Accessibility links

Ауғанстан үкіметі бүкіл елді қарусыздандыру науқанын бастамақ


Қабул аймақтық жауынгерлерді қарусыздандырудың екі жылдық бағдарламасын жасап, ол күрескерлерді ауған қоғамына қайта оралту қамына кірісіп отыр.

Бірақ кейбір талдаушылар Мазар-и-Шариф сықылды қалаларда мұндай бағдарламаны іске асыру оңайға соқпас деген пікірде.

Ауғанстанда, соңғы кезде, генерал Абдул Рашид Достумға жақтас топтармен генерал Мухаммад Атта қол астындағы жауынгерлер арасында болған шайқастарда ондаған адам қаза тапты, деп бастайды өзінің сейсенбі күнгі хабарын тілшіміз Фарангис Нажибулла.

Екі қолбасшы да өздерінің ол әрекеттерін "біз орталық үкіметтің аймақтық бүлікшіл топтарды қарусыздандыру жөніндегі жоспарын орындаудамыз", деп түсіндірмек болады.

Тегі өзбек Рашид Достум – Ауғанстандағы ұлттық ислам қозғалысының жетекшісі, өтпелі кезеңдегі президент Хамид Қарзайдың әскери кеңесшісі. Ал этникалық тәжік Мухаммад Атта - Достумның қас дұшпаны, әйгілі Ислам қоғамы тобының әскери қолбасшысы.

Қос қолбасшы Ауғанстандағы үшінші үлкен қала Мазар-и-Шарифке ие болу мақсатында көп жылдардан бері күресіп келеді. Ол екеудің әрқайсысының бақылауында бірнешеден қарулы жауынгерлер тобы бар.

Міне енді Ауғанстан үкіметі, БҰҰның демеушілігімен жасалған жоспар бойынша, сол топтарды қарусыздандыруы керек.

Қорғаныс министрінің орынбасары Гүлзарак Зардан, екі жылдық бағдараламаның бюджеті жөнінде айтпағанымен, генералдар Достум мен Аттаның қол астындағы жауынгерлер де қарусыздануы тиіс топтар тізімінде, дейді. Достумның өкілі Файзулла Закидің айтуынша, Достум өз бақылауындағы барлық күштерді қарусыздандыруға дайын.

"Генерал Достум бір неше ай бұрын қарусыздану үдерісін бастап жіберген саяси тұлғалардың бірі. Өзінің біржақтама шешімімен ол қазірдің өзінде солтүстік аймақтағы бірнеше мыңдаған сарбазды қарусыздандырды.

Бірақ бұл шараға барлық әскери топтар түгел қатыспаса қарусыздану үдерісі ойдағыдай іске аспайды. Ал әзірше солтүстікте және жалпы елдегі қарусыздандыру іс-әрекетін жүргізіп отырған генерал Достум десе болады", дейді генералдың өкілі.

Ал Досумның бәсекелесі Атта болса, "Біз де қарусыздануға дайынбыз. Ол үшін Үкімет, Қорғаныс министрлігі және Қарусыздану бойынша комиссияның тиісті шешімдері болуы керек. Біз қаруларды тапсырамыз, бірақ ел үшін күрескен біздің мужахетдиндерге жұмыс берілуі және басқа да тіршілік-өмірге қажетті жағдайлар жаратылуы тиіс", дейді.

Сонау советтік басқыншылық кезден бері, 25 жылдай, текқана соғысып келе жатқан мужахетдиндердің білімі де, мамандығы да жоқ. Соғысу, шайқасу, атысу олардың күнделікті тірлігіне айналып кеткен.

Генерал Аттаның орынбасары Юнус Залмайдың тілшімізге айтуынша, жауынгерлерді қарусыздандыру ісінде Ауғанстан үкіметі жетекшілік жасауы керек.

"Неге осы кезге дейін қарумен жүрміз? Оларды кімге тапсыруымыз керек? Ол үшін арнайы бағдарлама қажет. Ұлттық армияны қайта құру лазым. Жаңа армияда 70 мың сарбаз болуы жоспарланған, бірақ қазіргі кезде 200 мыңдай қарулы жауынгер бар. Олардан жаңа армияда кімдер қалады, қалғаны қайда барады? Міне осының бәрін үкімет шешуі керек. Сондықтан үкіметтен тиісті шаралар күтеміз", дейді генерал Аттаның орынбасары Залмай.

Қорғаныс министрі орынбасары Задранның айтуынша, Қарусыздану жоспары бойынша мужахетдиндерге жұмыс табуда көмек, арнайы несие қаржылары қарастырылған. Бұл жоспарға Жапония үкіметі 50 млн. доллар қаржы бөліп отыр, бірақ Токио және БҰҰның Қабулдағы кеңсесінен хабарланғанындай, Қорғаныс министрлігінде реформалар болмай тұрып ол қаржы берілмейді.

Бұл арада, Ауғанстан Қорғаныс министрі Фахимді қолбасшылықтағы көптеген негізгі орындарды тәжіктерге және Панжир алқабы азаматтарына берген, деп айыптайды .

Ал Қорғаныс министрі орынбасары Задран, "Біз реформаларды бастап жібердік, олар жалғаса бермек", десе, президент Қарзайдың өкілі, "Қорғаныс министрлігінде жақын арада сегіз басшы алмасады", деген.
XS
SM
MD
LG