Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан мұнай өндірісі әлемдік деңгейде алдыңғы қатарға шығады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Канадаға жақын арада жасаған сапарында еліміздің мұнай өндірісі аса үлкен қарқынмен дамиды деп уәде айтты.

Дәл осы тұста Қазақстанның жаңа бас министрі Даниял Ахметов елдің мұнай саласында басымдылық қазақстандық компанияларға беріледі деп әңгіме қозғап қойды.

Қазақстан бас министрі Даниял Ахметов 30-ші маусым күні парламентте сөйлегенде мұнай табыстарын арттыру мақсатында салық заңына өзгеріс еңгізіледі деп мәлімдеді. "Әңгіме іске асып жатқан мұнай келісімдерін қайта қарастыруда емес, бірақ жаңа келісімдер жаңа сипатта жасалынады" делінді. Мұнай кәсіпорындарының салық тәртібіне кейбір өзгерістер 1-ші қыркүйектен бастап іске қосылатыны айтылды.

Даниял Ахметовтың бұл мәлімдемесі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Канадада ауыз толтырып сөйлегінен кейін не бары үш ақ күн өткен соң айтылды, деп жазады "Транзишенс онлайн" интернет-басылымының сарапшысы Марк Берникер.

Қазақстанның екі басшысының сөзі екі жерден шыққандықтан көптеген мемлекетаралық мұнай алпауыттары Канадада айтылған уәдеге сенім танытқан жоқ. Қазақстан президенті Канада сапарында бес күн жүрді, елдің мұнай өндірісі қазіргі жылсайынғы 50 миллион тоннадан 2015 жылға таман 180 миллион тоннаға жетеді деп жар салды. Қысқа мерзімде мұнай өндірісі үш есе арттырылады деген қызылсөз айтылды.

Президент Назарбаевтың аса үлкен сомада шетел инвестициясын тарту жөніндегі ұмтылысын бақылаушылар кейбір шетел компанияларымен пайда болған түсінбеушіліктерді бүркемеулеуге бағытталып отыр деп қабылдайды. Қазақстан басшыларына пара берді деген айып бойынша банкир Джеймс Гифеннің Америка Құрама Штаттарында сот тергеуі өтіп жатыр.

Дәл осы кезеңде Қазақстан басшылары кейбір шетел мұнай компанияларымен тіл табыса алмай қалды. Маусым айында, айталық, Назарбаев Каспий теңізінің Қашаған мұнай алаңында мұнай жұмыстарын жүргізіп жатқан халықаралық консорциуымның іс қарқыны тым баяу деп сын айтты. Бұл консорциум "Эксон-Мобил", "Ройал Датч-Шелл", "Аджип" сияқты компаниялардың басын қосады.

Канада сапарында жүргенде Назарбаев Қашаған ісі саябырлап қалады дегеннен аулақ еді. Қазақстан энергетика министрі Владимир Школьник болса Каспий теңізіндегі мұнай шаруаларында келесі жылдан бастап басымдылық ұлттық "ҚазМұнайГаз" компаниясына беріледі деп жариялады. Шетелдік компаниялар қызуғышылық танытса Қазақстанның мемлекеттік компаниясымен бірлескен жобаларды атқару мүмкіншілігіне ие болады делінді.

Бұл бетбұрысты Назарбаевтың дәл Канадада жариялатқызғанында бір сыр жатыр. Канада мұнай саласында бас серіктес ретінде қарастырылса – бұған "ПетроҚазақстан" деген компанияның септігі тиді. Қызылорда аймағында 1996 жылдан бері "Харрикейн Хайдрокарбонз" деген атумен жұмыс істеп жатқан бұл канадалық компания жақында "ПетроҚазақстан" деп атын өзгертті, жаңаша серпіліске ұмтылды.

Назарбаев 23 маусым күні Канадаға табан тіреген күні "ПетроҚазақстан" Қазақстан мұнайын батыс елдеріне тасымалдауға бағытталған 77 миллион доллар тұратын құбыржолдың құрылысы жөнінде келісімге қол қойды. Ал 29 маусымда "ПетроҚазақстан" Ресейдің "Лукойл" алып мұнай компаниясымен қол қойысып, Ресейдің бақылауындағы "Каспий құбыржолы консорциуымының" шаруасына атсалысуға келісті.

Назарбаевтың Канада сапары қиын жағдайда өткені белгілі. Канада басшылары Назарбаевты қонаққа шақырғанымен, жоғары дәрежеде қызмет көрсетпеді. Канада құқыққорғаушы ұйымдары Қазақстандағы демократиялық ұйымдардың қор болғанын алға тартып, Назарбаевтың атына көп сын айтты.
XS
SM
MD
LG