Accessibility links

НАТО бас хатшысы Джордж Робертсонды Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады


Шілденің 9-ы күні кешкісін Алматыға ресми сапармен келген НАТО-ның бас хатшысы Джордж Робертсонды шілденің 10-ы күні таңертең Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Алматыдағы резиденциясында қабылдап, 1 сағаттан астам уақыт бойы әңгімелесті.

Кездесуден кейін НАТО –ның бас хатшысы Джордж Робертсон баспасөз мәслихатын өткізді.

- Бүгін тәңертең Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен және Қазақстанның сыртқы істер министрі, қорғаныс министрлерімен кездесіп, кездесулер өткіздік. Бұл кездесулер өте тиімді әрі пайдалы болды. Бұл менің Қазақстанға осымен екінші рет келуім. Алғаш осыдан үш жыл бұрын Қазақстанға келген уақыттан бері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен үнемі телефон арқылы байланысып тұрдық. Өткен қараша айында Прагада өткен НАТО саммиті кезінде де осы саммитке қатысқан Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгімелескен едік. Жалпысы Қазақстан мен НАТО арасындағы қарым қатынасты өте жақсы, жоғары деңгейде деп айтар едім, - деді ол.

НАТО- ның бас хатшысының пікірінше Орталық Азия аймағы НАТО –ның күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе болып табылады. НАТО одағы Ауғанстанда тұрақтылық орнату кезегін өз қолына ала бастаған осы шақта Орталық Азия мәселесінің маңызы тіптен күшті болып отыр. Әр апта сайын кеңейтілген НАТО одағына кіретін 26 мемлекеттің елшілері Ауғанстан мәселесін және онымен көршілес елдердің мәселелерін талқылайтын болды.

Орталық Азия елдері мен НАТО арасында тұрған ең бір маңызды мәселе ол халықаралық терроризм мен халықты жаппай қырып жоятын қаруды тасымалдауға қарсы күрес мәселесі болмақ. Сондықтан да НАТО мен Орталық Азия елдері алдындағы мақсат бір болмақ. Осы мақсатты орындау барысында Орталық Азия елдері арасынан Қазақстанның рөлі айқын да басымдырақ- деді Джордж Робертсон.

- Қазақстан Иракқа арнайы әскери топты аттандыруға келісіп отыр. Қазақстан әскерилері НАТО қолдауымен қазір Иракта жүрген Польшаның әскери бөліміне көмектесетін болады. Біз қазір әлемнің ең бір қиын да қауіпті кезінде өмір кешіп жатырмыз. Сондықтан да НАТО мен Қазақстан арасындағы тығыз қарым қатынас бұндай қауіпті сейілтуге көмегін тигізбекші. Осы орайда Қазақстан әскери тобын Иракқа жіберуге келіскен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан парламентіне алғыс, рахметімді айтқым келеді, – деді НАТО –ның бас хатшысы.

Шілденің 10-ы күні түстен кейін НАТО – ның бас хатшысы Джордж Робертсон Қазақстанның Ұлттық Ғылым акедемиясында «Қазақстан және НАТО арасындағы қарым қатынас, байланыс тақырыбында дәріс оқыды.
XS
SM
MD
LG