Accessibility links

Түрмелердегі ВИЧ/СПИД инфекциясының таралуы


Алматыда "Қазақстанның бірқатар аймақтарында орналасқан түрмелердегі ВИЧ/СПИД-инфекциясының таралуына тәжірибелік бақылау" атты дөңгелек үстел өткізілді.

9-шілде күні Алматыда "Қазақстанның бірқатар аймақтарында орналасқан түрмелердегі ВИЧ/СПИД-инфекциясының таралуына тәжірибелік бақылау" атты дөңгелек үстел өткізілді.

АҚШ денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау департаментінің Орталық Азиядағы ауру-сырқаулардың алдын алу және бақылау жөніндегі орталығының бағдарлама басшысы Майкл Фаворовтың айтуынша, аталған шара мақсаты - соңғы екі айда Қарағанды, Павлодар , Батыс және Оңтүстік Қазақстан түрмелерінде жүргізілген бірінші сатылы мониторигтің қорытындысын талқылау болған.

Бұл жоба АҚШ денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау департаментінің Орталық Азиядағы ауру-сырқаулардың алдын алу және бақылау жөніндегі орталығының техникалық , сондай-ақ, АҚШ халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) қаржылық қолдауы негізінде соңғы 3 жыл көлемінде жүзеге асырылып келеді.

Майкл Фаворовтың пікірінше, соңғы жылдары Қазақстанда ВИЧ/СПИД індетінің таралу ауқымы кеңейе түскен. Осы індеттің республика ауқымындағы таралу деңгейін анықтап, оған бақылау жасау үшін ең бастысы, СПИД ауруын жұқтыру мен таратуда қатерлі топқа жататын нашақорлар мен жезөкшелерді тексеруден өткізу қажет. « Негізі, жалпылама тұрғындар арасында осы бағытта жүргізілетін алдын- алу мен күресу шараларынан гөрі, нақтылы топтарға бағытталған шаралар анағұрлым нәтижелі болады.

Мұндай зерттеулерді жүргізу үшін кешенді шараларды жүзеге асыру керек. Біз түрмедегі адамдардың барлығынан бұйыру арқылы қан алып, тексеру жасай алмаймыз. Сондықтан, бұл зерттеулер аясына тек жұқпалы аурулармен айналысатын кәсіби дәрігерлер ғана емес, сондай-ақ, психология мамандары да жұмылдырылды" дейді Майкл Фаворов.

Алда аталмыш жоба аясында тек мониторинг жүргізіліп қана қоймай, Қазақстанның пенитенциарлық жүйесіндегі дәрігерлер мен қызметкерлерді ВИЧ індетін танып, анықтай білуге оқыту шарасы да жүзеге асырылмақшы. Жалпы алғанда, ресми дерек бойынша, Қазақстанда бүгінде 3591 СПИД ауруына шалдыққан науқас тіркелген болса, оның 30 процентін түрмеде отырғандар құрайды. Алайда, Республикалық СПИД- тің алдын- алу мен күрес орталығының эпидемиолог- дәрігері Рысалды Демеуованың айтуынша, аталған жоба аясында жүргізілген зерттеулерде бұл мәлімет нақты дәлелденбеген.

Зерттеуде қамтылған 4 облыс бойынша СПИД- пен ауыратындар саны тек 1 проценттік көрсеткішті ғана шамалапты. «Бірақ алда біз бұл зерттеулерде түрмеде отырған азаматтарды ғана емес, сонымен қатар, уақытша тергеу изоляторларында отырғандарды да қамтуды жоспарлап отырмыз. Сонда осы мәлімет нақтылануы мүмкін» дейді Рысалды Демеуова.

Сондай-ақ, аталған зертттеулер түрмеде отырған СПИД- пен ауыратындар 99 процентінің нашақорлар екендігін тағы да растай түскен. Майкл Фаворовтың айтуына қарағанда, бұл осы жоба аясындағы алғашқы басқосу. Алда тағы бірнеше кездесу өткізу жоспарланған. Қорытындысында, аталған тәжірибелік зерттеулер нәтижесі бойынша дайындалған ұсыныс- пікірлер топтамасы, Қазақстан үкіметі, Әділет және Денсаулық сақтау министрліктеріне жолданатын болады.
XS
SM
MD
LG