отырыстың елу проценті оппозиция өкілдері, елу проценті Үкімет мүшелері мен үкіметтік мүддені көздейтін өкілдерден құралса деген ұсыныс жасағанымен, ол жүзеге аспай қалған.

Саясаттанушы Петр Своик та тұрақты істейтін кеңес құрылып, бес-алты отырыс өткізгенімен, оның ешқандай да келешегі жоқ деп пайымдайды. Мұның себебін саясаттанушы Петр Своик былайша түсіндіріп өткен: “Қарапайым мысал, сайлауға бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Тұрақты Істейтін Кеңеске білдірген ұсыныстарды Қазақстан Республикасының үкіметі қаперіне де ілмеді” дейді Петр Своик.

Петр Своиктің сөздеріне сенетін болсақ, кезіндегі вице-премьер Бауыржан Мұхамеджанов ұйымдастыру жұмысын да дұрыс жүргізе алмаған. “Мысалы сайлау туралы заңға білдірілген ұсынысты талқылауда Мұхамеджанов заң жобасының жүзеге аспауын қамтамасыз еткен вице-премьер ретінде қызмет етті. Тұрақты істейтін кеңестің болашағы жоқ деуімнің басты себебі осы” дейді саясаттанушы Петр Своик.

Ал, Қазақстандағы адам құқығын қорғау және заңдылықтардың сақталуы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис бұл мәсеге қатысты өз ойын былайша білдіріп өткен: “Меніңше бүгінде президенттік әкімшілікке қызметке ауысқан экс-вице-премьерге өте жақын болғандықтан өткен жылдың соңына қарай құрылған Тұрақты Істейтін Кеңестің ғұмыры біткен тәрізді.

Оның үстіне Кеңестің келесі отырысы үстіміздегі жылдың қыркүйек айына қалдырылды. Тұрақты Істейтін Кеңестің көптеген мүшелері қарсы болғанына қарамастан, комиссия талқыға салған сайлауға және бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заң жобалары кейінге шегерілді. Белгілі себептерге байланысты оппозицияны комиссия отырыстарына қатысуға үгіттей алмауы да Тұрақты Істейтін Кеңестің ғұмырының қысқа болуына әкеп соқтырады” деп аяқтайды өз ойын Қазақстандағы адам құқығын қорғау және заңдылықтардың сақталуы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис “Ақ жол Қазақстан” газетінің кезекті санында.
XS
SM
MD
LG