Accessibility links

Әлемдегі кедей елдер санының өсе түсуінің сыры неде?


Тұтас әлем бойынша байлық деңгейі өсе түскен сайын кедей елдердің жағдайы одан әрі қиындай түскені аңғарылады. Халықаралық қайырымдылық ұйымдары бұл жөнінде дабыл қағуда.

БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 2000-шы жылғы саммитінде бас қосқан әлемдік басшылар 2015-ші жылға дейін кедейлік, аштық, ауру атаулыға күрес ашу мақсатында ең басты сегіз нысананы белгілегені есте.

БҰҰ жанындағы Даму бағдарламасының биылғы жылға арналған баяндамасындағы мәліметтерге қарағанда- аталған сауалға байланысты жағдай мәз емес. Тек адамдардың күн сайынғы өмір сүру шығынын бір доллардан жоғары көтеруге байланысты ғана ілгерілеушіліктер бар көрінеді.

Оның өзі Қытай мен Үндістандағы жағдайдың жақсара бастауына тікелей байланысты екен. Себебі, бұл екі ел халқын қосып есептегенде, әлем халқының үштен бір бөлігін құрайды. Жер шарындағы барлық елдердің дерлік, біртіндеп ілгері қадамдар жасап келе жатқандығына қарамастан, аталған баяндамада айтылғанындай, әлемдегі 54 елдің жағдайы 1990-шы жылғы деңгейімен салыстырғанда, нашарлап кеткен.

Ол елдердің жиырмасы Африкадағы сахарада орналасқан. 17-сі Шығыс Европа мен ТМД елдері құрамындағы елдер екен. БҰҰ жанындағы Даму бағдарламасы директорының орынбасары Жан Фейбр мырза Азаттық радиосының тілшісі Антуан Блуаға берген сұхбатында бай елдер мен кедей елдер арасындағы айырмашылықтың тым тереңдеп кеткеніне байланысты айрықша алаңдаушылығын білдірді.

“Өткен жылдардағы економикалық және саяси дамулар әлемдік байлықтың қарқындай түсуіне жағдай жасаған еді. Алайда, осыған қарамастан, өткен он жыл ішінде көптеген елдер дағдарысқа ұшырап қалды. Мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек. Осы мақсатта бай елдер одақтасып 2015-ші жылға дейін жүзеге асыруға бірнеше мақсаттарды белгілеген еді”-, деді ол.

Әлемдегі 34 елдегі жағдай СПИД ауруының өрістеуі кесірінен төмендеп кетті. Ал, 21 ел 1990-шы жылмен салыстырғанда одан әрі ашыға түскен. Сол жылдармен салыстырғанда 37 ел бұрынғыдан да кедейлене түскен. Сондай-ақ 14 елдердегі әртүрлі аурулар мен аштықтан көз жұмып жататын балалардың көпшілігі бес жасқа дейінгі сәбилер боп шықты. 12 елде бастауыш білім беру орындарының саны азая түсуде.

Фейбр мырзаның айтуынша, әсіресе, бұрынғы Совет Одағы құрамында болған мемлекеттерде өмір сүру деңгейі күрт түсіп кеткен. Мұндай елдерге қолдау көрсету мақсатында халықаралық қауымдастық, әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылық дақылдарын өндіру, қоршаған ортаны қорғау істеріне көмек беруде. Тағы бір шаралар демократиялық өкімет орнату, адам хұқықтарын қорғау және ұйымдасқан қылмыс пен кемсітушіліктерге қарсы күрес мәселелерінде көмекке келуде.

Адамның өмір сүруіне қолайлы, ең бай 10 мемлекет қатарында Норвегия, Исландия, Швеция, Австралия, Нидерландия, Белгия, АҚШ, Канада, Жапония және Швейцария аталған. БҰҰ жанындағы Даму бағдарламасы мәліметтеріне қарағанда, 2001-ші жылы кедей елдерге көмек 52 миллиард 300 миллион доллар шамасында көрсетілген болса, мұның өзі 2002-ші жылы 57 миллиардқа жеткен екен. БҰҰ жанындағы Даму бағдарламасы бұл көрсеткішті келер жылдарда 100 миллиард долларға көтеруге бай елдерді шақырып отыр.
XS
SM
MD
LG