Accessibility links

Ауғанстан мен Пәкістанның арасындағы дау терроризмге қарсы соғысқа кері әсер тигізуі мүмкін


Ауғанстан мен Пәкістанның арасындағы түсінбеушілік Исламабад елшілігін астан-кестен шығарумен ұласты.

Жүздеген ауғандық азамат Пәкістан елшілігіне басып кіріп, көзіне көрінген барлығын қиратып тастады. Ауғанстан президенті Хамид Қарзай Пәкістаннан кешірім сұраса да, екі елдің қарым қатынасына үлкен дақ түскендей.

Елшіліктің талқандалуы Пәкістан әскері Ауғанстан шекарасын бұзды деген әңгімеден басталды. Екі елдің биік таудағы шекарасы онсызда ашық-шашық. Ауғанстаннан қашқан Талибан жасақтары осыны пайдаланып, Пәкістанның шеткі аймақтарында, асылы орталық үкіметке бағына қоймайтын аймақтарында бас сауғалап жүр. Пәкістан әскері АҚШ әскерімен бірігіп, террористерді тұсау қамымен Ауғанстан жеріне өтіп кетті деген алып-қашпа хабар Исламабад елшілігін астан-кестен шығарумен ұласты. Сейсенбі күні жүздеген ауғандық азамат Пәкістан елшілігіне басып кірді, көзіне көрінген барлығын қиратып тастады. Есік алдындағы мәшинелерге өрт қойылды, елшіліктің құрал-жабдығы талқандалды.

Ауғанстан президенті Хамид Қарзай Пәкістан президенті Перүез Мұшаррафмен телефон арқылы сөйлесіп, кешірім сұрады. Оқиға күні қолма қол өткізілген баспасөз мәслихатында Хамид Қарзай шабуылға үлкен сөгіс айтты:

- Ауған халқы тәуелсіздігін, шекарасының тұтастығын қорғап отыр. Мында, ел астанасы Қабулда, біз қонақтар мен дипломаттардың қауіпсіздігін қамтимыз, оларға ілтипатпен қызмет атқарамыз. Бұзақылықты кім жасаса да – олар Ауғанстанның досы емес. Олар - біздің жауымыз, ауғандықтардың намысын таптаған жау болып табылады. Бұл шабуылды қатты, өте қатты сөгеміз.

Ауғанстан басшысы қолма қол кешірім сұраса да, сарапшылар елшіліктің тоналуы жақсылыққа апармайды деп отыр. Оған екі елдің шекаралас аймақтарындағы ерекше саяси жағдай, олардың орталық үкіметтерге әзер бағынатыны, ең бастысы бұл аймақта "Әл Қаида" және "Талибан" сияқты террористік ұйымдардың қалдықтары пана тапқаны себеп. Лахор қаласында тұратын белгілі аймақтық сарапшы Ахмад Рашид "Азаттық" радиосына айтқан сұхбатында дағдарыстан аман өту енді Пәкістан үкіметінің ниетіне тәуелді дейді:

- Пәкістан басшылары бұл дағдарысты оң бағытпен шешуге ниет танытпаса, Пәкістанның солтүстік батысындағы шеткі провинцияның әсіре исламшыл үкіметі күшеіп кетеді деген қауіп бар, олар Талибанды одан сайын қатты қолдауы мүмкін. Мұндай жағдайда барған сайын нашарлайтын, күрделенетін жағдайға сөзсіз тап боламыз.

Жалпы, дейді Ахмад Рашид, елшіліктің талқандалуына Солтүстік Бірлестіктің қатысы болуы мүмкін. Ауғанстан қорғаныс минстрлігінде қазір реформа өтіп жатыр. Ауғанстан солтүстігіне ықпал жүргізетін тұлғалардың сөзі қорғаныс минстрлігінде салмақты екені белгілі, сейсенбі күнгі оқиға осыдан да қоздырылуы мүмкін.

Ауғанстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхаммад Рахим Шерзуй болса оқиға екі елдің қатынасына көлеңке түсіре алмайды деген сенімде:

- Пәкістан елшілігін шапқан адамдар Ауғанстанның досы емес. Олар Пәкістан мен Ауғанстанның арасына от қойғысы келеді. Бірақ екі елдің қарым қатынасы мықты, мұндай оқиғалардан зиян тимейді. Біз 2400 шақырым шекараны бөлісіп отырмыз. Шекара бізді барлық сипатта жақын болу үшін біріктіріп отыр.

Пәкістан елшісі Рұстам-Шах Мохнанд Ауғанстан шекарасы бұзылды деген мәліметті жоққа шығарып отыр. Елшілік қазір жабық. Пәкістан жағы өтемақы мен қауіпсіздік кепілін талап етті. Ресми Қабул бұл талаптың барлығы орындалады деп айтты.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG